Пайғамбарымыз (салллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір өсиетінде қонақжайларды: «Сендердің ең жақсыларың көркем мінезділеріңіз, тектілеріңіз және қонақжайларыңыз. Ондайлар адамдармен достастықта әрі жақсы қарым-қатынаста, басқалар да онымен шынайы достықта және қарым-қатынаста болады. Олардың есіктері қонақтар үшін әрдайым ашық болады» деп мақтаған.
Қонақты тойдыратын, көңілін жай қылатын берген ас-суың ғана емес, кең көңіл, ашық қабақ, жылы шырай асыңның аздығын, төріңнің тарлығын білдіртпейді. Бірақ қонақжайлық деген осы екен деп, аса шашылып-төгіліп, жұрттан аспақ ниетпен қарыздануға дейін барып ысырапшылық жасау, шектен шығу да болмауы тиіс. Әркім өз хәл-қадірі келгенше қонақжайлық еткені дұрыс. Ысырапшылдық діннің қағидасына, Пайғамбарымыздың сүннетіне томпақ келеді. Алланың Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Сәлмән Фарисиден жеткен бір Өсиетінде: «Біз қонаққа сый жасауда шектен шыға шашылмаймыз. Сондай ақ Раббымыздың бізге бергенінен қонаққа таршылық та етпейміз» деп, шектен шықпай, орта жолды үстануға кеңес береді.
Сондай ақ қонақ та үй иесіне ауырлық, ыңғайсыздық туғызбай, өз жөні мен жолын біліп келіп-кеткені дұрыс.
- Шақырылған қонақ болса, өте ерте не кеш емес уақытында келуге тырысу;
- Шаңыраққа кіргенде сәлем беріп, рұқсат алып кіру;
- Рұқсатсыз, басқаларды баса-көктеп төрге шықпау;
- Шектен тыс көп отырып, үй иесіне қиындық келтіруден сақтану;
- Берген асына мін тағудан аулақ болу;
- Үйдің дүние-мүлкі мен жағдайына сұқтана қараудан тоқталу;
- Үй иесі не басқа отбасы мүшелері ұялатындай бей-берекет сөз немесе өсек аяңнан тартыну;
- Басқа бөлмелерге қажетсіз және рұқсатсыз кірмеу;
- Дастархан иесіне алғысын айтып, жақсы тілек, қайырлы бата жасауды ұмытпау ләзім.
- «Үй иесіне береке тілеп дұға етіңдер» (Хадис. Байхақи)
- Кетерін үй иесіне ескерту;
- Үй иесінің қалауынсыз, оған қиындық туғызбау үшін үш күннен артық қонақ болудан сақтану қажает. Пайғмбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм):
«Қонақжайлық үш күн. Одан артығы садақа. Қонақтың үй иесіне ыңғайсыздық туғызып ұзақ болуы дұрыс емес» (Бұхари) деген.
Жоғарыда көрсетілгендей үй иесі және қонақ өз жөні мен жолын біліп, пайғамбарымыздың сүннетіне, ата-баба дәстүріне сай, шектен шықпай жасалған амалдар жақысылық пен берекенің бастауы болмақ.
материал «Тамақтану әдебі» кітабынан алынды,
ummet.kz