28
Жексенбі,
Сәуір

һижри

«Құран тірілер үшін» дегенді қалай түсінуге болады?

«Құран тірілер үшін» дегенді қалай түсінуге болады?

Ислам тарихы

Бұл мәселе бірқатар түсінік беруді қажет етеді, дұрысында Құран тірілер үшін түскен. Өлілерге Құран сауабын бағыштау ғана бар.

Құран – адам ғұмырының қайнар көзі, тартылмас кәусары, таусылмас бақыты. Неге десеңіз, Ұлы Жаратушы әлемді жаратқанда бәріне тиісті уәзипа жүктеген. Олар бұл міндетін бағдарлама бойынша санасыз түрде қалтқысыз атқарады, бірақ бізбен бағыттас ғұмыр кешкен жын заты мен адамзатта ақыл, ерік болғаны үшін бағдарламаны олардың өз қолдарына берген. Адамның қаз-қаз басқан сәби тіршілігінен бастап дүниеден өтердегі арулап көмуіне дейінгі аралық Құран кітабында жазылып қойған. Ол кітапта адамның нәпсілік құмарлықтың шырмауынан құтылып, толық адам шыңына жету жолдары көрсетілген яғни әлемде тұрақты дәреже бар. Ал, адамда рухани биіктеу мүмкіндігі бар. Осы кітапта бұ дүниеге неге келдік, қайдан келдік, қайда барамыз өмірдің мән-мағынасы не? деген сауалдарға толықтай жауап бар.

Сондықтан да, алғаш рет Құран «оқы!» деп, түскен. Негізінде Құран өлілер үшін оқылып, тірілер үшін төрге ілініп қоюға түспеген. Сізге бір жақыныңыздан  хат келсе, оқымай тастай саласыз ба, әлде онда не жазылғанын білуге тырысасыз ба? Немесе, сіз тау арасында сол тығырықтан  шығатын жол картасын әкелсе, сіз оны жай ғана ысырып қоя салар ма едіңіз? Құран да осыған ұқсас. Онда  Ұлы Жаратушы жер бетіндегі қадірлі қонағына екі өмірде бақытты ғұмыр кешу жолын көрсеткен. Өкінішке орай көптеген адамдар бұдан хабарсыз. Құранда Алла: «Егер осы Құранды бір тауға түсірсек, Алладан қорыққандығынан оның бас иіп, жермен-жексен болғанын көрер едің. Бұл мысалдарды адам баласы ойланып толғансын деп береміз» (Хашыр) дейді.

Яғни, Құран толық адамдық шыңға жете алатын қабілеті бар адамға түскен. Егер оның алыптығын есепке алып адамға емес тауға түсірсе, осыншама ауыр жүкті көтере алмай, әрі Алладан қорқып әп сәтте жермен-жексен болар еді. Бірақ, адам баласы жүрек пен санасын Құраннан алыс ұстағандықтан, Құран оған барынша әсер ете алмауда. Ішкі жан-дүниесін Құранға жат етіп, сана мен жүрек әлемінің төрінен сол бір илаһи сөзге орын бермеген адам, әлбетте, Құраннан мақрұм қалып сахарада сарқылған судың орнындай қуарып қала бермек. Ал сарқылмау үшін адамзат Құраннан үнемі үлгі алуы тиіс. Онсыз қайраңда қалған қайықтай қаңсып қалмақ.

материал «Иман мен дәстүр хикметтері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: