«Шүбәсіз, Құран – ең тура жолға салушы. Салих амал жасаған мүминдерге, олар үшін үлкен сый екендігін сүйіншілейді» (Исра сүресі 9-аят)
Құран Кәрім қияметке дейін жол сілтейтін иләһи кітап болғандықтан, оның қанатының астындағы әрбір мүмин өлімнің мәңгілік есігі ашылғанға дейін Құранның үкімдеріне және Құран ұсынған өмірге адал болуға мәжбүр. Осы дүниеде жүрек бақыты мен тыныштығы, ақыретте, Алла Тағаланың ризашылығына жетіп, иләһи нығметке бөлену тек осылайша ғана іске асады. Құраннан лайықты түрде үлес алу оны шынайы жүрекпен оқи білуге байланысты.
Мына хадис осы жүрек халін тамаша баяндайды: «Құран оқу үшін қандай дауыс және қирағат жақсы?» - деп сұрағанда, Расулулла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай дейді: «Құран оқығанын естігенде, оның Алладан қорққанын сезген адамыңдыкі» (Дәрими, Фәзайлул-Құран 34).
Хазіреті Омарды (радиаллаһу анһу) үрейлендіріп, һидаятқа келуіне себеп болған қарындасы Фатиманың Құран Кәрімді беріліп оқыған үні еді.
Мына аят кәрималер Құран Кәрімді қалай оқу керектігі турасында бізге жол сілтейді: «Расулым! Бұл Құран – аяттарын адамдар егжей-тегжейлі ойлансын, таза ақыл иелері ғибрат алсын деп саған түсірілген фәйз бұлағы, мүбәрәк бір кітап» ("Сад" сүресі 29-аят).
«Ей, Расулым! Құранды анық-анық (тәртилмен) оқы» ("Мүзәммил" сүресі 4-аят).
Бір жағынан Хазіреті Омардың (радиаллаһу анһу) Бақара сүресін он екі жылда оқып бітіргені, сондықтан шүкір құрбандығы ретінде түйе сойғандығы риуаят етіледі (Қуртуби, әл-Жами І, 40).
Осылардың барлығы – Алланың кітабын оқыған кезде тек оқып қана қоймай, оның ішкі сырынан үлес алу, үкімдеріне бас ию және ахлағын бойға сіңіру қажеттігін көрсетуі жағынан назар аударарлық жайттар. Ислам тарихының саадат дәуірінен кейінгі ең жарқын шағын басынан кешірген Османлы мемлекетінінң Құран Кәрімге деген жоғары құрметінің берекетімен құрылып, алты ғасыға жуық билік жүргізгенін ұмытпаған жөн.
Расында, сол мемлекеттің құрушысы сұлтан Осман Ғази Хазірет Шәйх Әдәбалидің үйінде қабырғада ілулі тұрған Құран Кәрімге құрметсіздік болар деп ойлап, аяғын көсілмей, ұйықтамай таң атырғаны кең тараған тарихи риуаят. Екінші жағынан оған дәретсіз қол тигізбеу тұрғысындағы діни ереже де оған деген құрметтің аса қажеттілігі мен маңызын көрсетеді.
материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,
ummet.kz