Өзін бағалайтын адам астамсынған немесе төмендетілген адам сияқты емес. Ол – әр нәрсенің ыңғайын тапқан тұлға. Шектен шықпайды. Мұндай тұлға өзінің бағасын, қадірін біледі. Ол өзінің дәрежесін асыра көтеріп немесе өзін төмен түсіріп, ауытқымайды.
«Мутаффифин» сүресінің 1-3 аяттарында: «Өлшеу, тартуда кемітушілерге өкініш болсын! Солар, қашан адамдардан өлшетіп алса, толық өлшеп алатындар. Ал егер өздері өлшеп немесе тартып беретін болса, кемітеді», – делінген. Негізінде, өлшеу-тарту – тек таразыға, сауда-саттыққа ғана қатысты емес. Керісінше, өзіңді және өзгелерді бағалауға да қатысты. Өзін дұрыс бағалайтын адамдар өздеріне де, өзгелерге де бір өлшеммен, яғни әділдік пен ынсаптылық өлшемімен қарайды. Өз хақысын толық алып, адамдардың хақысын кемітпейді. Өзіне дұрыс баға бере алатын адамның мысалы Юсуф пайғамбардың оқиғасынан анық көрінеді. «Юсуф» сүресінің 55-аятында: «Мені осы жердің (елдің) қазыналарына (жауапты) етіп қой. Расында, мен (бұл іске) өте жауаптымын, (ол істің) білгірімін», – делінген.
Юсуф пайғамбар өзінің сипаттарын, қабілеттерін толық сеніммен, анық айтып тұр. Мұндай сипатты ашық айту - тәкаппарлық емес әрі қабілеттерін жасырып тұрған жоқ. Керісінше, бұл лауазымға өзінің лайық тұлға екенін білгендіктен, сипаттары мен қабілеттерін ашық айтқан. Мұның нәтижесі келесі аяттарда анық көрінеді. Аталмыш сүренің 92-аятында: «Бүгін сендер жазғырылмайсыңдар. Алла сендерді кешірсін. Ол мейірімділердің ең мейірімдісі», – делінген. Яғни «сендер бүгін сөгіске тартылмайсыңдар, айыпталмайсыңдар» деген мағынада айтылған.
Юсуф пайғамбар бауырларының қате-кемшіліктерін солай жаба салды. Мұндай кеңшілік өзін дұрыс бағалай білетін адамнан ғана көрінеді. Өзін дұрыс бағалай білетін адам – жетілген, есейген тұлға. Ондай тұлға балаға тән есерлік, әуейілікке бой алдырып, асығыстық танытпайды. Шектен тыс салмақты көрініп, паңданбайды. Расында, адам балалық шағында айтқанның, үйреткеннің бәрін қабылдайды. Ал орта жаста өзгелердің айтқаны мен үйреткенінің бәрін қабылдай алмай қалады. Тіпті мәселе оның игілігіне тікелей қатысты болса да, ол мәселеге деген көзқарасын, қарым-қатынасын оңайлықпен өзгерте қоймайды. Алайда өзін дұрыс бағалаған адам жас жігіттей жаңарып, жаңғырып тұрады. Естігенін түсініп, әр нәрсенің мәніне терең бойлай алады. Егер өздеріне дұрыс баға берген тұлғалар туралы мысалдарды көбірек білгің келсе, онда оны пайғамбар қиссаларынан, қазақтың ғұлама ойшылдарының, алаш тұлғаларының еңбектерінен, өмір жолдарынан ізде. Өйткені олар – Алланың аманаты мен қоғамның міндетін арқалаған, таңдаулы ізгі жандар.
Мұндай тұлға төмендегідей сипаттармен танылады:
• Алғысты қуана қабыл алып, өзгеге де алғысын білдіреді.
• Өз жетістіктерін ұлғайтып көрсетуге тырыспайды. Кішірейтіп те көрсетпейді. Керісінше жетістіктерін орнымен бағалап, лайықты өлшемін береді.
• Сын-пікір мен насихаттарды дұрыс қабылдайды. Сын мен насихатты тәлім алудың мүмкіндігі деп біледі. Және оны тұлғасына тағылған мін деп санамайды.
• Өзгелерге шектен шығуға, тұлғалық құқықтарды бұзуға жол бермейді. Алайда оларға қателіктерін әдеппен, көркем мінез-құлықпен барынша көрсетуге тырысады.
• Өзіне, өзгелерге кешірімді болып, өмірдегі жағдайларға кең қарайды. Алайда бір істеген қателігін екінші рет қайталамауға тырысады. Осындай ынсапты тұлға болуды қаласақ, бұған жетудің екі жолы бар. Үшінші жол жоқ. Өзін бағаламайтын адам осы түсінігінен арылып, өзіндік бағасын көтергені жөн. Өзін асыра бағалайтын адам болса, тұлғалық өлшемін бір мәрте тексеріп, айналасына зер салғаны абзал.
Кімде-кім өзінің тұлғалық деңгейін көтеруді қаласа, онда төмендегі насихаттар мен нұсқауларды орындасын:
• Өзіңнің ізгілікке, жақсылыққа деген құлшынысыңды оятатын сөздерді жиі айт. Ойыңа келген пікірлерді қадағалап, сүзгіден өткізіп отыр;
• Өзіңді өзгелермен салыстыруды тоқтат;
• Жағымсыз, нашар адамдардан аулақ бол. Ондайлардан, әсіресе, осындай рухани сауығу кезеңінде сақтан. Достықтың түрін анықтап, достарыңды іріктеуге тырыс;
• Өзіңнің жетістіктеріңді жазып жүретін күнделігің болсын. Мейлі, оған азғантай жетістіктерің болса да жазып жүр. Бұл адам жанына құлшыныс береді, демеу болады;
• Ізгі, абзал саналған істермен айналыс. Жаңа қабілеттеріңді ашып, шеберлігіңді шыңда;
• Бақыттың қайнар көздерін ізде. Сені бақытқа жеткізер тетіктерді таба біл;
• Азғантай істерде де пікіріңді білдір. Егер өзіңді бағалағанда әділ болсаң, ынсапты тұлғаға айналасың. Өз кезегінде бойыңа кеңшілік қылуға, кешірімшіл болуға күш-қуат біткенін сезінесің. Ал өзін асыра бағалайтын адамға келсек, өзінің астамшылдығын ынсапты деңгейге түсіруді қалаған адам мына насихаттар мен нұсқауларды орындасын:
• Өзгелердің пікірлерін сұрап, оларды кейбір шешімдерді қабылдауға қолданып, олардың сынпікірлерін, насихаттарын пайдалана білсін;
• Өзгелерге өз қызметіңді ұсын;
• Жақындарыңа өзгеруге талпынып жатқаныңды білдір. Қаласаң олардан осы іске көмектесулерін сұра.
Ынсапты тұлға болуға талпыну – іс жүзінде дерттен сауығу кезеңіне қатты ұқсайды. Мұндай сауығу кезінде адам эго, яғни менмендік уынан, өзін асыра бағалаудан, бойға сіңіп қалған т.б. улардан арылуы керек. Өзіңді сауықтыру кезінде бойыңдағы рухани жағымсыз дерттердің небір белгілерін табуың мүмкін. Алайда қажымай, шынымен өзгерісті қалап талпынсаң, рухани кедергілердің бәрінен өтесің.
Өмірде өзіңді асыра бағалағаныңды көрсетіп қалатын жағдаяттар көп. Сол сияқты өз бағаңды түсіріп жіберген жайттар да бар. Осы тұлғалық үш деңгейдің арасында қалып, өзіңе: «Осы тұлғалардың ішінде менің шынайы тұлғам қайсысы?» – деген сұрақпен абдырап қалуың мүмкін. Өз бойыңнан сені билеп-төстеп, іс-әрекетіңе ықпал етіп тұрған тұлғаны ізде. Өзіңнен өзгенің насихатын қаншалықты дәрежеде қабылдай алатыныңды сұра. Өзгелердің қате-кемшіліктеріне сезіміңнің қалай құбылатынын сұра. Осы тәсілдерді білу арқылы, осы нұсқауларды өзіңе өлшем ету арқылы, өміріңдегі өткен жайттарға талдау жасау арқылы өзіңнің шынайы тұлғаңды тани аласың. Тұлғамды жетілдіріп жатырмын ғой деген есеппен босаңсып кетпеуіңді сұраймын.
материал «Кешірдім» кітабынан алынды,
ummet.kz