28
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

Кітап пен сүннетті үйрету деген не?

Кітап пен сүннетті үйрету деген не?

Ислам тарихы

Бәйхақи осы тақырыпта «Расында Алла Тағала мүміндерге қамқорлық етіп, олардың ішіне өздерінен, оларға Алланың аятын оқитын, оларды тазартатын және оларға Кітап, хикмет үйрететін Елші жіберді. өйткені, олар бұрын ашық адасуда еді», деген аятты келтіріп Шафидің былай дегенін айтып өтеді:

«Сенімді Құран ғалымдары, «хикмет» сөзінің «Расулулланың (с.а.у.) сүннеті» деген мағынаға келетіндігін айтқан».

Сонымен қатар Хасанул-Басри (ө. 110/778), Қатада (ө. 117/735) және Яһия ибн Әби Кәсирдің де (ө. 129/746- 747) «хикмет» сөзінің «сүннет» деген мағынаға келеді деп айтқанын риуаят еткен Шафи, Исламда Құран-сүннеттің етпен тырнақтай ажырамас бөлік екенін әрі Құранмен бірге сүннеттің де нақты үкімдер қоя алатынын білдіретін мына хадистермен дәлелдеген: Миқдам ибн Мағдикәриб Расулулланың (с.а.у.) былай дегенін риуаят еткен: «Маған Құран және онымен бірге бір ұқсасы берілгенін біліп алыңдар. Сақ болыңдар! Жақын дәуірде мынандай адамдар шығады, қарны тоқ күйде орындығына (креслосына) шалқайып отырып «Сендерге мына Құранға ерулеріңді өсиет етемін; ондағы адал деп айтылғандарды адал, арам деп айтылғандарды арам деп қабылдаңдар» деп айтады. Мына жайтты біліп қойыңдар! Есек пен иттің тісіндей жыртқыш хайуандардың етін, сондай-ақ келісім жасасқан мұсылман еместердің мал-мүлкін жеулерің адал емес».

Басқа бір риуаятқа қарағанда, Миқдам ибн Мағдикәриб (р.а.), Расулулланың (с.а.у.) Хайбар күнінде, қолдағы есек пен осындай хайуандардың еттерінің желінуі сияқты кейбір нәрселерге тыйым салғанын және де «Жуық арада араларыңнан кейбір адамдар шығады, олар менің хадисім жайлы сөз болғанда, шалқайып отырған орындығынан, «Арамызда Алланың кітабы бар; ондағы адалдарды адал, арамдарды арам деп қабылдаймыз» деп айтады. Күмәндарың болмасын Расулулланың арам еткен нәрсесі, Алланың арам еткені сияқты» деп бұйырғанын келтіреді.

Әбу Һұрайра (р.а.) Расулулланың (с.а.у.) былай дегенін риуаят еткен: «Мен сендерге екі нәрсе қалдырдым. Осы екі нәрседен берік ұстансаңдар, ешқашан тура жолдан адаспайсыңдар: Алланың кітабы мен менің сүннетім. Олар жұмақтағы хауызға келгенге дейін бір-бірінен еш ажырамайды». Ибн Аббастан (р.а.) риуаят етілгеніне қарағанда, Расулулла (с.а.у.) «Қоштасу» қажылығындағы хұтбасында былай деген: «Сендерге одан мықтап ұстансаңдар ешқашан адаспайтын екі нәрсе қалдырдым: Алланың кітабы мен менің сүннетім». Осыған ұқсас бір хадис Уруәдан (ө. 94/713) риуаят етілген: «Сендерге егер одан бекем ұстасаңдар ешқашан адаспайтын нәрсе қалдырдым: Алланың кітабы мен нәбилеріңнің сүннеті... Сендер айтқандарымды жақсылап тыңдаңдар да, сол бойынша өмір сүріңдер».27 Ибн Уәһб (ө. 197/812) Мәлік ибн Әнәстің (ө. 179/795) былай деп айтқандығын риуаят етеді: «Расулулланың «Қоштасу» қажылығында айтқан мына сөзді есіңнен шығарушы болма: «Сендерге қалдырған мына екі нәрсеге бекем болсаңдар, ешқашан тура жолдан адаспайсыңдар: Алланың кітабы мен елшісінің сүннеті...»

Бұл тақырыптағы Ирбад ибн Сарияның (р.а.) риуаяты былайша: «Расулулла (с.а.у.) бір күні бізге намаз оқытқаннан кейін, өте әсерлі бір уағыз айтты. Әсер еткені соншалық жүрегімізді қорқыныш билеп, жыладық. Жамағаттың арасынан біреу «Ей, Алланың Елшісі! Қоштасып тұрғандай уағыз айтып тұрсыз ғой; соңғы рет бізге қандай өсиет айтасыз?» деп сұрағанда Расулулла: «Сендерге Алладан қорқуды әрі басшыларың қара жүзімнің дәніндей Хабаштық бір құл болса да, айтқанын тыңдап оған мойынсұнуларыңды өсиет етіп қалдырамын. Өйткені менен кейін өмір сүретіндер көптеген келіспеушілікке куә болады. Мұндай жағдайда менің әрі тура жолдағы халифаларымның сүннетіне бекем болыңдар. Бидағаттардан сақтаныңдар. Кейіннен пайда болған әрі діннің негізінен сияқты етіп көрсетілген барша нәрсе бидағатқа жатады; ал әрбір бидғат адасушылық» - деді». Бибі Айшадан (р.а.) риуаят етілгеніне қарағанда, Расулулла (с.а.у.) былай бұйырған: «Алла Тағала әрі Оның алдында дұғалары қабыл болатын әр пайғамбардың лағнеттеген алты адам бар:

1. Алланың кітабына бір нәрсе қосқан;

2.Тағдырды өтірікке шығарған;

3. Алланың құрметті қылғанын масқаралаған, масқаралағанын құрметті қылғысы келген залым;

4. Алланың арам қылғанын адал қылған;

5. Алланың әһлі бәйтім жайында арам қылғанын адал деп санаған;

6. Сүннетімді тәрк еткен» (Табарани, әл-Кәбир ХҮІІ)

материал «Сүннеттің діндегі орны» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: