09
Бейсенбі,
Қаңтар

һижри

Бәраат – Шағбан айындағы ең қасиетті түн

Бәраат – Шағбан айындағы ең қасиетті түн

Ислам тарихы

Шағбан айының тағы бір ерекшелігі ол айда қасиетті Бәраат түнінің (Оттан құтылу түні) болуы. Бұл түн Шағбан айының 14-інен 15-іне сәйкес келеді. Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл түннің расымен де қасиеттілігін әрі осы түні Алланың жер бетіне мейірімі түсетінін дәлелдеген хадистер жеткен.

Оның бірнешеуін төменде келтіреміз: Мүміндердің анасы Айша (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Бірде Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түнгі намазында сәждеде ұзақ уақыт жатып қалды. Сәждеде ұзақ болғаны соншалық, мен тіпті қайтыс болып кетті ме деп қорықтым. Осы оймен төсегімнен тұрдым да бас бармағын қозғап көрдім. Саусағы қимылдаған соң өз орныма қайта келдім. Осыдан соң мен оның сәждеде жатып, былай дегенін естідім: «Я Раббым, Сенің азабыңнан, мейіріміңе жүгініп, үміт етемін. Мен Сенен пана тілеймін. Сені Өзің лайық болған дәрежеде мадақтай алмаймын. Сен Өзіңді сипаттағандайсың». Осыдан соң ол маңдайын сәждеден көтеріп, намазын аяқтады. Және маған қарап былай деді: «Ей Айша, Пайғамбар сені қалдырып кетті деп ойлап қалдың ба?» Мен оған: «Жоқ Алланың Елшісі, мен тек қана сенің жаныңды осы өмірден алып кетті ме деп қорықтым, өйткені сенің сәждең өте ұзаққа созылды ғой». Осыдан соң Ол: «Бұл түннің қандай түн екенін білесің бе?», - деп сұрады. Мен: «Алла мен Оның Пайғамбары жақсы біледі»,- деп жауап бердім. «Бұл Шағбан айының жартысы толған түн. Бұл түнде Алла Тағала құлдарына мейірімін жаудырып, кешірім тілегенді кешіріп, мейірім тілегендерге Өз мейірімін жаудыратын түн. Тек қана жүрегінде мұсылман бауырына деген кегі бар адамға ол райынан қайтпағанша назар салмайды».

Басқа хадисте Айша анамыз (оған Алла разы болсын) былай деп жеткізеді: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Субхана уа Тағала Шағбан айының жартысы толған түні Қалб тайпасының қойларының жүнінен де көп шамадағы адамдарды кешіреді» Қалб тайпасы көп қой өсіруімен танылған тайпа болатын. Сол себепті де хадисте осы түні көптеген адамдардың Алланың кешірімі мен рақымына ие болатыны айтылған.

Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Бұл түн Шағбан айының ортасы. Алла Тағала тозақ отынан Қалб тайпасының қойларының жүнінен де көп шамадағы адамдарды босатады. Алайда Аллаға серiк қосушыға және мұсылман бауырына деген жүрегінде кегі бар адамға, сондай-ақ туыстық қарым-қатынасты үзуші мен тәкаппарлыққа салынып, етегін тобығынан төмен түсіріп киген адамға, әрі ата-анасына қарсы шығушы мен шарап ішетін адамға назар салмайды».

Муаз Ибн Жәбәл (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді: «Алла Тағала Шағбаны айының ортасы толған түні құлдарына мейірімін жаудырады да барлығының күнәсін кешіреді. Теқ қана Өзіне серік қосушы мен жүрегінде мұсылман бауырына деген кегі бар адамнан басқаны мейіріміне бөлейді». Хадис риуаятшыларының тізбегінде аз ғана олқылықтар болғанына қарамастан, жалпы хадистерден бұл түннің орнының ерекше екендігін әрі осы түнді қасиетті түндер секілді құлшылықпен өткізу негізсіз және ойдан шығарылмаған амал екендігін аңғарамыз. Алайда заманауи ғалымдар хадис тізбегіндегі олқылықтарға қарап, бұл түнге қасиетті деп баға беруден бас тартқан. Негізінде хадис мамандары келтірілген хадистердің біразын сенімді деп, ал тізбегіндегі олқылықтары хадис іліміне сәйкес жеткізушілердің санының көптігіне қарай жойылып кетеді деп есептеген. Сондықтан да үмметтің үлкендері бұл түнге ерекше мән беріп, оны құлшылықпен өткізген.

материал «Ислам айлары» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: