15
Дүйсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құран Кәрімдегі мүтәшабиһ аяттар

Құран Кәрімдегі мүтәшабиһ аяттар

Ислам тарихы

Қасиетті Құран – тілдік және мазмұндық сәйкестігі ғажап, адам баласына өмірдің мәні мен жаратылу мақсатын баяндайтын сырлы кітап. Бұл кітаптың мазмұны мен тілдік мағынасы жағынан аяттары мүхкам (мағынасы да, үкімі де анық) және мүтәшабиһ (кейбір аяттарда Алла Тағалаға қатысты айтылған тура мағынасы белгілі бір ағзаны немесе жаратылғандарға тән іс-әрекеттерді білдіретін сөздері бар) болып бөлінеді.

Имам Әбу Исхақ әш-Шатиби: «Мүтәшабиһ аяттар хақиқи мүтәшабиһ (мәнісін түсіну қиын) және мүтәшабиһ идафи (қосымша мүтәшабиһ) болып екі түрден тұрады. Хақиқи мүтәшабиһ аяттарға (хұруфул мұқаттаға сияқты сүренің басында келетін жеке әріптер жатады) жорамал жасамаған дұрыс. Мүтәшабиһтың бұл түрі ашық аят, сахих хадис немесе ижмәғ (ғалымдардың бірауыздан келісуі) жолымен түсіндірме жасалған болса, онда ол мүтәшабиһ идафи болғаны» деп, қандай да бір мағынасы бұлыңғыр аятқа басқа аят, хадистерге сүйене отырып, жорамал жасаудың дұрыстығын айтады.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ақиқатында Құранда бір аят екінші аятты жоққа шығармады. Қайта бірін-бірі қуаттап келді. Құраннан білгендеріңе амал етіңдер. Білмегендеріңді оны (Құранды) түсінген ғалымдардан сұраңдар» деп, мүтәшабиһ аяттың мәнісін егжей-тегжейлі баяндауды Ислам ғұламаларының еншісіне қалдырған.

Мүтәшабиһ аяттарда Алла Тағаланы пәктей отырып, ұлықтығына сай тура мағынасын ашып түсіндіру үлкен жауапкершілік. Һижри III ғасыр Ислам жағрафиясы кеңейіп, көне діндер мен мәдениеттер едәуір ықпал ете бастаған болатын. Міне, осы кезде Ислам ғалымдары мұсылмандарды Құран, хадистың тұнық бұлағынан сусындату мақсатында мүтәшабиһ аят, хадистерге кеңінен жорамал жасай бастады. Құран және хадис мәтіндеріне терең үңіле отырып, ол екеуінің мәнін мұсылман үмбетіне дұрыс жеткізу, бір ізділікке түсіру болды. Бұған мәжбүрлеген түрлі ағымдардың шығуы еді. Солардың арасында Жәһим муъаттила (Алланы пәктейміз деп онда айтылған сипатты толықтай жоққа шығарушылар) мен Мұқатил мүшаббиһа (сөздің тура мағынасын негізге алып, Алланы басқа жаратылғандарға ұқсататындар) ағымдарының қатері ерекше болды. Бұл қате пікірлерге қарсы әһлү сунна уәл жамаға ғалымдары: «Мұхалафатул лил-хауадис» (Алла жаратылысқа ұқсамайды) деген ақидалық қағида бекітті.

Имам Матуриди: «Алла Тағаланың бірлігі мен улуһиятын (Алла ғана құлшылық етуге лайықтығын) бір ауыздан келісу Оның ұқсасы, теңдесі жоқ екендігін білдіреді. Ал Алланың теңдесі бар деу, теңдессіз ұлылығын мойындамау болса, ұқсасы бар деу де жалғыздығын жоққа шығару. Сондай-ақ, жаратылыс – ұқсастық, сәйкестіктен және бір-бірінің орнын басудан тұрады. Жалғыздық – бұған кереағар ұғым. Құдай бір, мәңгі тірі. Оның ұқсасы жоқ. Бұл «Оған (Аллаға) еш нәрсе ұқсамайды» аятының тәуилі» деп түсіндіреді.

«Хижр» сүресіндегі «Расында Құранды Біз түсірдік. Оны қорғаушы да өзіміз» деген 9-аятты имам әл-Матуриди: «Біз Құранды көкейіне даналық берген құлымызбен сақтаймыз» деп айшықтайды. Сол көңіліне даналық берілген құлдың бірі имам Матуриди еді. Ол «Ниса» сүресіндегі «Құран Алладан басқаға тиесілі болса, онда көп қарама-қайшылық болатын еді» деген 82-аятқа амал ете отырып, Құран кәрімнің мүтәшабиһ аяттарын мүмкіндігінше мұхкам аяттар негізінде тәуил (жорамал) жасады. Сонымен қатар, мүтәшабиһ аяттарда кездескен сөздің араб тілінде қолданылатын бірнеше мағынасына да мән беріп, төмендегі шарттарға сәйкес болғанын ғана таңдады.
Олар:
1. Алланың ұлықтығын және бүкіл кемшіліктен пәктігін білдіруі;
2. Алла Тағаланы жаратылысқа ұқсатпау;
3. Ақыл тұрғысынан да құпталуы.

Мүтәшабиһ аяттың астарлы мәнін іздеп, жорамал жасауға болады дегендер «Әли Имран» сүресінің мына 7-аятын да дәлел ретінде келтіреді: «Ол (Алла) саған Құранды түсірді. Онда мағынасы айқын мұхкам аяттар бар. Олар – Құранның негізі һәм тірегі. Ал басқа аяттары болса, мағынасы нақты ұғынықты емес мүтәшабиһ аяттар. Жүректерінде қыңырлық бар жандар «қалай бүлік шығарып (жұртты адастырамыз), жорамал жасаймыз» деп мүтәшабиһ аяттардың соңына түседі. Шын мәнінде, оның нақты жорамалын тек Алла және ғылымда тереңдегендер біледі де, «Біз бұл кітапқа (мұхкамы мен мүтәшабиһына) толықтай иман келтірдік. Барлығы Алланың құзырынан» дейді».

Бұл мәселе төңірегінде Жаһмия ағымы Алла барлық жерде десе, Уахабия ағымы Алла аспанда деп түсінеді. Бұл пікірлер Әһлү сунна уәл жамағаның сенімдік көзқарасына қайшы. Әһлу сунна уәл жамағаның ақидалық сенімі бойынша, Алла Тағаланы мекенге, бағытқа немесе бір жерде яки бүкіл жерде деп түсіну дұрыс емес.

Имам Матуриди «Алла бүкіл жерде немесе бір жерде деп айтудың айырмашылығы жоқ» дейді. «Бақара» сүресіндегі: «Күллі аспан әлемі мен жердегі бар билік бір Аллаға тиесілі» деген 107-аят пен әлемдердің Раббысы сынды жалпы мағынада келген сөздер Алла тағаланың ұлықтығын, үстемдігін білдіреді. Ал «Ақиқатында Алла тақуа жандармен бірге» (Нәхл сүресі, 128-аят), «Расында мешіттер Аллаға тән» (Жын сүресі, 18-аят) және Алланың түйесі, Алланың үйі сынды жекеше мағынада келген сөздер Алла тағаланың кеңшілігін көрсетеді» деп түсіндіреді.

Алла есімінің бір жаратылыспен қатар айтылуы Жаратушы иенің мекенге мұқтаждығын білдірмейді. Керісінше, сол жаратылысты бір үйлесімділікпен басқарып тұраған ұлы құдіретін білдіреді дейді.

«Таһа» сүресінің «Рахман аршыға истиуа (билік) етті» деген 5-аятындағы «истиуа» сөзіне қатысты Алла аршты тақ етті, жайғасты деп түсіну түрлі күмәнға жол ашатынын айтқан Матуриди: «Оның (Алланың) заты Аршыда немесе бүкіл жерде орналасты деу Алланың затын сол жаратылысқа сыйғызуды білдіреді...» деп, Алла Тағала аршыға жайғасып отыру үшін аршы Алладан үлкен немесе екеуі тең болу керек. Немесе Алланың затын шектеулі бір өлшем мағынасында түсіну болмақ. Ал Алланың затын аршыдан үлкен деп қарасақ, бір бөлігі аршыда, тағы бір бөлігі басқа жақта болғаны. Міне, бұл да үлкен қателік. Әрі бір-бірімен байланысы бар жаратылыс тәрізді Алланың затын да жаратылыс болған аршыға байланыстырып, тәуелді ету Алла Тағаланы жаратылысқа ұқсату, мұқтаж қылып қою екенін айтады.

Имам Матуриди: «Аршыға истиуа (меңгеру) етті» сөзінің: «Екі түрлі мағынасы бар. Біріншісі: Толық билік жүргізу күшіне ие, теңдесі жоқ бір патшаны білдіреді. Екіншісі: Аршы – бүкіл жаратылыстың ұлысы, ең үлкені. Бұндай алып жаратылысты жаратып, оның үстінен үкім жүргізу Алла Тағаланың құдіретін, ұлылығын паш етеді. Күш, қуат тек Аллаға тән» деп, Алла Тағаланың затын бүкіл кемшіліктерден пәктей отырып, дінді даналық тұрғысынан түсіну керек деп қарайды.

Мүтәшабиһ аяттарда кездесетін «қол, жүз және аршқа истиуа етті» сияқты ұғымдарды тікелей түсіну мүшәббиһа немесе мүжәссима сынды адасқан ағымдардың пікірі. Ал тәуил – бір нәрсені өз негізіне қайтару. Немесе аяттың тілдік мағыналары арасында мұрат болған сөзді жорамал негізінде таңдау деп түсіндіреді.

материал «Матуриди сеніміндегі таңдаулы тақырыптар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: