05
Жексенбі,
Сәуір

һижри

Әбу Ханифаның даналығы мен көрегендігінен үзінділер

Әбу Ханифаның даналығы мен көрегендігінен үзінділер

Ислам тарихы

«Әбу Ханифа Ән-Нұғман – Алланың тыйымдарынан қатты қорғанатын, үнсіз, үнемі ойға шомып жүретін еді» (Имам Әбу Юсуф).

Бір күні Әбу Ханифа Имам Мәликтің алдына шәкірттерімен отырған жерінде кіріпті. Хал-жағдай сұрасып, шығып кеткеннен кейін, Имам Мәлик шәкірттеріне қарап:
– Мына кісінің кім екенін білесіңдер ме? – деп сұрапты. Олар: – Жоқ, танымаймыз, – деп жауап береді.

– Бұл – Ән-Нұғман ибн Сәбит. Бұл кісі мына тұрған бағанаға алтын деп айтып, дәлелдейтін болса, алтын болып шығады, – деген екен.

Имам Мәликтің Әбу Ханифа жайында айтқаны асыра сөйлегені емес еді. Оның дәлелінің мықтылығын, алғырлығын, зейінінің өткірлігінің және есте сақтау қабілетінің қаншалықты зор, керемет деңгейде екенін айтып отыр. Әбу Ханифаның ақидадағы қарсыластары мен пікіріне қарсы шыққандармен пікір таластыру әдістері жайында әңгімелер тарих кітаптарында жазылған. Бұл деректер Имам Мәликтің әлгі айтқан сөзінің шындығын дәлелдейді. Қолыңдағы бір уыс топырақты – алтын десе оның алтын екеніне амалсыз көнесің. Ал, енді шындық пен ақиқат жайындағы дәлелдерінің қандай керемет екенін, сол жолда жасаған еңбектерінің қандай екенін енді ойлай беріңіз.

Деректердің бірінде былай жазылған:
Куфада бір кісі Алла жолынан тайып, адамдарға Осман ибн Аффанның (р.а.) түбі – еврей, Исламнан кейін де Яһуди (иудаизм) дінінде жүрді деп айып тағып жүр екен. Абыройлы, сөзі өтімді кісі болғандықтан, халық арасында осы сөзі тарап кетіпті. Мұны естіген Әбу Ханифа оны Куфаға іздеп келіп:

– Қыздарыңның біріне құда түсіп келдім, – деді.

– Қош келдіңіз, сіз сияқтылардың сөзі жерде қалмайды – деп жылы қарсы алып:

– Күйеу бала кім? – деп сұрады.

– Қауымында байлығы мен тектілігімен танылған, өзі жомарт, қолы кең, Алла кітабын жатқа білген, түнін намазбен өткізген, Құдайдан қорқып, жылайды...

– Пай-пай, жетер. Бұл айтып отырған кісі – халифаның қызына лайық екен, – дейді әлгі адасқан кісі.

– Бірақ оның бір сипаты бар ойлануың керек, – дейді.

– Ол не сипат?

– Ол Яһуди дінінің өкілі.

– Еврей ме? – деп орнынан атып тұрып: «Әбу Ханифа! Маған қызыңды еврейге бер деп тұрсың ба? Бұрынғылар мен кейінгілердің бүкіл жақсы қасиеттерін бойына жиған болса да бермеймін», – дейді. Әбу Ханифа оған:

– Өзің қызыңды еврейге беруден бас тартасың, ал Алла Елшісі (с.а.у.) екі бірдей қызын еврейге тұрмысқа берген деп жалған сөз таратасың, – дейді. Әлгі кісі денесі түршігіп, шошып оянғандай:

– Жаман сөз айтқанымды Алла Тағала кешіре гөр! Бұл – өтірік сөз, енді қайтып аузыма алмаймын. Тәубемді қабыл ет, Жаратушы Ием, – деп тәубесіне келіпті.
Әд-Даххак Әш-Шәри деген хауариждер (Әли мен Мұғауияһқа қарсы шыққандар) көсемдерінің бірі Әбу Ханифаға келіп:

– Тәубе ет, Әбу Ханифа, – дейді.

– Не үшін тәубе етемін? – деп сұрайды Әбу Ханифа.

– Әли мен Мұғауияһтың арасын бітімге келтірген қазылықты дұрыс деп айтыпсың? – дейді.

– Осы мәселе бойынша менімен пікір таластырғың кеп тұр ма? – деп сұрайды.

– Иә.

– Арамызда қайшылық туса, кім қазылық жасайды?

– Қалаған адамыңды тағайында.

Әбу Ханифа әлгі Хауариждың бір досына қарап:

– Онда мына кісі бізге қазылық қылсын. Сен келісесің бе? – дейді.

– Иә, – деп жауап береді хауариж.

– Екеуіміздің арамызға қазылық етуді дұрыс деп санайсың да, екі сахабаның арасындағы қазылыққа рұқсат етпегенің қалай?! – депті. Хауариж ешнәрсе дей алмай шығып кетеді.

Тура жолдан тайған, бидғат шығарып жүрген «Жәһми» деген топтың басшысы Жәһм ибн Сафуан Ислам жерінде бүлік тудырып жүреді.

Бір күні Әбу Ханифаға келіп:

– Көптеген жайларға байланысты, сізбен пікір таластыруға кел- дім, – депті. Сонда Әбу Ханифа:

– Сізбен әңгіме құру – ұят. Талқылайтын әңгімелеріміз тозаққа апарады.

– Сіз қалайша мені көрмей, менімен сұхбат құрмай тұрып осындай үкім шығарасыз?!

– Қыбылаға бет бұрған адам айтпайтын сөздерді айтады екенсің.

– Ғайыбтан жорығаның ба?

– Бұл сөзің ел арасына тарап, бәрі айтатын болды. Сен жайында толассыз айтылған мағлұматтарды бетіңе айтуға болады.

– Әбу Ханифа, сенен тек иман жайында ғана сұрайын деп едім.

– Иманның не екенін осы күнге дейін білмей келдің бе менен сұрайтындай?

– Жоқ, білемін ғой, бірақ иманның бір түріне шек келтіріп отырмын.

– Иманға шек келтіру – күфір.

– Күфірлікке апаратын нәрсені естіп, мені күфірлік істегендер қатарына қосудың қажеті жоқ.

– Сұрай бер!

– Біреу жүрегімен Алланың серігі, теңдесі жоқ, жалғыз деп таныса, бірақ соны тілімен дауыстап айтпай өмірден өтіп кетсе, мүмин болып өлгені ме, әлде кәфир болып өлгені ме?

– Тілмен айтуға белгілі бір кедергі болмай, жүрегімен сезіп, білгенін тілімен ашық айтпаған адам кәфир болып өледі, әрі мәңгі тозақта жанады.

– Ол қалай мүмин болмайды, Алланың рас екенін білді ғой?

– Құранға сенемін, Құраннан келтірілген дәлелелдерді қабылдаймын десең Құранмен сөйлейін ал сенбеймін, дәлелі жарамайды десең Исламға қарсы шыққандармен сөйлескендей дәлел келтірейін.

– Құранға сенемін, дәлел келтіре бер.

– Алла Тағала иманды екі ағза арқылы келтіруді шарт қылды. Ол – жүрек пен тіл, осы екеуінің біреуімен ғана емес. Бұл жайында Құран аяттары мен Пайғамбар (с.а.у.) хадистері көп. Алла Тағала былай деді: «Пайғамбарға түсірілген (Құран) сөздерін тыңдағанда хақиқатты танитындықтары сонша, олар көздерінен жас төге ұйып тыңдайды. «Ей Раббымыз! Біз иман келтірдік. Енді бізді куәлік берушілердің қаттарынан жаз. Аллаға және Одан келген шындыққа біздің сенбейтін жөніміз жоқ. Өйткені біз Раббамыздың бізді жақсы адамдар қатарында (жәннатқа) кіргізуінен үміткер жандармыз»,– дейді олар. Осы сөздері үшін Алла оларға астыларынан өзендер ағып жататын жәннат сыйлайды. Жақсылық жасаушыларға тартылатын сыйлық, міне, осындай».

Олар ақиқатты жүректерімен сезіп, тілдерімен айтты. Алла айтқандары үшін астынан өзендер ағатын жәннаттармен сауабын берді. Алла Тағаланың мына аятында былай делінеді: «Тағы да былай деңдер: «Біз Аллаға иман келтірдік. Сондай-ақ өзімізге түсірілгенге (Құранға), Ибраһим, Исмағил, Исхақ, Яғқұбтарға түсірленге және оның әулетіне түсірілгенге һәм Мусаға, Исаға түсірілгенге, және Раббылары тарапынан (басқа да) Пайғамбарларға түсірілгенге иман келтірдік», – деңдер. Білу және түсіну ғана емес, оларға сөзбен де жеткізуді бұйырды. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Алладан басқа құдай жоқ» деп айтыңдар, Алла ризашылығына бөленіп, жәннатқа кіресіңдер» дегені бар. Жәннатқа кіруге тек білу емес, тілмен де мойындауды шарт қылып отыр.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алланы білгендер емес, «Алладан басқа құдай жоқ» деген тозақ отынан шығады» деп айтқан. Тілмен мойындаудың қажеті болмай, тек білумен шектелсе, Иблис мүмин болар еді. Өйткені ол Раббысын таниды. Оның өзін жаратқанын, өлтіретінін, қайта тірілтетінін және жолдан адастырғанын біледі. Құранның мына аяттарында шайтан былай дейді: «Мені оттан жараттың, оны балшықтан жараттың». «Раббым, олар қайта тірілетін күнге дейін маған мұрсат бер». «Мені қаңғытқаның себепті, Сенің тура жолыңның үстінде арнайы олар үшін отырамын». Сенің айтқаның рас болса, Аллаға тілдерімен сенбеген кәфирлер Алланы танығандықтары себепті мүмин болып саналатын еді. Сол үшін, Алла Тағала былай дейді: «Олар өздері анық біліп тұрса да оны кері қақты». Олар көзімен көріп тұрғандай білсе де тілдері қарсы шығып тұрған соң, Алла Тағала оларды кәфир деп санады.

Осылай Әбу Ханифа Құран мен Хадистерден көптеген дәлелдер келтіре берді. Шарасыздықтан Жәһмнің үні өшіп, беті қызарды. Қайтып келмейтіндей болып кетті.
Тағы бір рет Әбу Ханифа құдайға сенбейтіндермен кездесіпті. Оларға:

– Жүкке толы кеме теңіз толқындары мен дауылдарға қарамай, алдын-ала жоспарланған бағытымен жүріп, алдағы мақсатына жетекшісіз жетеді деп ойлайсыңдар ма? Ақылға қонымсыз ғой? – деп сұрайды. Олар:

– Иә, дұрыс айтасыз, ақылға симайды, шәйх! – деп жауап береді.

– Басқаратын жүргізушісіз кеменің жүруіне сенбейсіңдер де, осы әлем теңіздерімен, айналып жүрген ғаламшарларымен, көкте ұшқан құстарымен, құрылықта жүрген жануарларымен ешқандай жаратушысыз болғанын қалай мойындайсыңдар, өтіріктеріңмен қоса құрып кеткірлер, – деген екен.

Әбу Ханифа өмірін Жаратқан Иесі берген қабілетімен дінін қорғауға арнады. Алла берген алғыр ақылымен Жаратушының заңы үшін күресті. Өлім келген кезде ешкімнен тартып алынбаған, күдіксіз таза жерге көмуді бала-шағасына тапсырыпты. Өсиеті халифа Әл-Мансурға жеткенде, ол:
– Әбу Ханифадан (тірі немесе өлі кезінде) бізді кім ақтап шығады? – деген екен.

Әбу Ханифа өзін Әл-Хасан ибн Аммараһ жусын деп өсиет қылыпты. Жуып жатып былай деген екен:
«Сен отыз жылдан бері оразадан ауыз ашпадың. Қырық жылдан бері түнде көз ілмедің. Өзіңнен кейінгі фақиһтардың жүгін жеңілдеттің, Алла рахым етсін сені, Әбу Ханифа».

материал «Табиғиндер өмірінен өнегелер» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: