10
Жұма,
Мамыр

һижри

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қажылықты орындау әдебі

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қажылықты орындау әдебі

Ислам тарихы

Алла елшісі (с.а.с.): «(Қажылық) рәсімдерін менен алыңдар (үйреніңдер)», – деп айтқан.

Осы хадиске орай, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қажылығын қалай орындағанын әңгімелейтін хадисті келтірейік.

Жәбир (Алла оған разы болсын): «Алланың елшісі (с.а.с.) тоғыз жыл қажылық жасаған жоқ. Сосын оныншы жылы Алла елшісі (с.а.с.) қажылық жасайтынын жариялады да, Мәдинаға көп адам жиналды. Олардың барлығы Алла елшісіне (с.а.с.) ілесіп, ол орындаған рәсімдерді істеуді қалаған-ды. Біз онымен бірге шығып, Зул-Хулайфаға бардық. (Сол жерде) Әсмә бинт Ғұмайс Мұхаммед ибн Әбу Бәкір (деген ұлын) босанып, не істеймін деп Аллаһ елшісіне (с.а.с.) (кісі) жіберді. (Алла елшісі (с.а.с.)): «Ғұсыл құйын және қан ағып тұрған жерге ұзынша келген жалпақ мата қойып, оның екі шетін алды-артынан байла да, ихрамға кір», – деп (тапсырды). Алла елшісі (с.а.с.) мешітте екі ракағат намаз оқыды да, сосын Қасуа (деп аталатын түйесіне) отырды. Түйесі шөл далаға шыққанда, оның алды-артынан, оң жақ, сол жағынан көзім жетер аралықта (көп) аттылы-жаяу (адамдарды) көрдім. Алла елшісі (с.а.с.) біздің арамызда еді. Оған Құран түсіп тұрды әрі ол бұл (аяттардың) мән-мағынасын білетін. (Сондықтан) біз ол не істесе, соны қайталайтынбыз. Ол (дауысын көтере): «Ләббәйкә Аллаһумма ләббәйк, ләббәйкә лә шәрикә ләкә ләббәйк, иннәл-хамдә, уән-ниъмәтә ләкә уәл-мүлк, лә шәрикә ләк (Міне, мен Сенің құзырыңдамын, уа, Алла! Міне, мен Сенің құзырыңдамын! Міне, мен Сенің құзырыңдамын, Сенің серігің жоқ! Міне, мен Сенің құзырыңдамын! Расында, барлық мадақ, барлық нығмет және бар билік Саған тән! Сенің ешқандай серігің жоқ)», – деп Алланың жалғыз Жаратушы екенін көрсететін сөздермен тәлбия айтты. Адамдар да осы (сөздерді) қайталап тәлбия айтты. Алла елшісі (с.а.с.) оларды мұның ешқайсысынан қайтарған жоқ және ол (с.а.с.) тәлбия айтуын жалғастыра берді.

Біз қажылықтан басқаны ниет етпеген едік және умраның не екенін білмейтінбіз. (Пайғамбармен (с.а.с.)) бірге Қағбаға жеткенімізде, ол (оның) бұрышын сипады да, сосын оны үш рет жылдамдата, төрт рет жай жүріспен айналды. Сонан соң Ибраһимның (аләйһис-сәләм) мақамына барып: «Ибраһимның мақамынан намаз оқитын орын қылып алыңдар» (деген аятты) оқыды. Сосын (Алла елшісі (с.а.с.)) Ибраһимның мақамын өзі мен Қағба арасында етіп тұрды да, «Ықылас» және «Кәфирун» сүрелерін тіләуат қылып, екі ракағат намаз оқыды. Содан кейін ол (с.а.с.) (Қағбаның) бұрышына қайта келіп, оны сипады да, қақпадан шығып, Сафаға бет алды. Сафаға жақындағанда: «Расында, Сафа мен Маруа (яғни олардың арасында жүру) Алланың рәсімдерінен» (деген аятты) оқыды да, сосын: «Мен Алла бастағаннан бастаймын», – деді.

Сөйтіп, ол Сафадан бастады және оған Қағба көрінетіндей биіктікке көтеріліп, құбылаға жүзін бұрды да, Алланың жалғыз Жаратушы екенін жариялап, Оны ұлықтады. Сосын: «Лә иләһә илләллаһу, уәхдәһу лә шәрикә ләһу, ләһул-мулку уә ләһул-хамду, уә һууә ъалә кулли шәй-ин қадиир. Лә иләһә илләллаһу уәхдәһу, әнжәзә уаъдәһу, уә насара ъабдәһу, уә һәзәмәл-ахзабә уәхдәһу (Ешқандай серігі болмаған жалғыз Алладан басқа ешбір құдай жоқ. Барлық мадақ пен патшалық Оған тән. Ол уәдесін орындады, Өз құлына жәрдем берді және дұшпандарды жалғыз Өзі күйретті)», – деді. Сонан соң ол (с.а.с.) Аллаға жалбарынып дұға жасады және мұны үш рет қайталады. Содан кейін ол Маруа бағытына қарай төмен түсе бастады. Аяғы жазыққа тиген соң жылдамдата жүрді де, қыраттау жерге жеткенде жай жүріске ауысты. Маруаға көтерілген (Алла елшісі (с.а.с.)) Сафада істегенін қайталады. Ол соңғы сағиды Маруада аяқтап: «Егер қазіргі білгенімді бұрын білгенімде, құрбандық малын айдап келмес едім және умра жасар едім. Қайсыбіріңде құрбандық малы болмаса, ол ихрамнан шығып, (алдында істегендерін) умра қылсын», – деді.

Сонда Сурақа ибн Мәлик ибн Жуғшум орнынан тұрып: «Уа, Алланың елшісі! (Бұл үкім) біз үшін биылға ма әлде барлық уақытта ма?» – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.) саусақтарын тарақтап: «Умра қажылықтың ішіне кіреді», – деп екі рет айтты да, сосын: «Бұл барлық уақытта», – деп жауап берді. Осы кезде Әли Йеменнен Пайғамбардың (с.а.с.) құрбандық түйелерін алып келді. Ол Фатиманың (Алла оған разы болсын) ихрамнан шығып, боялған киім киіп, сүрме жағып алғанын көреді. Әли бұл үшін жазғырғанда, ол: «Әкем (яғни Алла елшісі (с.а.с.)) маған осылай етуді бұйырды», – дейді. Әли: «Мен Фатиманың бұл істегені үшін шағымдануға және ол айтқан нәрсенің жөнін білу үшін Алла елшісіне (с.а.с.) бардым. Оған (с.а.с.) (Фатиманы) жазғырғаным туралы айтқан едім, ол: «Ол рас айтты! Ол рас айтты! Сен қажылықты бастағанда не айттың?» – деді. Мен оған: «Уа, Алла! Сенің пайғамбарың не үшін ихрамға кірсе, сол үшін ихрамға кіремін», – деп айттым», – дедім. Сонда ол (с.а.с.): «Менімен бірге құрбандық малы бар, сондықтан сен де ихрамнан шықпа!» – деп тапсырды», – дейтін;

Жәбир әңгімесін жалғап: «Йеменнен Әли айдап келген және Пайғамбардың (с.а.с.) өзі әкелген құрбандық малының жалпы саны жүз (түйе) болатын. Пайғамбар (с.а.с.) мен одан өзге құрбандық малын айдап келгендерден басқалар ихрамнан шығып, шашын алдырды. Ал тәруия күні олар қажылыққа тәлбия айтып, Минаға аттанды. Алла елшісі (с.а.с.) түйесіне мініп барды. Ол (с.а.с.) (Минада) бесін, аср, ақшам, құптан және таң намаздарын оқыды. Сосын күн шыққанша біраз тұрды да, Намираға өзіне жүн шатыр тігуді бұйырды. Алла елшісі (с.а.с.) жолға шыққанда, құрайыштар оның (Муздалифадағы) әл-Машғар әл-Харамға (әл-Харам аймағының шекарасына)

тоқтайтынына күмәнданбаған еді. Өйткені жәһилият дәуірінде құрайыштар солай ететін. Алайда Алла елшісі (с.а.с.) Арафатқа жеткенше еш жерге аялдаған жоқ. Намирада ол (с.а.с.) үшін шатыр тігіліп қойған еді, ол (с.а.с.) сол жерге тоқтады. Түс қайтқаннан кейін Қасуаны әкелуді бұйырды да, оған мініп, жүгін артып, ойпаттың ішіне түсті және сол жерде адамдарға құтпа жасап: «Расында, сендердің қандарың мен дүние-мүліктерің бір-біріңе осы айдағы, осы қаладағы осы күннің қасиетіндей қастерлі! Жәһилият істерінен барлық нәрсеге тыйым салынды! Жәһилият кезінде төгілген қанға тыйым салынды! Біздің қан төгуімізден мен тыйым салатын ең бірінші қан – Ибн Рабиға ибн Харисаның (кегін қайтару үшін төгілетін) қаны

Жәһилият кезіндегі өсімқорлыққа тыйым салынды! Біздің өсімімізден мен тыйым салатын ең бірінші өсім – Аббас ибн Абдулмутталибтың өсімі. (Өсімнің) барлығына тыйым салынды! Әйелдеріңе қатысты Алладан қорқыңдар! Өйткені сендер оларды Алланың кепілімен алдыңдар және Алланың сөзі бойынша иемдендіңдер. Сендердің (әйелдердегі құқықтарың) – олар өздерің ұнатпайтын ешкімді көрпелеріңе аяқ бастырмауы тиіс. Егер бұлай етсе, оларды аса батырмай ұрыңдар. Ал (әйелдердің) сендердегі (құқықтары) – оларды тиісінше нәпақамен қамтамасыз етіп, киіндіруге міндеттісіңдер!

Расында, мен сендерге одан бекем ұстап айырылмасаңдар, сендер бұдан кейін ешуақытта адаспайтын бір нәрсе қалдырдым, ол – Алланың кітабы. Сендерден мен туралы сұраса, не деп айтасыңдар?» – деп сұрады. Адамдар: «Сенің жолдауыңды жеткізгеніңе, міндетіңді орындағаныңа және насихат жасағаныңа куәлік береміз», – деп жауап берді. Алла елшісі (с.а.с.) сұқ саусағын көкке көтерді де, сосын осы саусағымен адамдарды көрсетіп: «Уа, Алла, куә бол! Уа, Алла, куә бол! Уа, Алла, куә бол!» – деді.

Сонан соң азан және иқама айтылды да, ол бесін намазын оқыды. Содан кейін (тағы да) иқама айтылып, (Пайғамбар (с.а.с.)) аср намазын оқыды. Ол (с.а.с.) бұл екеуінің арасында басқа намаз оқыған жоқ. Сосын (түйесіне) мінді де, мауқифқа келді. (Пайғамбар (с.а.с.)) түйесі Қасуаны жартасқа шөктірді және жаяу адамдардың тобырын алды жағына ұстап, құбылаға бұрылды да, күн батқанша сол жерде тұрды. Сары шапақ біраз басылып, күннің көзі ұясына кіргенде Алла елшісі (с.а.с.) Усаманы арқасына мінгестіріп жолға шықты. (Пайғамбар (с.а.с.)) Қасуаның бұйдасын қатты тартқаны сонша, оның басы үзеңгіге тірелетін. Ол (с.а.с.) оң қолымен (ишара жасап): «Ей, адамдар, ақырын, ақырын!» – деп айтатын. Әр төбеге келгенде (Алла елшісі (с.а.с.) Қасуа қиналмай) шығу үшін бұйданы біраз босатып отырды.

Муздалифаға жеткен соң, (Пайғамбар (с.а.с.)) бір азан, екі қаматпен ақшам және құптан намаздарын оқыды және екеуінің арасындағы нәпіл намазын оқыған жоқ. Мұнан соң Алла елшісі (с.а.с.) таң атқанша жатып демалды. Таң білінгенде бір азан, бір қаматпен таң намазын оқыды. Одан кейін Қасуаға мініп, әл-Харам (аумағының) шекарасына келді. (Онда) жүзін құбылаға қаратып, Аллаға дұға жасады, Оны ұлықтады, Алладан басқа ешбір құдай жоқтығына куәлік берді және таухид сөздерін айтты. (Ол жерде) таң толық жарық тартқанша тұрған (Пайғамбар (с.а.с.)) күн шықпай тұрып жолға түсті және Фадл ибн Аббасты мінгестіріп алды. (Фадл) сұлу шашты, ақ реңді, сымбатты жігіт еді. Жол-жөнекей жандарынан бір әйелдер өткенде, Фадл оларға қарай бастады. Алла елшісі (с.а.с.) қолымен оның бетін жауып еді, ол басын басқа жаққа бұрып алып қарай берді. Алла елшісі (с.а.с.) оның жүзін (әйелдерге) қараудан басқа жаққа бұрмақ болып қолын сол жаққа Фадлдың бетіне ауыстырды. Сөйтіп, (Пайғамбар (с.а.с.)) Мухассир жазығына келіп жетті және жүрісті біршама тездетті.

Содан кейін ол (с.а.с.) үлкен бағанаға апаратын ортаңғы жолмен жүріп, ағаш жанындағы бағанаға келді де, оған жеті майда тас лақтырды және әрбір тасты лақтырғанда Аллаға тәкбір айтып отырды. (Алла елшісі (с.а.с.)) тасты ойпаттың ішкі жағынан атты.

Сонан соң (Пайғамбар (с.а.с.)) құрбандық шалатын орынға барып, өз қолымен алпыс үш (түйені) бауыздады. Сосын Әлиге тапсырып, қалғанын сол бауыздады. Осылай (Алла елшісі (с.а.с.)) оны құрбандық малына серіктестірді. Содан кейін ол (с.а.с.) әр түйенің (етінен) бір кесектен алдырып, олар қазанға салынып, пісірілді. (Пайғамбар (с.а.с.)) бұл еттен жеп, оның сорпасынан ішті. Сонан кейін Алла елшісі (с.а.с.) (түйесіне) отырып, Қағбаға қарай жүрді. Бесін намазын Меккеде оқыған соң, зәмзәм суын тартып әперіп тұрған Абдулмутталиб әулетінің (адамдарына) келіп: «Тартыңдар, Абдулмутталиб әулеті! Адамдар сендерді су тартып әперу қызметтеріңнен ығыстырып шығарып жіберуінен қауіптенбегенімде, сендермен бірге мен де су тартар едім», – деді. Сонда олар оған (зәмзәмнан) бір шелек су беріп еді, (Алла елшісі (с.а.с.)) одан ішті», – деген.

материал «Құлшылық және сенім» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: