26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Нәпсі билеген адамға Құдай көп болып көрінеді

Нәпсі билеген адамға Құдай көп болып көрінеді

Ислам тарихы

Мәуләнаның “Мәснәуиінен” мына бір оқиғаны оқып отырмын. Алар ғибраты көп екен.

Бір ұста көзі қыли біреуді:

- Бар да арғы бөлмедегі анау тұрған шишаны алып кел, - деп жұмсапты.

Әлгі қыли да шишаның қасына барып тұрып:

- Екі шишаның қайсысын алып келейін, нақтысын айт, - дейді екен.

Ұста да:

- Ол жерде екі шиша емес, бір ғана шиша тұр, қылиланбай дұрыстап қара, - дейді.

Қыли да:

- Әй, ұста! Мазақ қылмай, жөніңді айт, - дейді.

Сонда ұста:

- Онда екі шишаның біреуін сындыр да, екіншісін алып кел, - дейді.

Әлгі қыли шишаның біреуін сындырып қараса, екіншісі де көзден ғайып боп жөнеле беріпті.

“Қиссаның ғибраты: Адам ашу мен нәпсілік қалауларының себебінен “қыли” болады. Шиша біреу еді, қылидың көзіне екеу көрінді. Біреуін сындырып еді, екіншісі де жоқ болды. Ашу мен нәпсілік шәһуат да адамды дәл осылай қыли қылады, рухты ақиқаттан теріс бұрады”, - дейді Мәулана.

Сопылардың түсінігінде нәпсі пұттардың атасы саналады. Себебі, адамды мал-мүліктен бастап, атақ-мансап секілді пұттарға табындыратын да осы нәпсі. Сондықтан да, нәпсі билеген адамға Құдай бірден көп боп көрінеді. Нәтижесінде қылидың шишасыз қалғаны секілді, адам да құдайсыз қалады.

материал ««Тасаууф тұңғиығынан»» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: