10
Жұма,
Мамыр

һижри

Махшар алаңы және ондағы адамдар

Махшар алаңы және ондағы адамдар

Ислам тарихы

Қиямет күнінен кейін және қабірлерден босатылудан кейін адамдар Махшар алаңына әкелінеді. Анасы қалай дүниеге әкелсе, сол халде, яғни тыр жалаңаш, бастары орамалсыз ашық, жалаң аяқ, сүндетке отырғызылмаған күйде болады.

Махшарда ешқандай қисықтық немесе ылдилық болмайды, аппақ және түп-түзу жер болады. Бұл жерде ешқандай төмпешік те болмайды, адамдардың аптап ыстықтан немесе өзге де ауыртпашылықтан жасырынып, қорғаныш іздейтін, пана болар жер табылмайды. Бұл кең алқаптың бір жері басқа жерінен еш айырмашылық жасамайды. Адамдар топ-тобымен бұл алаңға әкелінеді. Жер әлемнің түкпір-түкпірінен топ-тобымен келе жатқан адамдарды еш қиындықсыз бір жерге, Махшар алаңына жинаған Алла шексіз ұлылық пен құдіреттің иесі!

«Қиямет күні адамдар құрылыстың еш ізі жоқ, тіршіліктің де еш белгісі жоқ, қара реңкі бар ақшыл аймаққа жиналады, бұл жер құдды бір кесіндісіз таза ұннан жасалғандай».

Махшар алаңының «алаң» деген аты ғана болмаса, Жер әлеміндегі ешбір жермен ұқсастығы жоқ.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Күндердің күнінде жер басқа жерге, көк те басқа көкке айналады һәм күллі адамзат (пен жын) атаулы Қаһһар (күллі болмыстың жалғыз иесі) Алланың алдына барады». («Ибраһим» сүресі, 48-аят).

Ибн Аббастан жеткізілген: «Бұл жер (Махшар алаңы) үлкейеді және кішірейеді. Бұл жерде барлық таулар, ағаштар, алқаптар және оның үстіндегілері толығымен қырып тасталынады. Бұл жер өңделген тері сынды ұлғаяды. Күміс секілді ақ түсті Махшар алаңында бірде-бір тамшы қан төгілмеген, адамдардың қатесі, яғни күнә жасалмаған. Махшар алаңының аспанында күн де, ай да, жұлдыздар да жоқ».

Ей, бейшара адам! Бұл күннің қорқынышы мен қаталдығы жайлы ойлан! Адамдар Махшар алаңына жиналады, жұлдыздар аспаннан төгіледі, Күн де, Ай да сөнеді. Күндізгі жарық өшеді, жерді қараңғылық басады. Бұл уақытта аспан адамдарға қарай бұрылады. Қалыңдығы мен беріктігі бес жүз жылдық жолдың көлеміндей болған аспан бөлініп қалады. Періштелер жиектерінде тығыз қалыпта тұрады. Аспан бөлінгендегі жарылыстың дыбысын есту қандай ауыр! Бұл дыбыстан құлақтың дабыл жарғағы жарылып кетердей көрінеді. Сондай алып әрі қатты аспан жарылатын қандай ауыр күн болады! Кейін аспан күміс сынды балқып, ериді және бұл құйындыға сарғыш бал қосылады.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Ол күні аспан бейне бір балқыған мыстай болады. Ал таулар түтілген түрлі-түсті жүндей болады». («Мағариж» сүресі, 8-9-аяттар).

Алла Тағала Құран Кәрімде тағы да былай дейді: «Ол күні адамдар жан-жаққа шашылған пәруанадай болады». («Қариға» сүресі, 4-аят). (Яғни, адамдар қабірлерінен босатылған күйі Қияметтің қорқынышынан сасқалақтаған, абыржыған кейіпте болады).

Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Адамдар жалаңаш, жалаң аяқ, сүндетке отырғызылмаған күйі тұрады, әрі олардан аққан тер құлақтарына дейін жететін болады». Барша мұсылмандардың аяулы анасы Сәуда (оған Алла разы болсын) «Ұят болмай ма, адамдар бір-біріне қарап қоймай ма?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Әркім өз ісімен әлек болып, басқаларға қарай алмайды» деп, төмендегі аятты оқиды: «Сол күні олардың әрқайсысы өз басымен қайғы болады». («Абәсә» сүресі, 37-аят).

Адамдардың барлық әурет жерлері (абиырлары) ашық болса да, өзге адамға бір сәтке де (бір секундқа да) қарай алмайтындай бұл қандай күн! Қалайша қарауға болады! Расында, өз қайғысымен әлек болған адам өзгеге бұрылып та қарай алмайды. Кейбір адамдар жылан секілді бауырмен жорғалап бара жатады, ал кейбірінің жүзі жерге сүйретіліп баратын болады.

Әбу Һурайра риуаят етілген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Қиямет күні адамдар үш топқа жиналады: салт аттылар, жаяу жүргіншілер, жүзімен жүрушілер». Сонда бір адам тұрып: «Уа, Алла Елшісі! Қалайша бетпен жүруге болады?!» деп сұрайды. Алла Елшісі (с.а.с.): «Бізді аяқпен жүргізіп қойған Құдірет жүзбен де жүргізе алады» депті (Тирмизиден жеткен).

Адамның болмысы оған ұнамайтын дүниелерді қабыл алмауға үйреніп қалған. Егер адам бауырының (ішінің) үстіндегі жыланды көрмесе, өз аяғымен жүруден бас тартады. Жалпы, адам баласы тіршілік иелерінің жүруі үшін тек қана аяқтарын қолданғандықтан, одан өзгені көрмегендіктен, бұл қалыпты жағдай (бетпен жүру) мүмкіндік шеңберінен тыс көрінеді.

Сондықтан Қиямет күнінде болатын оқиғаларды қабыл алмаудан абай болыңыз және жер бетінде ақырет күнінде болатын жайттарға бұл дүниеде ұқсастық болмағандығы өзіміздің еш үйлестік таба алмағандығымыздан ғана. Бұл дүниеде кімде-кім сізге адам сенгісіз ғажайып жағдайлар туралы айтса, әрине, сіз бұны көрмей санаңызға сыйғызбайсыз, іштей қарсы келесіз.

Енді өзіңіздің Махшардағы шын халіңіз жайлы ойлаңыз және сізбен не болатыны туралы жүрекпен сезіне отырып елестетіңіз: жалаңаш, қорланған, сасқалақтаған, абыржыған кейіпте тұрсыз. Сізге қандай әмір келетінін күтіп тұрсыз, әрі сол әмірдің қандай болатыны беймәлім. Бәлкім, бақытқа жетелейтін, бәлкім, қайғыға жетелейтін бұйрық болады.

Я, Алла Тағала! Бізді сол бір жағдайдан құтқар, себебі бұл – тым ауыр жағдай!

материал «Өлімнен кейінгі өмір» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: