29
Жұма,
Наурыз

һижри

Мұсылман емес ер немесе әйелмен үйленуге бола ма?

Мұсылман емес ер немесе әйелмен үйленуге бола ма?

Пәтуа all

Бұл тақырып аясында шариғаттың мұсылман әйелдің мұсылман емес еркекке, сондай-ақ мұсылман еркектің мұсылман емес әйелге үйленуіне байланысты айтылған үкімдері сөз етіледі. Себебі бұл – некенің шарттары мен үкімдеріне қатысты мәселе.

а) Шариғат бойынша, мұсылман әйелдiң мұсылман емес еркекпен (кітап иелері, яғни яһуди немесе христиан) бас қосуына рұқсат етiлмейді. Егер осындай жағдай кездесiп жатса, онда неке харам саналып, ешқандай үкім жүрмейді. Әрі бұл еркектен туған бала оның тегіне жатпайды. Сондай-ақ олар қайтыс болса, бірбірінен мирас алмайды. Алла Тағала: «Ей, мүмiндер, сендерге мүмiн әйелдер қоныс аударып келсе, оларды сынаңдар. Олардың имандарын Алла жақсы біледі. Сонда егер олардың мүмiн әйел екендігін білсеңдер, онда оларды кәпірлерге қайтармаңдар. Бұл әйелдер оларға халал емес, олар да бұларға халал емес...», – деген. Бұл арада мұсылман қыздардың ата-аналары әсіресе қыздардың өздеріне күйеу таңдауда мұқият болғандары абзал. Ол мүмін бе, кәпір ме, христиан ба, отқа табынушы не буддист пе, ол жағы анықталмаған, нанымы, пікірі сұрастырылмаған адамды өмірлік серік етіп таңдау дұрыс емес. Негізінде, жұбайлық байланыс – қасиетті байланыс. Ендеше, бұл қасиетті байланыстың әуелі жүрек пен сананы қамтығаны игi. Мұсылман әйел діни парыздары мен міндеттерін толық орындауға мүмкiндiк алу үшін, алдымен өмірлік жары ретінде таңдаған адамының дiни наным-сеніміне көңiл бөлгенi жөн. Күнделікті өмірде дінсіз еркектердің өз әйелдеріне әдепті киінуiне тыйым салып, жағажайларда шомылуға арналған киімдерді киюге мәжбүрлеп, ораза, намаз сияқты парызға жататын амалдарды орындауға рұқсат бермей, өздерімен бірге арақ-шарап ішуге, әдепсіз тірлікке, сорақы iстер жасауға итермелейтініне куә болып жүрміз. Әлбетте, мұндайларды діндар, әдептi еркектер санатына жатқызуға болмайды. Әйелі өз күйеуінің мұндай екенін білгеннен-ақ «Бұл еркекке неге тұрмысқа шықтым?» деп ойланғаны дұрыс. Егер оның келбеті, бойы немесе беделіне қызығып тұрмыс құрған болса, сол сипаттарға ие мұсылман жігіттiң де табылары хақ. Ал егер оған, шынымен, көңiлi құласа, онда ол құмарлыққа бойын жеңдірген, иманында әлсіз әйел болғаны...

ә) Негізінде, мұсылман еркекке Ислам дiнiндегiлерден өзге, тек қана кітап иелеріне, яғни яһуди немесе христиан дініндегi әйелдерге үйленуге рұқсат бар. Ал кітап иелерінен басқа дінсіз, будда яки индуизм нанымындағыларға немесе бұтпарас, отпарас және Исламнан қайтқан әйелге үйлену харам. Бұл ескертудiң еркектерге де қатысты екенін атап өткенiмiз жөн. Сол секілді мұсылмандар арасында туып-өскеніне қарамастан, Ислам дініне деген көзқарасы теріс, дұшпандық пікірдегі әйелге үйленуге мүлде тыйым салынған. Үйленуді мақсат тұтқан еркек Алланы және Оның елшісін (с.а.с.) сүйетін, шынайы мұсылман әйелді таңдағаны абзал. Орамал тартуды жек көретiндiктен, шариғат киімдерінен бас тартып, оны ескіліктің нышаны деп бағалайтын әйелден жақсылық күтуге болмайды. Әлбетте, мұсылман отбасында дүниеге келгенiне қарамастан, Алла Тағаланы, Оның елшісін (с.а.с.), дінін, үкімдерін қастерлемеген әйел мұсылман адамға жар бола алмайды. Өмірлiк жолдас болуға лайықты жар таңдарда жаңылмас үшiн мұндай әйелден аулақ болған жөн. Қателесудiң ақыры орны толмас өкiнiшке апарары шындық. Жоғарыда кітап иелерінен болған әйелдерге үйленуге шариғат бойынша рұқсат етiлетіні айтылды. Дегенмен бұл мәселені айқындап, түйінін тарқатып түсіндіру қажеттілігі туындайды. Негізінде, яһуди мен христиандарға үйлену, қалай болғанда да, мәкруһ (яғни жақсы емес). Үйленуге мүмiн әйелді таңдау одан гөрі абзал. Шариғат бойынша, кітап иелері бiрнеше шарттарға сай болғанда ғана оларға үйленуге рұқсат етiлген. Егер аталмыш шарттар толық болмаса, онда неке харам болып табылады.

Ендi сол шарттарға толығырақ тоқтап өтелiк:

1) Кітап иелерінен деп танылған әйел, ақиқатында да, нағыз кітап иесінен болуы шарт. Яғни нанымы бойынша яһуди немесе христиан дiнiн ұстануы мiндет. Егер бұл әйел дінін тастаған дінсіз немесе будда яки индуизм нанымына ерiп кеткен болса, оған үйлену харам. Мұндай келеңсiздiктерге Батыс елдерінде білім алып, сол жақтан үйленбекші болғандардың ұрынып жататыны шындық. Үйленетін еркек мәкруһ болса да, некелері дұрыс болуы үшін өзi таңдаған әйелдің не шынайы христиан немесе яһуди дiнiнде екенін анықтап алуы қажет.

2) Еркектiң шын мәнінде иманы кәмiл мұсылман болуы шарт. Яғни кітап иелерінен болған әйелі балаларының дініне, ислами мінез-құлықтарына әсер етуіне жол бермеуі керек. Өйткенi өзі дүниеден өткен жағдайда, балаларының жай-күйі не боларын алдын ала ойластырғаны жөн. Кез келген мұсылман адам кәпірлер арасында тұратын өзге де мұсылмандардың не күйге түскендерiн ұмытпауы қажет. Тiптi олардың арасында құмарлық жетегiмен Батыс елдерiнде отау тігіп, сол қоғамға сiңiп кеткендiктен, өз діндерін ұмытқандары да баршылық. Осының салдарынан олар болашағына залал тигiзiп, өз кiндiгiнен өрбіген балаларына ие болмай қалып жатады. Мiнеки, осындай қателіктер кесiрiнен атасы мұсылман, бейкүнә сәбилер кәпірлердің ұрпағына айналады. Сондықтан мұсылманның ұрпағы өзге дін өкілі есептелген анасының дініне өтіп кету қаупі бар болған жағдайда кітап иелерінен болған әйелге үйленуге тыйым салынады. Қорыта айтқанда, шариғат бойынша мұсылман емес әйелге үйлену игi iстерден емес. Керісінше, мұсылман ер қандай болғанда да мұсылман әйелге үйленгені абзал. Мұсылман әйел әрқашан күйеуіне сенімді жар, балаларына мейiрiмдi ана болары хақ. Алла Тағала: «Иман келтіргенінше мүшрік әйелдерге үйленбеңдер! Шындығында, азат мүшрік әйелден, тіпті ол саған ұнаса да, иманды күң әйел жақсырақ...», – деген.

материал «Жұбайлар шаттығы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: