28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

«Құдайға да жақсы адам керек» деген сөз дұрыс па?

«Құдайға да жақсы адам керек» деген сөз дұрыс па?

Ислам тарихы

«Құдайға да жақсы адам керек» деп бізде көбіне бір жақсы адам қайтыс болғанда, оның қазасына өкініш білдіріп айтып жатады. Әйтсе де, бұл сөздің түбінде белгілі деңгейде Құдайдың ісіне деген бейнебір наразылық самалы сезіледі. Оның астарында: «Құдай неге пәлен байды алмады? Неге түгенше залымды алмады? Неге осындай қойдың аузынан шөп алмайтын адал жанды алады да, аналарды ұзақ жасатып қояды?!» деген сияқты бейнебір наразылық байқалады. Сондықтан олай айтпау керек.

Алдымен мына нәрсені білуіміз керек, бұл өткінші дүниедегі өмір - о дүниедегі өмірмен салыстырғанда түкке тұрғысыз. Осы өмірде адам баласы ең көп болса 80-90 жыл ғана жасайды. Бұл дегеніңіз 29200 күн деген сөз. 90 жасыңыз 32850 күнді ғана құрайды. Ойлап қарасақ, өмір дегеніңіз санаулы-ақ күннен тұрады екен ғой. Ал ақыреттік өмір - мәңгі. Сол себепті де, Құдайдан үміті бар мұсылман бұл өмірден ерте кеткеніне өкінбейді. Әрине, өмір сүру - керемет, тамаша, оған сөз жоқ. Бірақ ақырет өмірі одан да керемет әрі мәңгі. Сондықтан да, мүмін-мұсылманды бұ дүниеден ерте кететіні уайымдатпауы тиіс, оны о дүниеге алып бара алатындай қандай амалы бары уайымдатуы тиіс. Ислам дінінде Алла Тағаланың сүйікті құлы болудың белгісі байлықпен немесе ұзақ жасаумен өлшенбейді ешқашан.

Негізінде, Алла Тағаланың кейбір залымдарды ұзақ жасатып, ал керісінше кейбір қайырымды жанды ерте алуының өзіндік сыры бары анық. Бірақ, ондағы тәңірлік сырдың шешімі бізге белгісіз. Алайда, кейбір Құран аяттарына қарасақ, Алла Тағаланың жоспарын ұғынып көруге болады.

Құран аяттарына қарағанда, Жаратушы Құдай Тағала, кейбір қайтпас залым кәпірлерді одан бетер күпірлік батпағына бата түссін деп өлімін кешеуілдетуі мүмкін екен. Тіпті одан бетер азғындық шырмауына шырмала түссін деп, оның байлығына байлық та қосып береді.

Кейде кейбір күнәһар пенделеріне Алла Тағала тәубе ету мүмкіндігін беру үшін өмірін ұзартып қоюы ықтимал. Ал, керісінше жақсы адамды бұл өткінші дүниеде одан әрі күнәға батпасын, о дүниеде есебі жеңіл болсын деген мақсатта жанын ерте алуы да ғажап емес. Кім біледі, «Құдайға да жақсы адам керек» деген тәмсіл осындай мағынада айтылған болуы да мүмкін. 

Қорыта айтқанда, кім де болса, белгілеп берілген өмірін сүріп, дәм-тұзы таусылған кезде, жаман болсын, жақсы болсын бақиға аттанары сөзсіз. Сондықтан да, өмір сүру мүмкіндігі берілген бай кісі оны мұрсат біліп, байлығын сауапты істерге жұмсағаны жөн, ал күнәһар пенде ертерек тәубеге келіп, дұрысталуға ден қойғаны дұрыс. Бүгінде көп адамның айтатыныдай: «қысқа өмірде өмір сүріп қалу керек» деген түсінік қате түсінік. Ислам бізге «қысқа өмірде сауап жиіп қалу керек» деп үйретеді. Ал «Құдайға да жақсы адам керек» деген сөзді, ең жақсысы айтпаған жөн. 

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: