27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Кәсіп алға басу үшін қандай дұғалар оқу керек?

Кәсіп алға басу үшін қандай дұғалар оқу керек?

Ислам тарихы

Ислам дінінде дұғаның орны орасан зор. Мұсылман адам өмірінде орын алған әртүрлі жағдаяттарда Раббысына қол жайып, шын жүрегімен дұға етеді. Біз төменде берекені, ризықты арттыратын, кәсіп алға басу үшін оқылатын дұғаларға тоқталсақ. 

1. Сауда, кәсіп, ризық табуда тура жолда жүру үшін пайда беретін дұға. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) таң намазын оқып болғаннан кейін: «Уа, Алла! Расында мен Сенен адал ризық-несібе, пайдалы білім әрі қабыл болатын амал сұраймын», – дейтін.

2. Ризық дұғасы: «Уа, Алла! Патшалықтың Иесі! Билікті қалағаныңа бересің және қалағаныңнан билікті аласың. Қалағаныңның мерейін үстем етесің, қалағаныңды төмендетесің. Ізгілік Сенің иелігіңде. Ақиқатында, Сен әр нәрсеге Құдыреттісің! Дүниеде де, ақыретте де Мейірімін төгуші. Сен қалағаныңа екі дүние жақсылығын бересің, қалағаныңа бермейсің. Өзіңнің рахметіңмен басқаға мұқтаж етпе».

3. «Уа, Раббым! Ризық-несібем аспанда болса, жерге түсір. Жерде болса, бетіне шығар. Алыс болса, жақындат. Қиын болса, жеңілдет. Жеңіл болса, көбейтіп, берекелі қыл! Әмин!».

4. Базарға кіргенде оқылатын дұға: Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім базарға келіп, «Алладан басқа Тәңір жоқ. Ол жалғыз және Оның серігі жоқ. Мүлік Оған тән және Ол барлық мақтауға лайық. Өлтіреді және тірілтеді. Ол тірі, ешқашан өлмейді. Жақсылық Оның иелігінде және күш-құді-реті барлық нәрсеге толық жетеді», – десе, Алла Тағала ол адамға сансыз сауап жазады және оның күнәсін кешіріп, дәрежесін өсіреді», – деген.

5. Берекені арттыру дұғасы: «Уа, Раббым! Ризығыма, өміріме, жұмысыма, біліміме, уақытыма, ұрпағыма, денсаулығыма, отбасыма берекеңді беруіңді сұраймын».

Сонымен қатар көп истиғфар, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үнемі салауат айтып жүру ризықты арттырады. Бұдан басқа да кәсіпті жүргізуге себеп болатын, ризықты арттыратын дұғалар бар. Алайда адам ең алдымен Аллаға тәуекел етіп, ризығын талап етуде әрекет етіп, жұмыс істеуі керек. Сондай-ақ дұға қылғанда Алла Тағалаға жалбарынып, шын жүрегімен және дұғасының анық қабыл болатынына сеніп жасауы керек.

Алла Тағала баршамыздың кәсібімізге, әрбір ісімізге береке берсін!

дереккөз: muftyat.kz



Бөлісу: