Алла Тағала Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбетін басқа пайғамбарлар халқынан бірқатар қасиеттермен ерекшелендірген. Соның бірі Алланың сөзі – Құран Кәрімді түсірген ең қайырлы түн – Қадір түнін берген.
Құран және басқа да иләһи кітаптардың адамзатқа жіберілген уақыты жайлы мынадай риуаят бар:
«Ибраһимге парақшалар (сухуфтар) рамазанның алғашқы кешінде түсірілді. Таурат рамазанның алтыншы кешінде түсті. Інжіл он үшінші рамазанда түсті. Забур он сегізінші рамазан кешінде түсті...» (Табарани, Ахмед).
Бұл түнде жасалған ғибадат мың түнгі құлшылыққа тең келеді, ал мың ай 83 жыл, 4 айға тең келеді.
Бұл түннің Қадір түні деп аталуы
Оның басты үш себебі бар. Бірі: қадірлі адам, қадірлі қонақ дегендей қадір-қасиет деген мағынаны білдіреді. Екіншісі: өткен жылы болған оқиғаларды жазып, келер жылы болатын уақиғаларды белгілеу. Әрине, Алла Тағала – барлық нәрсені толық Білуші. Алайда, Қадір кешіндегі бір жылдық құбылысты тіркеу – Алланың хикметі.
Үшінші: осы түндегі құлшылықтың ерекше қадірлі болуына байланысты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Аллаға иманмен, сауабын үміт етіп, Қадір түні құлшылық етсе, өткен күнәлары кешіріледі», – деген (Бұхари, Муслим) .
Қадір түнінің белгілері
1.Шығып келе жатқан күннің нұры адамның көзіне қатты батпайды. Күнге тік қарағанда, көзді ауырпайды. Бұл жайлы Убай бин Кағб (р.а.):
«Ол түні таңертең күн шуағы сәулесіз көтеріледі», – деген (Муслим). Алайда, бұл белгі қалалық жерде аса байқала бермейді. Мұны ауылды жерде дұрыс байқауға болады;
2.Тыныштық. Мұсылман жүрегінде тыныштық пен жан рақаты орнығуы. Басқа түндерден қарағанда Қадір кешінің қасиетін адам жанымен, жүрегімен сезінеді;
3.Қадір түні қатты жауын-шашын, қатты дауылды жел болмайды. Жібектей ескен салқын самал ғана сезіледі.
Қадір түнінің қасиеті
1. Бұл – Құран түскен түн.
2. Берекетті де құтты түн.
«Ақиқатында, Біз оны берекелі түнде түсірдік...» («Дұхан» сүресі, 3-аят).
3. Қадір түні Алла Тағала келер жыл бойына ризық-несібе мен ажалды жазады.
«Ол түні әрбір хикметті бұйрықтар бөлінеді» («Дұхан» сүресі, 4-аят).
4. Бұл түннің құлшылығы мың айға тең келеді
5. Жер бетіне періштелер жақсылық, берекет, рақымет және кешірім алып түседі.
6. Қадір түні – жамандық атаулыдан таза түн. Бұл түнде құлшылық пен жақсылық еселене түседі. Таң атқанша жер бетінде амандық пен тыныштық үстемдік етеді.
7.Қадір түнін құлшылықпен өткізген адам бұрынғы күнәларынан толықтай арылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Аллаға иман етіп, сауабын үміт етіп қадір түні құлшылық етсе, өткен күнәлары кешіріледі», – деген (Бұхари, Муслим).
Қадір түнін қалай өткізу керек?
Бұл түнді ешбір пайдасыз өткізушілерді жалпы үшке бөлуге болады.
1. Ұйықтаушы;
2. Таңға дейін көз ілмей отырушы. Бірақ, теледидар тамашалап, әңгіме-дүкен құрып, дастарқан басында тамақтанып таңды қарсы алады. Ең сорақысы, кейбірі ғайбат айту, жамандау сияқты күнә іспен айналысып отырады;
3. Ойын-сауық етіп, жігіт-қыз боп қол ұстасып, түрлі мән-мағынасыз фильмдерді көріп тыйым салынған күнәлі істермен қадір түнін қарсы алады.
материал «Мүбәрак Рамазан» кітабынан алынды,
ummet.kz