Әбу Бәкра (р.а.):
«Бірде Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) құзырында бір адам жайлы сөз болғанда отырғандардың бірі әлгі адамды мақтай жөнелді. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған бірнеше рет: «Әй байғұсау, бауырыңның желкесін үздің ғой!» - деді де егер біреуді міндетті түрде мақтауларың керек болса, әрі ол жайлы шынымен жақсы пікірде болсаңдар, «мен ол жайлы былай ойлаймын» деп айтыңдар. Нәтижеде, Алла Тағала мақтаушыны мақтауының орынды болып, болмағанына қатысты есепке тартады, сондықтан (құлдарының жасырын-жария барлық істерін білетін) Алланың алдында ешкімді ақтап, пәктеуге болмайды», – деп айтты», - деген (Бұхари, шәһәдат 16; Муслим, зүһд 65).
Мақтансүйгіштік – адам бойына жабысқан кеселдің бірі. Бұл жайында қасиетті Құранда «Алла барлық дандайсыған мақтаншақтарды жақсы көрмейді», – деп пенденің кеудемсоқтығы Жаратушы иемізге де жақпайтындығы білдірілген.
Өзін үнемі басқалардың қолпаштағанын, қошемет сөз айтуын, əр ісін мақұлдап, оң қабақ танытып жылбырап тұруын тілеп тұратын пендешілік қылықты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) да ұнатпаған. Сол себепті болар, бірде-бір кісіні жер көкке сыйғызбай мақтап жатқан көпшілікті көргенде, Ақиық елші (с.а.с.) қамығып, үш рет қатарынан «Ана бейшараның желкесін үздіңдер ғой», - деген екен.
материал «Тақуалар бақшасы» кітабынан алынды,
ummet.kz