20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Исар – жомарттықтың сыйы

Исар – жомарттықтың сыйы

Ислам тарихы

Исар – жомарттықтың шыңы. Өйткені, жомарттық – малдың артығынан өзіне қажет емесін беру, исар болса, өзіне мұқтаж бір нәрсені аузынан жырып беру.

Исардың рухани сыйлығы да пенденің жанқиярлығына қарай болады. Алла Тағала Меккелік мүһәжирлермен мүмкіндіктерін бөлісіп, олардың қажеттіліктерін өз қажеттіліктерінен жоғары санаған Әнсарларды былай мақтайды: «...Өздері мұқтаждық тартса да, оларды өз нәпсілерінен артық көреді (исар жасайды). Кім де кім нәпсінің сараңдығынан сақ болса, міне, солар – кұтылғандар» (Хашр сүресі 9). Ярмук соғысында хал үстінде жатқан үш жаралы жауынгерге берілмек болған суды бірі екіншісіне ұсынып, ақыры ешқайсысы да үлгере алмай, бәрі де ақтық демдерінде бір жұтым су іше алмай, шейіт болған. Ибн Омардың (радиаллаһу анһу) риуаяты бойынша бір сахабаға қойдың басы жіберіледі. Ол адам: «Пәлен адам менен де аш, соған апарыңдар»-деді. Екінші адам да солай айтты. Осылайша қойдың басы жеті кісіні айналып, қайтадан алдыңғы адамға келді. Өйткені, ең ашы сол еді» (Газали, Ихияу Улумиддин, III с. 571 б).

Хазіреті Омардың (радиаллаһу анһу) Шамға барғанында, түйеге міну кезегі құлына келген кезде, шаһардың есігіне барғанымен түйесіне болмай құлын міндіргендігі және өзі жаяу, құлы түйеге мініп, Шамға кіруі  – мәні терең қайырдың бір көрінісі. Осылайша қайыр-садақа әр уақыт малмен бола бермейді. Мұндай қылықтар да қайырдың бір түрі деген сөз. Қайырдың ең жогарғы дәрежесі болған исар аузынан жырып беру, өз ақысын дін бауырына аудару мәселесі. Пайғамбар, сахаба, әулиелер мен салих құлдарға тән жоғары дәрежеде қайыр жасау. Хазіреті Әли (радиаллаһу анһу) мен пәк жұбайы Фатима (радиаллаһу анһә) балалары Хазіреті Хасан мен Хазіреті Хусайнның аурудан айыққандары үшін үш күн нәзір оразасын ұстайды. Алғашқы күн ауыз ашарға арпа үнынан тамақ жасайды. Тура ауыз ашар кезде есіктері қағылады. Келген адам аш әрі пақыр біреу еді. Мүбәрәк отбасы қолдарындағы тамағын ұсынып, өздері сумен ауыз ашты. Екінші күні ауыз ашар уақытында бұл жолы есік алдына бір жетім келеді. Сол күнгі тамақтарын да жетімге беріп өздері тағы сумен ауыз ашты. Үшінші күні ауыз ашар кезінде бір тұтқын жәрдем сүрап оларға жүгінген соң, олар үлкен сабыр мен қайырымдылық үлгісін көрсетіп, ауыз ашар тамақтарын енді осы тұтқынға берді. Қайырдағы осы терең мағыналы жомарттық басқаларын ез нәпсісінен де лайық санау және осы үлық мінез төмендегі аят кәримәмен иләһи құптау мен құттықтауға ие болған. Алла Тағала былай дейді: «Өздері мұқтаж бола тұра, тамактарын пақырға, жетімге не тұтқынға береді және оларға: «Мұны сендерге Алла ризашылығы үшін береміз, сендерден ақы мен рахмет күтпейміз. Біз Раббымыздың қаһарлы, бәлелі бір күнінен қорқамыз.»-дейді. Алла да оларды сол күннің жамандығынан қорғайды. Жүздерін жарық қылып, көңілдеріне қуаныш ұялатады» (Инсан сүресі 8-11).

Пайғамбар ғасырынан тағы бір исар үлгісі төмендегідей: Бәдір соғысынан кейін тұтқындар екі-уштен сахабаларға бөлініп, Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл тұтқындарға жақсы қарауды әмір етеді. Сол кезде тұтқындар арасында болған Мүсаб бин Ұмәйрдің інісі Әбу Ұзәйр былай дейді: «Әнсардың қасында тұтқын болған кезде, тамақтың уақыты келгенде өздері қүрма жеп, нан мен қатықтарын маған беретін. Мен бүған ұялып, тамақты оларға беретін едім. Бірақ, олар қабылдамайтын. Өйткені, Алла Расулы оларға тұтқындарға жақсы қарауды бұйырған еді» (Рамазанұлы Махмуд Сами, Бәдір соғысы, 93 б).

Ешбір адам жомарттық, қайыр мен исарда Расулулламен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) салыстыруға келмейді. Ол барлық жомарттық түрлерінің ең жоғарғы дәрежесінде еді. Алла жолында Оның дінін түсіндіру, құлдарға дүрыс бағдар беру, аштарды тойдыру, надандарға насихат айту, мүқтаждардың қажеттіліктерін орындау мен ауыртпашылықтарына шыдау сияқты білім, мал мен нәпсі жомарттығының барлығы да оның бойында бар еді. Құрайыш мүшриктерінің үлкендерінің бірі Сафуан бин Умейе мұсылман болмаса да, Хунайн мен Тайф соғыстарында Расулуллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қасында болған еді. Жиранада жиналған олжаларды аралап жүріп Сафуанның оларға қатты таңдана қарағанын көріп, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Қатты ұнады ма?» - деп сұрайды. Ол: «иә» деп жауап берген соң: «Ал, бәрі сенікі болсын!» - дейді. Сонда Сафуан өзін ұстай алмай: «Пайғамбар жүрегінен басқа ешбір жүрек мұндай жомарт бола алмас,» - деп иман айтып, мұсылман болады. (Уақиди, Мәғази, II, 854-855) Расында да исар сыйдың ең кереметі. Расулулла, сахаба мен салих құлдардың осындай сыйлары арқылы қаншама күпірлігінен танбаған адам тәубеге келіп, қаншама дүшпан дос болып, қанша мүминнің мүмин бауырына сүйіспеншілігі артқандығын ойлау керек.

материал «Ақтық дем» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: