19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

«Медресе ұстазы» деп тараған ақпаратқа қатысты ҚМДБ мәлімдемесі

«Медресе ұстазы» деп тараған ақпаратқа қатысты ҚМДБ мәлімдемесі

Пәтуа

Жақында КТК телеарнасының «Астарлы ақиқат» бағдарламасының «Талақкер 2020» атты көрсетілімінде Нұргүл Сейтмахамбет есімді келіншектің намысы мен абыройы қорланғаны туралы басынан кешкен оқиғасы жарыққа шықты.

Нұргүл Сейтмахамбет өздерін дінтанушы және медресе ұстаздары деп таныстырған бұрынғы күйеуі Есей Сәлімбай Амангелдіұлы мен оның әкесі Амангелді Шораұлынан көрген қорлығын және зардабын ашып айтты.

Аталған бағдарламада Есей Сәлімбай Амангелдіұлы Шымкент қаласының «Тассай» медресесінің ұстазы және Сарыағаштағы медресенің қызметкері деп көрсетілген.

Ал Есей Сәлімбайдың әкесі Амангелді Шораұлы, яғни, Нұргүл Сейтмахамбеттің бұрынғы қайын атасы Шымкенттегі танымал молда әрі «Қамар» мекемесінің директоры және республикалық қайырымдылық мекемелердің төрағасы деп көрсетілген.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдейді:

- Н.Сейтмахамбетке талақ берген Есей Сәлімбай Амангелдіұлы мен оның әкесі Амангелді Шораұлының Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына ешқандай қатысы жоқ, ҚМДБ штатында қызмет атқармайды және оларды медресе ұстаздары деп айтуға негіз жоқ.

- Аталған бағдарламада айтылған Шымкент қаласындағы «Қамар» және «Тассай» мекемелері «Алшаң Жібек жолы» қайырымдылық қорлардың ассоциациясына қарасты және оларды медресе деп атау негізсіз. 

- Сондай-ақ, ҚМДБ қарасты «Сарыағаш» медресе-колледжінде Есей Сәлімбай Амангелдіұлы есімді тұлға қызмет атқармаған.

Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми оқу орындарына қатыстылығы жоқ мекемелердің қызметкерлерін ҚМДБ медресе ұстаздары деп қабылдамауды сұраймыз.

Мүфтият жүйесіндегі ресми медреселерге және ҚМДБ штатында қызмет атқаратын ұстаздардың абыройына негізсіз күмән туғызатын мәліметтерге сүйеніп, Мүфтият қызметкерлеріне қатысты шындыққа сай емес қауесеттерге жол беру ақиқатқа қайшы.        

 Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы

Бөлісу: