29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Сарымсақ туралы хадистерде не айтылған?

Сарымсақ туралы хадистерде не айтылған?

Ислам тарихы

Әдетте тұмау тигенде, не болмаса ас мәзірінде қолданылатын сарымсақтың емдік қасиеті мол екенін біле бермейміз? Ал оның Құранда да, хадистерде де айтылатындығына көңіл аудардыңыз ба? Әр ісі хикметке толы Хәкім Раббымыз сарымсақты да адам баласына өте пайдалы етіп жаратыпты.

Алла Тағала Мұса пайғамбар (а.с.) қауымын түрлі сынаққа салып, 40 жыл шөлде қаңғыртқаны белгілі. «Көктен бізге тамақ түссін» дегенде, оларға үнемі бөдене еті мен мәннә шырыны түсіп тұрған. Бірақ біршама уақыттан кейін әлгі қауым қайта баяғы әніне басады. Өздері бұрын көп тұтынған көкөніс түрлерін, жеңсік астарын аңсайды. Тамақтың бір түрінен жалыққандарын айтып, Мұса пайғамбарға (а.с.) шағымданады. Осы оқиға баяндалғанда, аяттағы көкөністер қатарында сарымсақ та аталған:

(Әй, Исрайыл ұрпақтары!) Бірде сендер: «Әй, Мұса! Біз бір ғана тамаққа төзіп отыра алмаймыз. Біз үшін Раббыңа дұға ет, бізге жерден өсетін дәнді-дақылдан, асқабақтан, сарымсақтан, жасымықтан, пияздан шығарсын», – деген едіңдер(Бақара, 61). 

Ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) төмендегідей бірқатар хадистерінде сарымсақтың өте пайдалы екендігін, оны емге жарату керектігін білдірген.

«Сарымсақ жеңдер, сонымен емделіңдер. Өйткені ол жетпіс түрлі ауруға ем» (Дәйлами, Тирмизи, Хаким).

«Сарымсақ немесе пияз жеген кісі (иісі кеткенше) мешіттерімізге жоламасын, үйінде отырсын» (Бұхари, Әдеп, 76; Азан, 1/207).

Кейде Расулаллаға (с.ғ.с.) көкөністен жасалған тамақ әкелінгенде, алдымен иісін байқап, неден жасалғанын сұрайтын. Қай көкөніс түрі екенін анықтап, өзі жемейтін болса, жанындағы сахабаларының біріне беретін. Әлгі сахабасының сәл тартынғанын байқаса: «Сен маған қарама, же. Өйткені мен сен секілді емеспін, сен сөйлеспейтіндермен (періштелермен) тілдесемін» дейтін (Мүслим, Мәсажид, 73).

Ислам діні көпшілік жиналатын орындарды таза ұстауға шақырады. Сондықтан, мешітке жамағатқа ұнамсыз жағымсыз иіспен бармауды ескерткен. Ал Расулалланың (с.ғ.с.) пияз не сарымсақ та жемей өзін әр уақыт таза ұстауы – ол кісіге Жәбірейіл періштенің жиі келіп тұратындығы себепті еді.     

материал «Сенім және ақиқат» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: