26
Сейсенбі,
Қараша

һижри

Біреуге ашулансаң, айтып тастау керек пе?

Біреуге ашулансаң, айтып тастау керек пе?

Ислам тарихы

Жалпы психологтар солай айтады ғой. «Ішіңде сақтама, шығар. Әйтпесе ауру боласың. Тіпті жинала берсе, рак болып кетуі мүмкін. Айтып тастасаң, жеңілдеп қаласың, т.б...» деген сияқты.

Батыстың психологтарынан бастау алған бұл әдіс дұрыс па? Бірақ сонда пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына жауһар сөздерін қайда қоямыз?

- «Сабыр алғашқы соққы тигенде білінеді»;

- «Көпті жығып, жеңген мықты емес, нағыз мықты – ашуланғанда өзін ұстай білген кісі»;

- «Егер сендердің бірің ашуланса, үндемесін»;

- «Кімде-кім Алланың ризалығы үшін ашуын тыятын болса, оның ішін иманмен толтырады».

Демек, бір жақты қарауға болмайды. Мен енді психолог емеспін. Бірақ қара жаяумын демеспін. Бала кезден өте ашуланшақ адам ретінде және қазір ашуымды біршама тізгіндей алған адам ретінде өз тәжірибемді айтайын.

Ашуланғанда үлкен энергия ішіңде тұратыны рас. Жүрегіңді бір толқын билеп (шайтанның үрлеуі шығар, шоққа үрлегендей), қаның басыңа шауып, жүрегің қатты соғып, айтып тастағың келетіні де рас. Сол сәтте айтып тастасаң, жерігің басылғандай, шөлің қанғандай, қышуың қасылғандай, қанағаттанған сезім туатыны рас. Мысалы, көлік жүргізіп келе жатасың. Біреу келіп дөрекі түрде алдыңды қиып, тұмсығын тығып тұра қалды. Шытынап ашуланасың ба? Ашуланасың! Айқайлап, боқтағың, ұрғың келе ме? Иә! Ал сонда ашуды қалай жұтамыз?

Былай: ашуыңды ақылға жеңдіріп, өзіңе сұрақ қоясың; өзіңді сол адамның орнына қойып көресің.

- «Асығып келе жатқан шығар, асыққанына бір себеп бар шығар»;

- «Көлікте екіқабат әйелін перзентханаға апара жатқан шығар»;

- «Көлікте баласы ауырып, соны үйіне тез апара жатқан шығар»;

- «Дәрет қысып, асығып бара жатқан шығар»;

- «Басында проблемасы көп шығар, соған басы қатып келе жатқан шығар»;

- «Өзің де кейде асығасың ғой бір шаруа туғанда. Бүгін осының басына туып тұрған шығар»;

- «Ит тістеді екен деп, мен де тістейін бе?»

- «Кім үшін ашуланып жатырмын: нәпсім үшін бе, құдай үшін бе?»

Осылай ойлағанда ашуың жоқ боп кетеді. Ішіңде қалмайды да. Ішіңде қалмаған соң, сыртқа не шығарасың? Не айтып тастайсың???

материал «Терең ой» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: