05
Жексенбі,
Мамыр

һижри

Тозақтықтардың тамағы қандай болады?

Тозақтықтардың тамағы қандай болады?

Ислам тарихы

Тозақтықтар түрлі тәсілде, тағамдары мен сусындары арқылы азапталады. Алла тағала: «Олардың ащы, сасық тікеннен басқа ешбір тамағы болмайды. Ол семіртпейді де, аштықты да баспайды»; «Шынында, заққұм ағашы – күнәкарлардың тамағы. Ол қарындарында балқыған кен сияқты, ыстық судың қайнағанындай қайнайды», – дейді.

Пайғамбар (с.а.с.) тозақтағы сол бір ағашты сипаттап: «Егер заққұм ағашынан дүние мекеніне бір тамшы тамса, жер бетіндегілердің тұрмыс-тіршілігін бүлдірер еді», – деген.

Тозақ тұрғындары аштыққа шыдай алмай, аталмыш заққұм ағашынан жеуге мәжбүр болады. Жеуін жегенмен, іштерін күйдіріп бара жатқан соң, оның зәрін басу үшін ішер су іздеп әуреге түседі. Сол кезде оларға қайнап тұрған су беріледі. Бұл жайлы Құранда: «Сосын оларға қайнап тұрған судан сусын беріледі»;

«Оның үстіне, қайнап тұрған судан ішесіңдер және шөлдеген түйеше сіміресіңдер. Міне, олардың Қиямет күнгі сыйлықтары»; «Қайнап тұрған су беріліп, ішектері туралғандар»; «Егер олар (су сұрап) жалбарынса, еріген кен тәрізді беттерді қуыратын бір су беріледі. Ол нендей жаман сусын және (тозақ) нендей жаман орын», – деп айтылған.

Сондай-ақ олардың тағамдарының бірі – ғислин және ғассақ. Ғислинді тәпсіршілер тозақтықтардың денелерінен аққан қанды ірің десе, ғассақты заһарлы, улы су деп түсіндіреді. Алла тағала: «Ғислиннен басқа ешбір тамағы жоқ. Оны күнәкарлар ғана жейді».

«Міне, осы! Енді олар қайнап тұрған су мен ғассақ татсын! Тағы да басқа осы сияқтылардың неше түрлісі бар», – дейді. Тозақтағылар алуан түрлі өлімші жағдайларды бастан кешіп, жан азапқа түсіп жатқанымен, олар өлмейді. Отқа қақталып, күйіп жанады. Алла тағала: «Олардың терілері жанған сайын азапты тата түсулері үшін оны басқа терілерге ауыстырамыз», – деген.

материал «Ақырет өткелдері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: