Ібіліс шайтанның әскерлері көп. Олардың әрқайсысының өз міндеттері бар.
Мәселен, намаз оқып тұрған адамды жаңылыстырып, шатастыратын жынның аты - «Хәнзәб». Дәрет алған кезде түрлі күмәндарды ойға салып, уәсуәса тудыратын шайтанның аты – «Уәлəһән» (وَلَهَانُ) т.б.
Бірақ олардың ішінде Ібіліс малғұнға ең сүйкімдісі – ерлі-зайыптылардың арасын бұзып, ажырастыратыны екен[1].
Риуаяттарға қарағанда, ерлі-зайыптыларды бір-бірімен ұрыстырып, арада жанжал тудыратын шайтанның аты - «Дәәсим» екен. Табиғин ғалым Мүжәһидтің сөзіне қарағанда Дәәсим – Ібіліс малғұнның балаларының бірі. Оның міндеті үйде жанжал туғызу.
Мүжәһид былай дейді: «...Дәәсим үйге отағасымен бірге кіріп, отбасындағы кейбір айып-кемшіліктерді оған көрсетеді де ол оған ашуланады»[2].
Кейбір деректерде Әзіреті Омарға тиесілі етілетін мынадай сөз келтіріледі. Онда Әзіреті Омар былай деген: «Ерлі-зайыптылардың арасын бұзатын шайтанның аты – Дәәсим. Егер, кімде-кім үйіне сәлем бермей кірсе, ол да бірге кіріп, майда-шүйде нәрселерден жанжал шығарады».
Үйге сәлем беріп кірудің маңыздылығын Алла елшісі де өз сөзінде бірнеше рет айтып кеткен. Сондай хадистердің бірінде Әнәс ибн Мәликке Пайғамбарымыз (ғалейһиссәләм):
«Ей, ұлым! Отбасыңа кіргенде сәлем бер (әссәләмуғалейкум де). Саған да, үй ішіңе де береке болады», - деп кеңес еткен[3].
Алла Тағала отбасыларыңызды береке-бірліктен айырмасын!
[1] Хадис. «Сахих Мүслим».
[2] Абдурауф әл-Мәнәуи: Файдуль Қадир Шархуль Жәмиғис сағир.
[3] Имам Тирмизи: Сүнән. №2698 хадис
материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,
ummet.kz