23
Сәрсенбі,
Қазан

һижри

Мына нәрселер үнемшіл болуға мотивация береді

Мына нәрселер үнемшіл болуға мотивация береді

Ислам тарихы

Үнемшілдік – жақсы қасиет. Үнемдей білетін адам қаржылық қиындықтардың алдын алып, өзін қарызға батудан сақтайды. «Паркинсон» деген заң бар. Қысқаша анықтамасы: «Шығын әрдайым кіріске теңесуге ұмтылады». Яғни, кіріс көбейген сайын шығын да арта береді деген сөз. «Қанша тапсам да, жетпей жатады» дейтіндерді түсінуге болады. Расында да артық ақшамыз болғанын қанша қаласақ та, ол күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерімізден артылмай жатады.

* қажет кезде ақша жұмсай білу – жомарттық,

* қажет кезде ақша жұмсамай қалу – сараңдық,

* қажет емес кезде ақша жұмсау – ысырапшылдық,

* қажет емес кезде ақша жұмсамау – үнемшілдік.

Қаржы сауаттылығы жайлы кез келген кітапты ашып қалсаңыз, ең алдымен кіріс-шығыс есебін жүргіз дейді. Қанша тауып, қайда қанша жұмсап жатқаныңды білуің керек. Coinkeeper деген тамаша мобильді қосымша бар. Кіріс-шығыс есебін жүргізуге едәуір көмектеседі. Бірақ басында кәдімгі қағаз дәптер бастап, қолмен жазу пайдалы. 2016 жылы бәрімізге таныс Excel бағдарламасында кесте құрып, кіріс-шығыс есебін жүргізе бастадым. Кіріс және шығыс бағандарын жасап қойдым. Ақша түскенде немесе жұмсағанда кестені толтырып отырдым. Әр айдың соңында анализ жасап, қорытынды шығарамын: қайда қанша жұмсадым, келесі айда қанша үнемдеуім керек, қай шығындарым орынсыз болды, т.б. Көп көмегі тиді. Кейде ойланбай бір затты сатып алғым келсе, дереу есіме кестем түседі де, өзімді тыя қоям.

Жалпы ақша үнемдеудегі мақсат не? Шалқып жүре бермейміз бе? Ертең кім бар, кім жоқ. «Оралыңды барында ойна да күл» дегендей. Мына нәрселер үнемшіл болуға мотивация береді деп ойлаймын:

1. Үнемшіл адам өзін қарызға батудан сақтайды. Қарыздан ауыр жүк бар ма?

2. Үнемделген ақшаны білімге, жеке дамуыңа инвестиция ретінде құя аласың (тренингтер, кітаптар).

3. Үнемделген ақшаны бизнеске инвестиция ретінде құйып немесе қор нарығында ірі компаниялардың акцияларын сатып алып, табысыңды еселей аласың. Халықтың 3-5%-ы ғана кәсіпкерлік қабілеттерге ие екен. Кәсіпкер болмай-ақ, инвестор боп, бизнестен үлес сатып алып, баюға болады.

4. Үнемделген ақшамен шетелге шығып, саяхаттап келуге болады. Мысалы, Батыс Еуропаға (Париж, Рим, Венеция, т.б.) 10 күнге саяхаттап бару үшін 480 000 теңгең болса, жеткілікті. Ай сайын 40 000 тг үнемдеп отырсаң, 1 жылдан кейін, 20 000 тг болса – 2 жылдан кейін, 10 000 тг болса – 4 жылдан кейін Париж, Венецияны көрсем деп арманыңа жете аласың) Мүмкін одан да аз уақыт шығар.

5. Ақша үнемдеп, қайырымдылыққа жұмсауға болады. Кезекті дөнерді жеуден бас тартып, аш жүрген адамды бір сәт еске алып, барыңмен бөліссең, игі іс сол емес пе? Үнемдеуді үйренуіміз керек. «Теңге тиыннан құралады», «Тамшыдан тама-тама дария болар» дейді. Әр нәрсеге үнеммен қарай білсек, байи түсеміз, қолда барды көбейтеміз, қауіпсіз болашағымыздың, қаржылық тәуелсіздігіміздің негізін қалаймыз.

материал «Лайфхактар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: