Атыс-шабыс, зорлық-зомбылық, кісі өлтіру секілді көріністерді жиі көру көрерменді де бірте-бірте сондай қатыгездікке бейімдейтіні бүгінгі күні дәлелденген шындық.
Психологтардың пікірінше мұндай киноларды жиі көретін балалардың бойында басқаға деген жанашырлық сезімі төмен болады. Яғни тек қана қара күштің көмегімен мақсатына жететін бас кейіпкерлерге еліктеген сайын қатыгездік белең алып, қиналып жатқан кісінің жағдайына эмпатиямен қарай алмайды. Ал, «суперкүшке» ие кейіпкерлер (мысалы, спайдермен, бэтмен, супермен, т.б.) жайлы фильмдерді баламен бірге көрген абзал. Себебі, ол үрейленген кезде жанында сенімді адам барын, жалғыз еместігін сезінеді, сол арқылы ішіндегі қорқынышы тарқайды.
Болмаса кино көргеннен кейін сөйлесіп, фильмдегі түрлі монстарлар мен құбыжықтардың қиялдан туғанын, жәй ғана актерлардың керемет ойыны екенін түсіндірген жөн. Өйтпеген жағдайда балалар өз қиялында үрейлерін тіпті үлкейтіп алуы мүмкін. Ал бұл өз кезегінде оның психикасына кері әсер етеді. Тіпті отбасымен қарауға арналған фильмдердің өзінде жантүршігерлік көріністер, зәреңді ұшыратын музыка мен агрессивті компьютерлік спецэффектілер көп. Оны көруге кеткен уақыттың зая екенін ұмытпаған жөн. Ал ысырап – Алла сүймейтін іс.
Бұл туралы Құран Кәрімде: «Ысырап етпе, сөзсіз ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ» деп ескертілген. Мұндай сюжетті фильмдердің адам психикасы мен мінез-құлқына кері әсер ететінін психологтар жиі айтуда. Сол себепті Ислам дінінде адамның ағзасына, санасына, мінез-құлқына, іс-әрекетіне, уақытына зиян тигізетін істерге тыйым салынған.
материал «Күнделікті діни сауалдарға жауаптар» кітабынан алынды,
ummet.kz