Германияға тіл үйренуге барған бір кісі әңгімелейді:
«Неміс тілінен сабақ беретін мұғалім уақыт мәселесіне келгенде өте тиянақты болатын, ешкімге жеңіл қарамайтын. Кімнің қанша минут кеш келгенін белгілеп отырып, дәрістен соң оларды сонша минут оқытып жіберетін. Әрине, оның бұл ісі бізге онша ұнай қоймайтын. Бір күні он сегіз минут сыныпта қалып дәріс оқу жазасын алған бір жолдасымыз ұстазға қарсы шығып ашуланды. Ұстаз оған былай деді:
– Жолдастар! Сендер уақытты дұрыс пайдаланбайсыңдар. Онымен қоймай маған ренжисіңдер. Бірақ мен дұрыс істеп жатқаныма сенемін. Содан соң сөмкесінен пойыз кестесін шығарды.
– Өтінемін, мынаған назар аударыңдар! – деді.
Пойыздардың жүру және жету уақыттары 7:17, 11:43, 15:19, 19:31 секілді минут-секундына дейін есептелген болатын. Бұл уақыттардың неге бұлай жарым-жарты қылып белгіленгенін сұрап едік, ұстаз былай деді:
– Пойыздың жүру кестесі Исламның уақыт түсінігіне байланысты түзілген. Біз уақытты пайдалануды мұсылмандардан үйренгенбіз. Сендердің құлшылықтарыңда орын онша маңызды емес. Таза болса болғаны, дүниенің кез келген бұрышында құлшылық жасауға болады. Бірақ уақыт өте маңызды. Өйткені әр ғибадаттың өзіне арналған белгілі уақыты бар. Тіпті уақыт ғибадаттың шарты болып саналады. Яғни, уақытсыз, бейуақта ғибадат жасасаңыз, ол қабыл болмайды. Ғибадаттардың уақыты да пойыздың кестесі секілді ылғи 18:17, 13:11 дегендей минут-секундына дейін белгіленген сандар болып келеді.
Адам баласы өзінің қолындағы бүкіл дүниесін бодау қылып берсе де, ажал келісімшартының мерзімін бір секундқа да ұзарта алмайды, оны кері жылжыта да алмайды.
Оның үстіне бұл сағаттар үнемі ауысып отырады. Бүгін таң намазын 6:22-ге дейін оқуыңызға болады. Бірақ ертең 6:21-ге дейін ғана оқи аласыз. 23 минут өткенде оқи алмайсыз. Тек намаз ғана бұлай емес. Оразаның басталуы мен аяқталу сағаттары да осы секілді.
Ал енді бұл неге осылай? Мұның қандай пайдасы бар? Осының арқасында мұсылман күн сайын ауысып отырған уақытқа көңілі ояу болып жүреді. Осы арқылы уақыттың қадірін біліп, оны тиімді етіп пайдалануға әзірленеді. Ғибадаттарын үнемі тәртібімен орындап жүрген әр мұсылман күнделікті ауысып отыратын уақытпен бірге жүріп, өмір сүруге мәжбүр.
Міне, біздің уақытқа деген көзқарасымыздың қайнар көзі – Исламның осындай сезімталдығынан бастау алған». Міне, күн намаз уақыттарына бөлініп, әрбір азан арқылы бір уақыттың келмеске кетіп, екінші бір уақыттың есік қаққаны еске салынып, уақыттың қадірін білу жолы көрсетілуде, қараңғылық біткен жойылып, нұрға бөленген жолға, пайғамбарлар жүріп өткен даңғылға бағыттауда.
материал «Тайм-менеджмент» кітабынан алынды,
ummet.kz