05
Жексенбі,
Мамыр

һижри

Барлық дертке дауа болатын шипа аяттары

Барлық дертке дауа болатын шипа аяттары

Ислам тарихы

Құранның тікелей шипа көзі екендігіне қатысты көптеген аяттар бар. Ендеше, сол шипа аяттарына тоқталайық:

1. «Олармен (яғни ондай бүлікшіл, бәтуасыз қаскөй кәпірлермен) соғысыңдар. Алла оларды сендердің қолдарыңмен жазалап, қор қылсын. Оларға қарсы сендерге жәрдем беріп, жеңіске жеткізсін әрі (солардан әбден қысым көрген көңілі жарым) мүмін қауымның көңілін жайландырсын» («Тәубе» сүресі 14).

2. Уа, адамдар! Шүбәсіз, Сендерге Раббыларыңнан насихат, көкіректегі дерттерге шипа әрі мүміндер үшін тура жол мен рақым болған (Ислам мен Құран) келді («Юнус» сүресі, 57).

3. «Содан кейін түрлі жемістермен қоректеніп (жиған қорегіңмен) Раббыңның сен үшін оңтайластырған (яғни жеңілдетіп қойған ұяңа жеткізетін) жолдарына түс», – деп аян берді. Араның қарнынан адамдарға шипа болатын түрлі-түсті шәрбат (бал) шығады. Расында, осында да терең әрі жүйелі түрде ойланатын қауым үшін анық белгі, айқын ғибрат бар («Нахл» сүресі, 69).

4. «Біз Құранда мүміндер үшін шипа һәм рақым болатын аяттар түсіреміз. Алайда ол аяттар залымдарды тек одан сайын зиянға ұшыратуда» («Исра сүресі», 82).

5. «Ауырғанымда маған шипа беретін де – бір Өзі». («Шұғара» сүресі, 80);

6. Егер Құранды ғажам тілінде (яғни, араб емес бөгде тілде) түсіргенімізде, кәпірлер міндетті түрде өре түрегеліп: «Оның аяттары неліктен ашық әрі бізге ұғынықты тілде баяндалмаған?! Өзі ғажам тілінде, ал әкелген адамы мен келген қауымы араб, сонда бұл қалай?!» – дер еді. Ендеше, оларға: «Ол иман келтіргендер үшін тура жол әрі шипа», – деп, айт. Ал иман етпейтіндердің құлақтары (оны естіп, ұғуға келгенде) тым ауыр. Құран олар үшін жабық әрі көмескі келеді. Олар өздеріне қашық жерден үн қатылғандай (оның үнін анық ести алмайды) («Фуссилат» сүресі, 44)

Имам Қушәйри (рахимаһулла) былай дейді: «Құран кәрімдегі алты аят – шипаның қайнар көзі. Егер адам оларды таңғы және кешкі уақытта мұқият, шынайы ықыласпен оқыса, қандай аурумен ауырмасын Алланың қалауымен сауығатын болады. Біз бұл аяттардың шипалы екенін тәжірибеде көріп, көз жеткіздік. Менің 12 жасар қызым бір сырқатқа шалдығып, әбден азап шекті. Оны апармаған емшім қалмады. Бірақ ешқайсысы оның ауруына дауа таппады. Қолдан келер басқа қайран болмай, қызым өлім төсегінде жатқан кезде, бір салих адамды кезіктіріп, оған жағдайымды баяндап бердім. Ол маған: «Құранда алты шипа аяты бар. Егер сіз бұл дұғаларды таңғы және кешкі уақытта қызыңызға шынайы ниетпен оқитын болсаңыз, қызыңыз Алланың қалауымен ауруынан айығады деді. Мен бұл аяттарды үйреніп, қызыма оқыдым. Содан кейін өлейін деп жатқан қызымның денсаулығы жақсарып, сауығып кетті. Сондықтан мен бұл аяттардың қаншалықты шипалы екенін өз көзіммен көрдім. Құран Кәрімдегі алты шипа аятын жазып, бір ыдыс суға салып ерітіп, ауру осы суды ішсе, Алла тағала қаласа шипасын береді. Аят кәрима мен дұғалар сөзсіз шипа береді. Дегенмен шарттарын орындау керек. Оқыған адам мен ауру адам бұған сенуі шарт».

 материал «Шипа дұғалар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: