27
Сенбі,
Сәуір

һижри

«Әруақтарға Құран бағыштауға болмайды» деу дұрыс па?

«Әруақтарға Құран бағыштауға болмайды» деу дұрыс па?

Ислам тарихы

Құранды тек кісі өлгенде, қабірдің басында оқылатын әуен, қайтыс болған әруақтар түске кірген кезде, мешітке барып садақа құтысына ақша салғаннан кейін оқылатын мақам, яки ас берген уақытта жатқа айтылатын мағынасы түсініксіз кітап деп ойлау – өте қате.

Ол – Құранның мағынасын дұрыс түсінбеу, қадір-қасиетін аңдамау, тіпті негізгі мақсатынан ауытқу деген сөз. Ендеше, Құран қандай кітап? Құран – ақыретке дейінгі күллі адамзаттың барлық рухани әрі заттық сұраныстарына жауап беретін, қоғамдық әрі әлемдік, жеке тұлғалық барлық мәселелерге қатесіз, толық шешім сыйлайтын әрі адамның ақылы жете бермейтін көмескі әлемді суреттеп, беймәлім сырларды ашатын, пәни мен бақи дүниенің бақытын қатар ұсынып, оған сеніп, шырақ тұтқан жандарды рухани кемелдікке тәрбиелейтін Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген соңғы қасиетті кітап. Онда Ұлы Иеміз жайлы тылсым мағлұматтар, жеке тұлға мен қоғамдық мәселелердің шешімі, отбасы жағдайлары, ғибадат-мінәжаттың үлгілері, бізге дейінгі ғұмыр кешкен қауымдардың ғибратты оқиғалары, көптеген ғылыми жаңалықтардың мәйегі, салауатты өмір сүру салты секілді алуан тақырыптар қамтылған. Құранның адамзатқа түсу мақсаты мен оның жалпы тақырыптарының қысқаша мазмұны осыған саяды. Осындай ұлы мақсатпен түсірілген қасиетті Құран, өкінішке орай, жетпіс жылдық атеистік саясаттың салқынымен бүгінде тек өлім-жітім жөнелтілген жерлерде ғана оқылып жүргені ащы да болса шындық. Халқымыз Құранның кәусар бұлағынан шөл қандыра сусындай алмай, оның осындай қайғылы жерлерде ғана оқылуын жүрекке медет, көңілге жұбаныш тұтуда. Иә, халқымыз Құранды қатты құрметтейді. Арнайы қап тігіп, қол тимейтін жерге іліп қояды. Кейде анаумынау жағдайларға тап бола қалса, Құранды сыртындағы сол қабымен бірге алып, сүйіп, маңдайына тигізеді, бісмілласын күбірлеп, қайта орнына іліп қояды.

Десек те, Құран сырты қапталып, шаң басып, ілініп тұрсын яки тек анда-санда бақилық әруақтарға бағышталып оқылсын деп түсірілмеген ғой. Құранның қағазын ғана құрметтеп, оның ішкі құдайылық қағидаларына көңіл бөлмеу, бұйрықтары мен тыйымдарын елемеу, ішкі мазмұнынан хабарсыз болу – үлкен қасірет. Кейде осы көрініске қарап тұрып, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Үмбетім сондай бір заманға ұшырайды, ол кезде мұсылмандар бір сайда, ал Құран мүлде басқа бір сайда болады» деген астары терең хадисін еске алып, сірә, осы бір сұрапыл заман суреттелген-ау деген ойға қаласың. Меніңше, негізгі ішкі мазмұнына көңіл бөлмей, Құранның тек өлім-жітімде ғана оқылуы – кей мұсылмандардың ренішін тудырған. Тіпті, оларды «Құран өліге емес, тіріге түскен, оны өліге бағыштауға болмайды» деп дауласуға дейін апарған. Алайда тірі жандардың Құранның ішкі мазмұнын барынша түсініп, мейлінше ғибрат алғаннан кейін оны өлілерге бағыштауға болып-болмауы, оның сауабының әруақтарға тиіп-тимеуі өз алдына бөлек тақырып екені тағы рас. Сондықтан мәселені осы қырынан қарастырып көрейік. Ол жайлы әһлу сунна ғалымдарының көпшілігі арнайы бағышталып оқылған Құран сауабының өлілерге тиетіндігін айтуда. Мысалы, Ханбали, Ханафи мәзһабы бойынша және Шафиғи мен Мәлики мәзһабтарының кейінгі үлкен ғұламаларының пікірінше, барлық жасалатын жақсылықтардың, бағышталып оқылған Құранның сауабы өлілерге тиеді.

Әбу Ханифа алғашқы кездері қабірдің басында Құран оқуды мәкруһ санаған. Бірақ сахаба Абдуллаһ ибн Омардың қабірдің басында «Бақара» сүресінің алғашқы аяттары мен соңғы аяттарын оқығаны жайлы риуаяттан хабардар болғаннан кейін ол ойынан қайтқан. Ибн Омардың қабір басында Құран оқығанына байланысты риуаятты Хафиз ән-Нәуауий өзінің «Әзкәр» атты кітабында «хасан» деп баға берген. Ибн Қудаманың «әл-Муғни» атты кітабында Ахмад ибн Ханбал былай дегені білдірілген: «Бағышталып жасалған барлық жақсылықтың сауабы өліге тиеді. Өйткені ол жайлы хадистер бар. Барлық қалаларда мұсылмандар жиналып, Құран оқып, сауабын өлілеріне бағыштауда әрі бұған ешкім қарсы шықпауда. Міне, бұл оның дұрыстығына ижмағ болмақ". Ал Ибн Тәймия және Ибну Қаййм әл-Жәузия «жасалған жақсылық пен оқылған Құранның сауабы өліге тиеді» деген көзқарасты таңдаған. Ибн Таймиядан: «Өлі үшін оқылатын хатым Құран жайлы және Құранды жалдап оқытса, сауабы өліге тиеді ме?» деген секілді сұрақтар сұралған. Ибн Тәймия бұл сұрақтарға былай деп жауап берген: «Құран оқып сауабын өліге бағыштау үшін адам жалдау дұрыс емес. Мұны ешбір ғұлама құптамаған.

материал «Дін мен діл» кітабынан алынды,

ummet.kz


 

Бөлісу: