18
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қадір түні жайлы таңдаулы хадистер

Қадір түні жайлы таңдаулы хадистер

Ислам тарихы

1. «Кім Қадір түнін шын иман келтірген және сауаптан үміттенген халде өткізсе, оның бұрын істелегн күнәлары кешіріледі»,-деді». (Бухари, Муслим)

2. «Рамазан айы келгенде Расулулла: «Сендерге Рамазан айы келді. Онда мың айдан артық бір түн бар. Ол түннен мақрұм болған, барлық игіліктен мақрұм болғаны. Ал, оның игілігінен тек ең бақытсыз жандар ғана мақрұм қалады», - деді». (Ибн Мәжә)

3. «Қадір түні Жәбрәил (ъаләйһиссәләм) періштелердің бір тобымен түсіп Хақ Тағаланы тұрып немесе отырған халде зікір еткен пенде үшін дұға етеді. Кейін Алла Тағала айт күні періштелерінің алдында Өзінің пенделерін мақтаныш етіп: «Ей, періштелерім! Өз ісін атқарған қызметшінің жазасы қандай?»,-деп сұрағанда, періштелер: «Я, Раббымыз! Оның жазасы – ақысын толық төлеу», - деп жауап береді. Сонда Хақ Тағала: «Ей, періштелерім! Менің құлдарым оларға міндеттеген парызымды орындап, Маған дұға ету үшін айт намазына шықты. Өзімнің құдіреттілігім, ұлықтығым, жомарттығым, жоғары мәртебе және дәрежеммен ант етемін! Мен олардың дұғасын қабыл етемін!», - деп, кейін пенделеріне: «Қайтаберіңдер! Мен сендердің күнәларыңды кешіріп, жамандықтарыңды жақсылықпен ауыстырдым», - дейді. Осыдан соң адамдар күнәлары кешірілген халде қайтады»,-деді». (имам Бәйһақи, «Шуғабул-иман»)

4. «Қадір түнін Рамазан айының соңғы он күнінің тақ түндерінде іздеңдер»,-деді». (Бухари)

5. «Расулулла (с.ғ.с) бізге Қадір түні қашан болатынын айту үшін шыққанда, екі мұсылман өзара айтысып жатқан еді. сонда Расулулла (с.ғ.с): «Мен сендерге Қадір түні қашан болатынын айтайын деп шықтым. Алайда мына екеуі өзара айтысып жатқаны себебінен оның хабары есімнен шығарылды. Мүмкін бұл сендер үшін жақсы да шығар. Осы себептен Қадір түнін тоғызыншы, жетінші және бесінші түні іздеңдер», - деді». (Бухари)

6. «Ъубада ибн Ас-Сомит (радиаллаһу анһу) Расулулладан (с.ғ.с) Қадір түні жайында сұрағанда, Ол (с.ғ.с): «Қадір түні Рамазан айының соңғы он күндігінің тақ түндерінде болып, соның жиырма біріне, жиырма үшіне, жиырма бесіне, жиырма жетісіне немесе жиырма тоғызына, болмаса ақырғы түніне сәйкес келеді. Кім Қадір түнін шын имн келтірген және сауаптан үміттінген халде өткізсе, оның бұрын істеген күнәлары кешіріледі. Қадір түнінің белгілері: ол түн нұрлы және тынық болады. Салқын, не болмаса жылы болмайды. Ай ашық болады. Ол түні таң атқанға дейін шайтандар жұлдыздармен атқыланбайды. Әрі оның белгілерінен: таңертең Күн сәулесі шағылыспаған халде шығып, Бәдр түніндегі толған Ай ұқсаған доиалақ болады. Сонымен қатар Алла Тағала сол күні шайтанға Күнмен бірге шығуына тыйым салады», - деді». (имам Ахмад, Бәйһақи)

7. Айша анамыз (радиаллаһу әнһә) жеткізеді: «Мен: «Я, Расулулла! Мен Қадір түні болғанын білсем, не деп дұға етуім керек?»,-деп сұрағанымда, Ол (с.ғ.с): «Я, Тәңірім! Сен Кешірімдісің және кешіргенді жақсы көресің. Мені ғафу ет!», - деп тіле», - деді». (имам Ахмад, ибн Мәжә, Тирмизи)

материал «Ораза энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: