13
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Сахабадан насихат: «Маған емес, бірінші бауырыма бер»

Сахабадан насихат: «Маған емес, бірінші бауырыма бер»

Ислам тарихы

Айша анамыздан (Алла разы болсын) риуаят етілген хадисте пайғамбардан (с.ғ.с) уахи сізге қалай келеді деп сұраған кісі осы әл-Харис ибн Һишам болатын.

Бірде әл-Харис ибн Һишам (Алла разы болсын) Пайғамбарға (с.ғ.с): «Маған құтылатын бір амал жайында хабар берші, уа, Алланың елшісі», – деді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с): «Мынаған ие бол!» – деп тіліне ишара жасайды. Сонда әл-Харис: «Өзім көп сөйлемейтін адам едім. Неге бұлай айтты екен?» – деп ойланып қалады да: «Әрі бұл оңай ғой», – дейді. Уақыт өте келе: «Тілге ие болудан қиын нәрсе жоқ екенін түсіндім», – дейді.

Алла елшісі (с.ғ.с) Мәдинада дүние салғанға дейін әл-Харис ибн Һишам (Алла разы болсын) Меккеде болды. Мұсылмандар билігі Әбу Бәкір ас-Сыддыққа (Алла разы болсын) өткенде халифа Меккеге хат жолдап, әл-Харис ибн Һишам, Суһайл ибн Амр, Икрима ибн Әбу Жәһил сынды дарабоздарды Мәдинадағы Ислам әскеріне көмек қолын созуға шақырды.

Жолға дайындығымен Меккеден шығып бара жатқанда қала халқы тайлы-тұяғы қалмастан арттарынан еріп шықты. Тіпті, халық әл-Харис ибн Һишамды (Алла разы болсын) қимай, барлығы түгел жылағанда әл-Харис те көз жасына ие бола алмай жылап тұрып былай деді:

«Уа, халайық! Алламен ант етейін! Мен сендерден к,ұтылу үшін немесе мына ұлы қала Меккеден өзге мекенді артық көріп шығып бара жатқан жоқпын. Алайда жағдай осыны талап етіп тұр. Себебі бізден бұрын Исламды қабылдағандардың кейбірі тегі мықты болмаса да, игі іс жасауда бізден әлдеқайда озып кетті. Егер біз мына Мекке тауларындай алтынымыз болып, соны Алла жолында жұмсасақ та, енді жете алмаймыз. Бұл дүниеде олардан артта қалдық, бірақ істің шешімі бар, ол – шәһидтік. Менің бұл сапарым Аллаға қарай аттанатын жол екенін білемін», – деп қимастықпен жол тартып кетеді.

Қалың жұртшылық көзі жәудіреген көңілсіз күйде асылымен қоштасты. Мәдинаға жеткенде халифа Әбу Бәкір ас-Сыддық (Алла разы болсын) әрқайсысына жеке-жеке кіріп, сәлем беріп келгендеріне қатты қуанды. Әбу Бәкір ас-Сыддық (Алла разы болсын) өмірден өтіп, халифалық Омар әл-Фаруққа (Алла разы болсын) өткенде Шамдағы Византия империясына қарсы мұсылмандарға қосымша күш ретінде Мәдинада әскер жасақталды. Сол әскермен бірге әл-Харис ибн Һишам да (Алла разы болсын) отбасын түгел ертіп, ұлы жолға аттанды.
​​

Шамдағы орын алған барлық шайқасқа қатысты. Һижреттің он бесінші жылы адамзат тарихындағы ең сойқан Ярмук соғысы орын алғанда тарих өз арнасын өзгертті. Сахабалар бұған дейін қиял болып келген византиялықтардан берекелі Шам жерін азат етті. Осы шайқас алаңында жауға лап берген әл-Харис ибн Һишам (Алла разы болсын) қатты жарақат алып, атынан құлайды. Әл-дәрмені қалмаған әрі қатты шөлдеген әл-Харис: «Су!» – деп айғайлайды. Жанындағы жауынгерлердің бірі дереу суды алып жүгіріп келе жатқанда қасындағы қатты жарақаттанған Икрима ибн Әбу Жәһилге көзі түсіп: «Маған емес, бірінші бауырыма бер», – деп айғайлайды. Су көтерген әлгі жауынгер Икримаға жақындағанда Икриманың көзі соңғы демін алып, жарақатынан қатты қиналып жатқан Аййаш ибн Әбу Рабиғаны шалып қалады да: «Суды маған емес, анаған бер», – деп қолын алға сілтеді. Суды Аййашқа әкелгенде ол бақилыққа аттанып кетеді, қайта жүгіріп Икримаға келсе, ол да үзіліп кетіпті. Алғашқы су сұраған әл-Харис ибн Һишамға жүгіріп келсе, ол да мәңгілік сапарға аттанып үлгерген екен. Өз бауырларын өздерінен артық қойған сахабалардың бұл әрекеті тарихтағы ерекше оқиға ретінде талай адамды таңдай қақтырды.

Бірақ хабарлардың кейбірінде әл-Харис ибн Һишам әл-Махзуми (Алла разы болсын) һижреттің он сегізінші жылында Палестинада қаншама сахаба мен табиғиннің өмірін жалмаған «Амуас» обасынан дүние салғандығы айтылады. Анығын Алла білуші. Артында Абдуррахман деген ұлы мен Умму Хаким деген қызы қалады. Ал әйелі Фатима бинт әл-Уәлидті халифа Омар ибн әл-Хаттаб некесіне алады.

Туған жер және жылы төсек пен тоқшылықты тастап, елден жырақта Исламды тарату жолында ұлы сахаба, қайталанбас ерекше тұлға әл-Харис ибн Һишам әл-Махзуми (Алла разы болсын) бұл фәнимен мәңгілікке қоштасты. Әлемдердің Раббысы оған өзі ойлағаннан да артық жақсылықтар сыйласын!

материал «Сахабалардың сәулелі ғұмыры» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: