07
Жексенбі,
Желтоқсан

һижри

Ғалымдардың сүннетті сақтаудағы ынта-жігері

Ғалымдардың сүннетті сақтаудағы ынта-жігері

Ислам тарихы

Сүннетті түрлі қоспалар мен жаңсақтықтардан қорғау үшін мұсылман ғалымдары өздеріне жеткен хабарлардың сенімділігін тексеруде барлығына ортақ әдістерді қолданған.

Мысалы, олар өздеріне хабар жеткізушілерден оны өз құлақтарымен естіді ме, соны тексерді және оны кімнен естігендігін анықтайтын. Осыдан кейін хадисті жеткізген адам жайлы мәлімет жиналатын және оның сенімге лайық екендігі анықталса ғана жеткізген хабары қабылданатын. Бұл орайда мәселе шариғаттың Құраннан кейінгі негізі саналатын сүннетке қатысты болғандықтан, олардың зерттеу жұмыстары ерекше ыждағатпен жүргізілетін. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетін түрлі қоспалар мен жаңсақтықтардан қорғау мақсатында мухаддистер бірнеше әдіс-тәсілді қолданған. Солардың қатарында төмендегілерді атап көрсетуге болады:

1. Хадистің иснадын зерттеу

Иснад – хадисті жеткізген риуаятшылардың тізбегі. Ол хадисті жеткізген алғашқы адамның есімімен аяқталады. Хадистер Пайғамбардың (с.а.с.) сөздерін тікелей өз аузынан естіген сахабалардан өзгелерден, хабарды кімнен естіген болса, солардың аттарын атаған адамдардан ғана қабылданатын. Пайғамбарымыз (с.а.с.) дүниеден озған соң уақыт өткен сайын иснадтар да соншалық ұзара түсті. Нәтижесінде хадис жинақтарын құрастырушылар мен хадис жеткізушілер: «Маған пәленше жеткізді, ал оған пәленше түгеншеден жеткізген», – дей келіп, ең соңында Пайғамбардың (с.а.с.) сөзін жеткізетін болған. Егер де біреу-міреу хадисті ойынан тоқыған болса, хабардың иснадында міндетті түрде әлгі адамның аты кездесетін және соңынан тексеру нәтижесінде хадисті соның ойдан тоқығаны анықталатын. Осылайша иснад дінбұзарлардың бұл орынға кіруіне жол бермейтін сенімді тосық болып, ол арқылы Алла Тағала сүннетті қорғады. Иснад – біздің үмбетке ғана тән ерекшеліктердің бірі. Сондықтан да имам Абдуллаһ ибн Мубарак оған: «Иснадтың дінге қатысы бар, егер де иснад болмағанда, әркім қалауындағыны айтар еді», – деп баға берген.

2. Хадисті жеткізушілердің сенімді-сенімсіздігін тексеру ғылымы (илм жарх уә таъдил)

Бұл – хадис ғылымының аса маңызды саласы. Оның көмегімен сахих хадистерді жалғандарынан, күшті хадистерді әлсіздерінен айыруға болады. Иснад та осы үшін керек. Аталмыш ғылым – хадис жеткізушілердің хабарларының ақиқаттығымен не жалғандығымен танылғандығын, хадис жеткізу барысында ауытқуларға жол берілгендігі я берілмегендігі, олардың дінбұзар бидғаттарды ұстанған немесе ұстанбағандығын, жүректерінің адалдығын т.с.с. осыған ұқсас басқа да жайттарды анықтауға бағытталған ғылым. Бұл ғылым «хадис жеткізушілердің қайсыларының хабарларын қабылдауға болады, ал қайсыларының хабарларын қабылдауға болмайды?» деген мәселенің шешімін табуда орасан зор рөл атқарды. Осы салада еңбек сіңірген Яхия әл-Қаттан, Ахмад ибн Ханбал, Яхия ибн Мағин, әл-Бұхари және Әбу Хатим әр-Рази сынды ғалымдарды айрықша атауға болады.

3. Хадис терминологиясы («Мусталах әл-хадис»)

Хадис терминологиясы – хадистің иснады мен мәтінінің қабылданатынын не қабылданбайтындығын анықтауға мүмкіндік беретін негіздер мен қағидалар жайлы ғылым. Бұл ережелердің негізінде хадисті жеткізуші мен оның жеткізген хабарының қабылданатын-қабылданбайтыны талқыланады. Сахабалар (Алла оларға разы болсын) мен олардан кейінгі мұсылман үмбетінің алғашқы буын өкілдері адамдарға Пайғамбар (с.а.с.) жайлы хабарларды жеткізуде мүмкіндігінше дәлдікке көңіл бөлген. Осы орайда жеткізілген хабарларды не хадистерді, сонымен бірге иснадтарды да ежікті түрде зерттеуге қажеттіліктің туындауы. Нәтижесінде бірте-бірте хадис терминологиясы қалыптасты. Сүннетті жинақтаудың алғашқы кезеңдерінде бұл тақырыпты зерттеген арнайы еңбектер болмады, әйткенмен де уақыт өте келе Пайғамбар (с.а.с.) жайлы хабарларды жеткізудің шарттарына нақты ғылыми негіздеме берген жинақтар жарық көрді.

Сахабалар хадистерді жеткізу мен оларды қабылдауда, әсіресе хадисті жеткізгендердің сенімділігіне күмәнданған кездерінде сақтық танытатын. Осы үрдіске орай, хадистердің қабылданатынын немесе қабылданбайтындығын анықтау үшін иснад әдісі және хадисті жеткізушілердің сенімді-сенімсіздігін тексеру ғылымы (илм жарх уә таъдил) пайда болды. Осы бағыттағы ғылымның бір бөлімі риуаятшылар жайлы мәліметтер жинауға, үзіліссіз иснадтар мен бір немесе бірнеше риуаятшы айтылмай қалған иснадтарды зерттеуге және иснадтардың байқалмайтын кемшіліктерін анықтауға арналды. Алғашқыда риуаятшылардың кейбірі ғана сынға алынып, олардың арасында хабары қабылданбайтындары сирек кездесетін. Бірақ кейіннен ғалымдардың бұл бағытқа көбірек күш салуының нәтижесінде, көптеген ғылым салалары бойынша зерттеулер жүргізілді. Бұл ғылым салаларының пәні, зерттеу нысаны хадистердің дәлдік өлшеміне, оларды қабылдау мен жеткізудің әдіс-тәсілдеріне және басқа да мәселелерге бағытталды.

Алғашқы кездері ғалымдар мұндай мәліметтерді әдетте бір-біріне ауызша нақыл ететін. Кейіннен ондай мәліметтер хатқа түсіріліп, жазыла бастады, бірақ олар кітаптың әртүрлі жеріне енгізіліп, ғылымның өзге салаларына қатысты мәліметтермен араласып кететін. Сондықтан ондай мәліметтерді дін негіздері, фиқһ және хадис сияқты пәндер бойынша жазылған жинақтарда да кездестіруге болады. Оларға мысал ретінде имам әш-Шафиғидің «Китаб әр-рисала» және «Китаб әл-умм» деген еңбектерін атауға болады.

Ақыр соңында һижраның ІV ғасырында бұл ғылымдар қажетті даму деңгейіне жетіп, бір-бірінен ажыратылды, әр ғылым саласының өзіндік терминологиясы қалыптасты, ал ғалымдар хадис терминологиясы бойынша арнайы еңбектер құрастыруға кірісті.

Хадистердің сенімділік дәрежелері

Сенімділік дәрежелері жағынан хадистер үш топқа бөлінеді: «сахих» (сенімді), «хасан» (жақсы) және «даъиф» (әлсіз). Алайда бұлайша бағалаудың Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сөздері мен іс-әрекеттеріне қатысы жоқ. Хадистер мәтінінің, шынымен де, Пайғамбардан (с.а.с.) бастау алған не алмағандығы бойынша ғана осылай бөлінеді. Сахих (сенімді) хадис – иснадтағы барлық адамның есімі толық аталып, үзіліссіз иснадпен жеткен, риуаятшылардың әрбірі хадисті иснадта айтылған ұстазынан қабылдаған хабар. Мұндай шарт иснадқа еш жерде айтылмаған және әлсіз не өтірікшілігімен танылған риуаятшының енуіне жол бермейді.

материал «Муслимнің сахих хадистер жинағы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: