Ислам діні еңбек етіп, адал ризық табуға, сол арқылы өзінің отбасы, бала-шағасын асырап, өзге адамдарға қол ұшын беруге шақырады. Мұсылман адам Алланың берген күш-қуаты арқылы маңдай терімен еңбек ете біліп, ешкімге қолын жайып мұқтаждық қылмауы қажет.
Құранда Алла Тағала: «Уа, иман еткендер! Жұма күнгі намазға азан шақырылған кезде Алланы еске алуға асығыңдар! Сауда-саттықты қоя тұрыңдар. Біле білсеңдер, осы қайырлы. Жұма намазы аяқталысымен Алланың несібесін іздеп жер бетіне тарасыңдар», – деп айтқан («Жұма» сүресі, 9-10 аяттар). Бұл аяттар жұма намазының міндеттелуі туралы болғанымен, мұсылманның қалайша еңбек ететіндегі де сипатталған. Ол жұма намазының азанына дейін кәсібін істеп, Алланың парызы келгенде жұмысын тоқтатып, жұма намазын оқып, құлшылықтан босағаннан кейін қайтадан еңбек етуге кірісіп кетеді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде де өзгеге масыл болмау, адал кәсіп қылу туралы көптеп айтылған. «Сендердің біреулеріңнің қолына арқан алып, тауға барып, арқасына түйілген отынды көтеріп алып келіп сататын болса, ол арқылы Алла оның жүзін абыройлы қылып, оның сұрағанын беруі не бас тартуы мүмкін болған адамдарға қол жаюынан қайырлы болады» (Бухари).
Алла Тағаланың сүйген құлдары пайғамбарлардың әрқайсысының өзіндік кәсібі болған. Әбу Һурайрадан (Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Зәкәрия (пайғамбар) ағаш ұстасы еді», – делінеді (Муслим).
Дәуіт пайғамбар (Алланың сәлемі болсын) жайында: «Өзінің қолымен жасап тапқанымен жеген тамақтан артық тамақты ешкім жеген емес, Алланың пайғамбары Дәуіт тек қолымен жасап (сатқанымен) ғана тамақтанған», – деп айтылады (Бухари).
Дәуіт пайғамбар (Алланың сәлемі болсын) темірден сауыт, қылыш жасайтын еді. Мұса пайғамбарға (Алланың сәлемі болсын) пайғамбарлық келмей тұрып, Мәдианда он жыл бойы жалданып қой баққан. Нұх пайғамбар (Алланың сәлемі болсын) кеме жасаған.
Пайғамбарымыз Мұхаммед те (с.ғ.с) жас күнінде қой бағып, кейіннен саудамен айналысқан. Алла Тағаланың сүйікті құлы болған пайғамбарлардың бұл істері бізге үлкен үлгі. Кейінгі сахабалардың ішінде Әбу Бәкір, Осман, Абдурахман ибн Ауф (Алла разы болсын) сияқты т.б. үлкен кәсіпкерлер көп болған. Мұсылмандар мұқтаждық қылғанда Осман (Алла разы болсын) жүз түйені үстіндегі жүгімен қоса садақа қылған. Омар ибн Хаттаб (Алла разы болсын): «Сендерден ешқайсысыларың «Уа, Аллам! Мені ризықтандыр!» деп алып, өзі амалсыз отырмасын. Өйткені аспаннан алтын не күміс еш уақыт жаумайтынын білесіңдер», – дейді.
Ата-бабаларымыздан қалған мақал-мәтелдерге назар салсақ: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы», «Еңбек түбі – береке, көптің түбі – мереке» деу арқылы ұрпақтарын еңбек етіп, хәрекет қылуға үндеген. Хакім Абай қара сөздерінде: «Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі», – дейді. Ендеше, кәсібін дінімізге сай атқарамын деген әр мұсылман мынадай әдептерді білуі тиіс.
Ниетті дұрыстау
Мұсылман жан еңбек етіп, кәсіп қылу арқылы өзі мен отбасын басқаларға қол жайып мұқтаждық қылудан сақтау, ата-анасына жақсылық жасау, мұқтаждар мен жетім-жесірлерге жәрдемдесу сияқты ниетте болу керек. Әбу Һурайрадан (Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кәсіптің ең қайырлысы – ықыласпен атқарылған жұмысшының қол еңбегі», – деген (Ахмад).
материал «Ислам әдептерінің энциклопедиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz