Шариғат бойынша дәреті жоқ, жүніп, хайыз және нифас адамдар Құранды қолмен ұстамайды. Оған мына аят дәлел: «Оны (Құранды) тазаланғандар ғана ұстайды»[1], – делінген.
«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құранды таза адам ғана ұстайды», – деген. Бірақ мұқабасы қапталған Құранды ұстауға рұқсат етіледі. Сахаба Әбу Уаил Құран кітабын әкелу үшін Әбу Разинге хайыз болып жүрген қызметшісін жіберген. Сонда ол (қызметші әйел) Құранды таңғышпен ұстап (алып келген)[2]. Хайыз, жүніп және нифас жағдайындағы адамдар Құран оқымайды[3].
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Хайыз және жүніп жағдайындағы адам Құраннан ештеңе оқымайды», – деген[4]. Ал Әзіреті Алиден жеткен хадисте: «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құран оқуына жүніп хәлден тыс ешнәрсе бөгет болмаған»[5], – деп айтылған. Имам Тахауи: «Бір аятты екі бөліп оқыса болады», – деген. Ибраһим ан-Нахағи: «Бір аят оқыса да, ештеңе етпейді», – деп, пәтуа берген.
«Әл-мухит» кітабында: «Үзірлі және зәру жағдайларда хайыз болған әйел Құран аяттарын дұға, зікір ретінде немесе біреуге әріптеп үйрету ниетімен оқыса, рұқсат етіледі», – делінген[6]. Малики мәзһабында хайыз болған кезде үйренуші мен үйретушінің жағдайы бөлек қарастырылады, яғни оларға Құран оқуға және оны ұстауға рұқсат етіледі. Өйткені, Құран оқымау оны ұмытуға алып барады және үйретуші мен үйренушіге өзіндік залалын тигізеді. Сондай-ақ хайыз бен нифас жағдайындағы әйелдерді жүніп адаммен салыстыруға болмайды. Жүніп адам ғұсыл алып тазалануы мүмкін, ал хайыз бен нифас жағдайындағы әйел кісі белгілі мерзімі бітпей, тазалана алмайды.
Мысыр пәтуа орталығы бұл мәселе жөнінде мынадай тұжырым жасайды: «Тартысқа себеп болмау үшін және Алланың кітабын құрметтеу мақсатында хайыз және нифас кезінде Құранды оқу, ұстауға тыйым салынады деген үкімге тоқталған жөн. Бірақ кейбір жағдайларға байланысты, яғни Құранды жаттау, оқыту және сабақ беру кезінде Құранды ұстауға және оқуға қажеттілік туындаса, онда малики мазхабының үкіміне жүгінуге рұқсат етіледі[7].
ҮКІМ:
Хайыз және нифас кезде әйел-қыздардың Құранды ұстауы, оқуы – харам. Бірақ мына жағдайларда рұқсат етіледі:
- Құранға қарап және ұстамай, әріптердің дыбысын шығармай (оймен) оқудың оқасы жоқ.
- Хайыз және нифас жағдайда аяттарды дұға ниетінде оқуға, әр аятты бөліп-бөліп немесе сөздерді жеке-жеке айтуға рұқсат етіледі. Ал қажеттілікке байланысты, яғни мешіттен тыс оқу орындарында сабақ және емтихан (сынақ) кезінде Құранды ұстамай, ауызша оқудың айыбы жоқ.
ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі
[1] «Уақиға» сүресі, 79-аят.
[2] Бухари риуаят еткен.
[3] «Әл-Һидая», Китаб ат-таһарат, 1/143.
[4] Тирмизи мен Ибн Мажә риуаят еткен.
[5] Әбу Дәуіт мен Нәсаи риуаят еткен.
[6] «Фатху баб әл-ғиная би шархи китаб ан-нуқая», 1/242-243.
[7] «Дар әл-ифта әл-мисрия», №2841.