10
Жұма,
Мамыр

һижри

Егер адам асқазанына харам ас түссе…

Егер адам асқазанына харам ас түссе…

Пәтуа all

Асқазанға түскен бір түйір харам астың зиянын мына хикаядан айқын аңғаруға болады.

Баязит Бистами жас кезінде құлшылықтарынан кейде рухани ләззат ала алмай жүрді. Бірде анасына барып: «Кейде жүрегім перделеніп, өзімді Алладан алыстағандай сезінемін, бірақ, себебі өзіме беймәлім», – деп ішкі дүниесінен хабар береді. Анасы ойланып отырып: «Бір нәрсе менің есімде. Сенің төрт-бес айлық кезіңде сені көтеріп алып, көрші үйге барған едім. Біраз мезеттен соң сен тынбай жылай бастадың. Мен сені уатпақ болған сайын одан бетер жыладың. Ақырында амалым таусылып, үй иесінің рұқсатынсыз саусағымның ұшын қазанындағы сорпасына батырып, саған дәм таттырып едім», – дейді. Бұны естігенде, жігіт дереу анасын жібертіп, көршіден кешірім сұратады. Содан кейін барып Баязит Бистамидің рухани жағдайы түзеліп, жүрегі жай табады.

Бір күні Рабиғаның қызметшісі тамақ пісіріп жатады. Ас даярлау кезінде пияздың қажеттілігі туындайды. Қызметшісі көршіден пияз ала тұруға Рабиғадан рұқсат сұрайды. Алланың әулие құлдарының бірі-Рабиға: «Өзімнің Алладан басқадан ештеңе алмауға серт бергеніме қырық жыл болды. Тамақты пиязсыз-ақ пісіре бер»,-дейді. Дәл сол сәтте шеңгеліне пияз қысып, бір құс ұшып бара жатады. Құс пиязды қоя беріп, тамақ дайындалып жатқан қазанға тастайды. Қызметші қатты қуанып кетеді. Алайда Рабиға: «Бұл құстың пиязды қайдан алғанын мен білмеймін»,-деп тамақтан бас тартып, құрғақ нанды талғажау етеді.

Дәл осындай дәрежеде харамнан жан-жақты тыйылған игілердің бірі Уаххаб ибн Уәрд. Ішіп-жемінің қайдан келгенін біліп алмай, ешнәрсе жемейтін еді. Бір күні анасы оған бір шыны сүт береді. Сүтті қайдан алғанын, ақшасын қалай тауып төлегенін және кімнен алғанын сұрайды. Барлық жағдайды естігеннен кейін бұл сүт сауылған қой қайда жайылғандығын, қоректенгенін сұрады. Түбінде кісі ақысы араласқанын да анықтады. Мұсылмандардың ақысы өткен бір жерде қоректенгенін біліп, сүтті ішпеді. Анасы:
- Ұлым! Алла саған рахмет етсін, іш! – деді.
- Алланың рахметіне күнә істеу арқылы қауышқым келмейді – деп сүтті ішпеді.

Асқазанымызға түскен бір түйір харам астың құлшылығымызға әсер ететінін естен шығармайық!

дереккөз: halaldamu.kz

Бөлісу: