Исламдағы аңшылық үкімі

Исламдағы аңшылық үкімі

Пәтуа

Шариғатта аңшылыққа рұқсат берілген. Ол туралы Құран Кәрімде: «Олар сенен (азық түрлерінен) ненің адал екенін сұрайды. Оларға былай деп айт: «Сендерге таза әрі денсаулыққа зиянсыз азық атаулының бәрі адал етілді. Алланың сендерге үйреткені бойынша, аң аулауға баулыған жануарларыңның аулағандарын жеңдер. Оларды аңға салғандарыңда, «бисмиллә» деп Алланың атын атаңдар...»[1], – деп айтылған.

Жоғарыдағы аяттың арабша нұсқасындағы «жауарих» (үйретілген жануар) сөзінің екі мағынасы бар. Біріншісі, тура мағынада азуымен немесе өткір тырнағымен жарақаттаушылар. Екіншісі, еңбектену деген ауыспалы мағынада қолданылады. Яғни аңшы еңбектеніп, аңды жарақаттап барып аулайды[2]. Сондықтан азу тісті жыртқышпен және өткір тырнақты құстармен аңшылық жасауға рұқсат етіледі[3].

Әбу Ханифаның пікірінше, аң аулайтын жануардың қолға үйренгенін аңшы анықтайды[4].

Ауланатын аңдар еті желінетін және желінбейтін болып бөлінеді. Бұл ретте, еті жеуге жарамды аң қорек ретінде пайдалануға, ал жеуге жарамсызы терісін, жүнін, қауырсынын, мүйізін кәдеге жаратуға немесе зардабынан сақтануға ауланады[5]. Алайда аңды әншейін бекершілік, ысырап үшін аулау «макрух таһрими» болады. Сонымен қатар, «Қызыл кітапқа» енген, яғни, жер бетінен жоғалып кету қауіпі бар аңдарды да өлтіруге болмайды.

Жан-жануарлар төлдеп, көбейетін кезде де аң аулауға тыйым салынады. Жануарды баласынан немесе анасынан айырып, обалына қалуды шариғат құптамайды. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сауынды малды бауыздама», – деп ескерткен.

«Тануиру әл-Абсар» кітабында аңшылық тақырыбына қатысты: «Ермек үшін болмаса оған (аңшылыққа) рұқсат» деп айтылған. Сондай-ақ кәсіп ретіндегі аңшылыққа да рұқсат[6]. Имам Әз-Зухайли «әл-Фиқһ әл-Ханафи әл-Муяссар» кітабында Ханафи фиқһ кітаптарына сүйене отырып, аңшылықтың сегіз шартын көрсеткен:

1. Аңшы жануар мен құсты жіберер алдында және оқты атар алдында «Бисмиллаһ» деп айтуы керек. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Адий ибн Хатимге былай деді: «Итіңді жіберер алдында Алланың есімін айтқан болсаң, онда (итің аулағанын) жей бер»[7]. Егер «Бисмиллаһ» сөзін  ұмытып кетсе, оқасы жоқ. Бірақ «Бисмиллаһ» сөзін әдейі айтпаса немесе айту керек екенін білмесе, бұл аң адал емес»;

2. Ит, құс немесе сол секілді аңға салатын басқа да жануар үйретілген болуы тиіс. Ол иесі жіберсе аңға ұмтылып, шақырса қайтып келуі керек. Ит немесе аңды ұстаған жануар ұсталған аңды жесе, аң харамға айналады. Ал құс аңды аулағаннан соң жесе, адал саналады;

3. Үйретілген жануар немесе құс аңды жарақаттау керек. Яғни, қолмен бауыздаған секілді қан ағызуы міндет. Аң мына жағдайларда арам болады: - аң жануардан қашамын деп қандай да бір затқа соғылып өлсе; - аңға салған жануар буындырып өлтірсе; - аулаған аң қолға үйретілмеген болса; - аңшы мажуси болса; - «Бисмилла» сөзі әдейі айтылмай жіберілген екінші бір жануар аңды ұстауға серіктессе.

4. Аң адал болу үшін жануарды жіберген адам мұсылман яки әһли-кітап (христиан немесе еврей) дінінде болуы керек. Ал егер муртад (діннен шыққан), пұтқа және отқа табынатын немесе атеист болса, ұстаған аңы желінбейді;

5. Ұстайтын аң қолға үйренбеген, жабайы аң болу керек. Ауланып жатқан аң көзден таса болмауы қажет және аңшы артынан қуып отыруы шарт. Себебі Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзден таса болған аңды аулауды құптамаған. Хадисте: «Бәлкім оны басқа аңдар өлтірген шығар»[8] деген. Екінші бір хадисте: «Сен садақ атып өлтіргеніңді көзіңмен көрсең, ол аңды же. Ал өлтіргеніңді көзіңмен көрмесең, жеме»[9] деп айтылған;

6. Аңшы ұсталған аңға тірі кезінде жетсе, міндетті түрде бауыздауы керек. Себебі аңшының бауыздауға мүмкіндігі бар. Мұндай сәтте жарақаттау есепке алынбайды. Тірі болу дегеніміз: аң жарақат алғаннан соң бір күндей өмір сүре алуы. Егер аң жарақат алғаннан соң қашуды жалғастырып, көзге көрінбей кетсе, аңшыға аңның артынан қуу міндет. Аңды қуа отырып оған өлі күйінде жетсе, аң адал болады. Ал аңды жарақаттаған соң көзден жоғалған аңды іздемей, кейін өлі күйінде тапса, аң арам болады. Егер аң жарақаттанып суға түсіп өлсе, жеуге жарамсыз. Сондай-ақ жарақат алған аң төбеден құлап, соқтығып өлсе, ол аң арам саналады. Ал ешқандай затқа соғылмай жерге бірден құласа, адал болып есептеледі;

7. Аң аулауға арналған қару өткір, жарақаттайтын болу керек. Сондықтан қарудың жарақаттап кесуінен аң өлсе – адал. Қару мәселесінде қағида мынадай: «Аңның өлімі нақ жарақаттаумен болса, аң адал болады. Ал аңның өлімі жарақатсыз нақ соққыдан болса, аң арам болады. Егер күмәнді жағдай болса, сақтық ретінде аң арам болып есептеледі»;

8. Аңның үзіліп түскен бөлігі желінбейді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тіріден бөлініп қалған нәрсе, ол – өлексе»[10] деген. Себебі үзілген жерінен басқа жері әлі тірі, үзіліп түскен жері арам болады.

Аңды атқан кезде бірнеше бөлікке бөлініп түссе төмендегідей жағдайлар қарастырылады:

-  Егер аңды атқанда үшке бөлініп түссе және оның көп бөлігі артқы жағы болса немесе басы екіге я көпке бөлініп түссе, бұл жағдайдың бәрінде аңды жеуге болады.

 -  Егер аң екіге бөлініп түссе, оның көп бөлігі бас жағында болса, аң желінбейді. Себебі оның өмір сүру мүмкіндігі бар[11].  

ҮКІМ:

1. Аңшы аң аулау немесе оқ атар алдында «Бисмилла» сөзін айтуы тиіс. «Бисмилла» сөзін әдейі айтпаса, ол аң адал емес.

2. Аңды ермек үшін аулау макруһ таһрими болып танылады.

3. Аң аулаушы кісі мұсылман не әһли-кітап болу керек. Діннен шыққан, пұтқа немесе отқа табынатын және атеист адамның аулаған аңын жеуге болмайды.  

4. Аң аулауға арналған қару өткір, жарақаттайтын болу керек. Қарудың жарақаттап кесуінен аң өлсе, адал, ал соққыдан өлсе, арам саналады.

5. Шариғат тұрғысынан рұқсат етілген аңдарды аулауға заңмен тыйым салса, басшыға бағыну уәжіп.

ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі


[1] «Маида» сүресі, 4- аят.

[2] Канзу дақаиқ-Сайд: 364

[3] Такмилатул Бахр Райқ 8-445.

[4] Рамз әл-Хақайқ 2-398.

[5] Фиқһул Ханафи әл-Муяссар 1-том, 402-бет.

[6] Әл-Баззазия.

[7] Бухари.

Бөлісу: