Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын). Ол:
«(Бірде) Алла елшісі (с.а.с.): «Сендерден кім бүгін таңертең ораза тұтты?» – деп (сұрады). Әбу Бәкір: «Мен», – деді. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Сендерден кім бүгін жаназа шеруіне қатысты?» – деп (сұрады). Әбу Бәкір: «Мен», – деді. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Сендерден кім бүгін міскінді тамақтандырды?» – деп (сұрады). Әбу Бәкір: «Мен», – деді. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Сендерден кім бүгін науқастың көңілін сұрап барды?» – деп (сұрады). Әбу Бәкір: «Мен», – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Қайсыбір кісі бұл (амалдардың) бәрін бірдей орындаса, міндетті түрде жаннатқа кіреді», – деп айтты», – деген (1028/87).
Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын). Алла елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім Алла жолында екі жұп нәрсені жұмсаса, жаннатта (оған): «Ей, Алланың құлы, бұл игі» – деп үн қатады. Кімде-кім намаз оқушылардан болса, намаз қақпасынан шақырылады. Кімде-кім қайраткерлік танытатындардан болса, қайраткерлік қақпасынан шақырылады. Кім садақа берушілерден болса, садақа қақпасынан шақырылады. Кімде-кім ораза тұтушылардан болса, «Раййан» қақпасынан шақырылады», – деді. Әбу Бәкір әс-Сыддық: «Уа, Алланың елшісі! Осы қақпалардан шақырылатын ешкім зәрулік көрмейді. Енді біреу осы қақпалардың бәрінен шақырылады ма?» – деп (сұрағанда), Алла елшісі (с.а.с.): «Иә, мен сенің солардың қатарында болуыңды үміт етемін», – деп айтқан (1027/85).
материал «Муслимнің сахих хадис жинақтары» кітабынан алынды,
ummet.kz