26
Жұма,
Сәуір

һижри

Арыстанбаб пен Салман Фарси бір адам болған деген дерек рас па?

Арыстанбаб пен Салман Фарси бір адам болған деген дерек рас па?

Ислам тарихы

Арыстанбаб жайында халық ішіне тағы бір кең тараған аңыз – оның Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) сахабасы екендігі. Бұл туралы ясауитанушы ғалым Жақып Алтаев:

«Халық арасында таралған бір аңызда Арыстанбаб Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болумен қатар, Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың аманатын тапсырушы деп есептеледі. Ол туралы аңызда былай делінеді: «Бірде Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарға Жебірейіл періште бір табақ құрма алып келеді. Бір құрма табақтан жерге түсіп кетеді. Жебірейіл періште ол құрманы алып пайғамбарға: «Мына құрманы өзіңізден 400 жыл кейін келетін, сіздің ісіңізді әрі қарай жалғастыратын үмметіңізге аманат етіп қалдырыңыз», – дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларын жиып, бұл аманат құрманы кім жеткізе алады? – деп, олардан сұрайды. Сахабалардың ешқайсысы «мен жеткізер едім», – деп шыға қоймайды. Себебі ешқайсысы да өзінің 400 жыл өмір сүреріне сенімді емес еді және бір жағынан, сынап тұрған болар деп, күдіктеніп тұрғанда мұның Алла Тағаланың әмірімен болып тұрғанын жүрегімен сезген Арыстанбаб: «Егер өмірім жетсе, аманатыңызды мен жеткізер едім, бірақ ғұмырым өлшеулі әрі оны қайдан табамын», – дейді. Пайғамбар (с.а.у.) разы болып: «Өміріңізді Алла Тағала жеткізеді. Үмметімді Ислам діні тараған елдердің шығысынан іздеу керек. Ол баланың белгісі медреседен қайтқанда кітабын төбесіне қойып, артымен теріс қарап жүреді және ол аманатын сізден өзі келіп сұрайды», – деп жауап қайтарады.

Мұхаммед (с.а.у.) айтқандай, Қожа Ахмет жеті жасқа келгенде Арыстанбабты өзі танып: «Баба! Аманатымды беріңіз», – деп кездескен жерде бірден ұстай алады. Арыстанбаб 400 жыл бойы тісінің қуысына сақтаған құрманы балаға ұсынады. Қожа Ахмет кідірместен құрманы аузына салып жібереді. Сонда Арыстанбаб: «Балам, аманатыңды 400 жыл сақтағанда «дәм татыңыз» деп мезірет те қылмадың ғой», – дейді. Қожа Ахмет болса: «Сіз маған құрманың маңызын сорып, сүйегін берген жоқсыз ба?» – деген екен.

Содан зерек баланы сопы Арыстанбаб өзіне шәкірттікке алады.
Жеті жаста Арыстанбабқа қылдым сәлем, 
Осы халде мың зікірін қылдым тәмем...       
Құрма беріп, басымды сипап, назар қылды   
Мектеп барып, қайнап толып, тасыдым, міне, – деп жазады бұл туралы кейін Ахмет Ясауи», - деп жазады.

Аңыз бұл сахабаның ұзақ өмір сүріп, кейіннен Арыстанбаб атанған Салман Фарси болғандығын айтады. Арыстанбаб туралы жазылған кітаптардың барлығында осы дерек келтіріледі. Алайда, Ислам тарихынан хабардар қауымның бәрі атақты сахаба Салман Фарсидің қиссасын жақсы біледі. Оның ақиқат дін іздеп, сонау парсы елінен Араб жазирасына жетіп, Пайғамбарды (с.а.у) табуы, кейін Ислам жолында қызмет етуі, Омар иб Хаттабтың халифалығы тұсында мұсылман әскерімен бірге Парсы елінің астанасы Мадаин қаласына дейін келіп, сонда өмірден өтуі мұсылмандар жадынан ұмытылмас тарих. Бүгінде қазіргі Ирак топырағында Салман Фарси қабірінің басында мавзолей әрі оның атында мешіт бар. Осының өзі Арыстанбаб жайында бізге жеткен «сахаба» деген сөздің жалғандығын көрсетсе керек. Тарихшы Мұхтар Қожа халықтың бұл тұлғаларды шатастыру себебін екеуінің де сопылық іліміне қосқан үлесімен байланыстырады. Әйтпесе, Салман Фарси мен Арыстанбабтың арасында төрт ғасыр жатқаны белгілі. Әрі егер осындай аманат қалатын болса, бізге жеткен Пайғамбар хадисінде бұған қатысты анық сөздер болар еді.

Арыстанбабтың әулиелігіне сенген халық бұл оқиғаларды кейін Пайғамбармен тікелей байланыстырғысы келгеннен ойлап тапса керек.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: