07
Дүйсенбі,
Қазан

һижри

Жыртқыш хайуандарды неліктен жеуге болмайды?

Жыртқыш хайуандарды неліктен жеуге болмайды?

Пәтуа

Жұмыр жердегі барша нәрсе адамзат баласының игілігі үшін жаратылған. Жер қойнауындағы пайдалы қазбалар, көкте ұшқан құс, жерде жүгірген аң, алуан түрлі жеміс-жидек барлығы құдіреті күшті Алла Тағаладан пенделеріне берілген.

Бұл жайында Құран Кәрімде: «Ол – жердегі (яғни, жердің асты-үстіндегі) бүкіл нәрсені сендер үшін жаратты» деп айтылған (Бақара сүресі, 29 аят).

Міне осындай ағыл-тегіл нығметті берген Жаратушы Иеміз адам баласының игілігі үшін шариғи тұрғыдан адалынан һәм тазасынан жеуді, қоректенуді бұйырды. Үкімі арам, нәжіс болғандарға жоламауды әмір етті.

«Уа, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің адал һәм таза, зиянсызынан жеп-ішіңдер!» («Бақара» сүресі, 168-аят).

«Алланың сендерге ризық етіп бергендерінен адал һәм таза, зиянсыз болған күйінде ішіп-жеңдер!» («Мәида» сүресі, 88-аят).

Ислам діні кісіні материалдық және рухани тұрғыдан неше қилы зарардан қорғау үшін бірнеше қағидаттар жүйесін қалыптастырған. Кісіге, денсаулығына зиян тигізетін зиянды, адам табиғатына жат, лас, жеркенішті дүниенің баршасына тыйым салған. Кісінің тамақтануына, оның адал һәм таза болуына ерекше назар аударған. Тіпті азық ретінде желінетін хайуанның қоректенуіне, оның табиғатына айрықша мән берген. Бұл жөнінде Құран Кәрімде бірнеше аяттар бар. Мәселен:

«(Уа, Мұхаммед!) Олар сенен (азық түрлерінен) ненің адал екенін сұрайды. Оларға: «Сендерге таза, зиянсыз (азық атаулының) бәрі адал етілді» деп айт!» («Мәида» сүресі, 4-аят)

«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе ризық етіп бергеніміздің таза, зиянсыз болғанынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 172-аят).

«Оларға таза, зиянсыз болғандарды адал етіп, лас, зиянды болғандарды арам етеді» («Ағраф» сүресі, 157-аят).

Ислам ғұламалары жалпы хайуанды еті жеуге жарамды және ету жеуге жарамсыз деген екі үлкен категорияға бөлген. Еті жеуге жарамсыз хайуандардың категориясына жыртқыш аңдар және жыртқыш құстар да кіреді. Шариғатта жыртқыш аңдар деп азу тістілер, ал жыртқыш құстар деп тұтқыр тырнақты құстар меңзеледі. Азу тістілердің қолға үйренген ит, мысық секілдісі болсын немесе арыстан, жолбарыс, қабылан, қасқыр, қорқау т.б жабайылары болсын ханафи мәзһабы бойынша бұлардың ешбірі жеуге келмейді. Ханафи мәзһабының ғұламалары сүйенген негізгі дәлелдер пайғамбар Мұхаммед Мұстафадан (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) жеткізген мына бір хадистер.

«Жыртқыштардың ішіндегі кез келген азу тістісі(нің еті) арам» (Имам Мәлік жеткізген).

«Жыртқыштардың ішіндегі кез келген азу тістісі(нің етін) жеу арам» (Имам Мүслім жеткізген).

«Алла Елшісі (с.а.у.) жыртқыштардың ішіндегі кез келген азу тістісі мен жыртқыш құстардың тұтқыр тырнақтысының (етін жеуге) тыйым салды» (Имам Мүслім жеткізген ).

Қорыта келе жыртқыш аңдар мен құстардың етін жеуге жарамсыз болуына жоғарыда келтірілген аяттар мен хадистер дәйекті дәлел. Сол үшін шариғат бойынша жыртқыш хайуандардың етін жеуге болмайды, яғни етіне харам деген үкім беріледі. Дұрысын Алла біледі.

Бауыржан Әлиұлы,

halaldamu.kz

Бөлісу: