Кей кісілер намаз оқымаудың сылтауы ретінде «жұмыс істеп жүрміз, ол да құлшылық қой. Бала-шағамыздың нəпақасын тауып беруіміз керек» дейді.
Бұл сылтаудың ақылға қонымды жері бар ма?! Ең əуелі «құлшылық, ғибадат» сөздері – діни термин. Бір ісəрекетке «құлшылық» демес бұрын оның Алла жəне Оның Елшісінің тарапынан əмір етілгендігіне, бұйырылғандығына қараймыз. Құранның қай жерінде «Намаз оқу қажетсіз, ал еңбек ету – құлшылық» делінген? Хадис кітаптарының қайсысында «Еңбек етсеңіз, намаз өтемеңіз, ол да – құлшылық» деп жазады?!
Қараңыз, Раббымыз Құранда ешбір сауда-саттықты намазына бөгет қылмаған мұсылманды қалай мақтайды: «Сондай ер жігіттер бар, олардың күнкөріс көзіне айналған саудалары да, (күнделікті) алу-сату істері де оларға Алланы ауызға алуына (яғни, Алланы еске алу мақсатында бас қосып, дəріс оқып, насихат тыңдауына), намазды кемеліне жеткізіп, үзбей əрі уақытылы оқуына жəне зекетті толық беруіне бөгет бола алмайды. Олар жүректер күйден-күйге еніп, астан-кестен болатын жəне көздер шарасынан шығатын ауыр күннен қорқады. Алла оларды ең игі, ең сауапты істеріне қарай сый-сияпатқа бөлейді əрі шексіз шарапатын төгіп, оларға деген сый-сияпаты мен нығметін одан да арттыра түседі. Алла қалағанына қисапсыз ризық-несібе береді» («Нұр» сүресі, 37-38-аяттар).
Бұл аяттар жан сақтау үшін еңбек етудің ешқашан құлшылыққа кедергі емес екенін білдіреді. Əрі ойлап қараңызшы, намазды əмір еткен Раббымыз, біздің еңбек ететінімізді білмейтін бе еді? Əлбетте, еңбектену – құлшылық. Тек еңбектену ғана құлшылық емес, жасаған əрбір мүбах іс – құлшылық болып саналады. Бірақ та олардан бұрын намаз оқуыңыз керек, одан кейін ізгі ниетте болуыңыз керек.
Яғни, «Мал-мүліктің нағыз иесі – Раббымыз Алла. Ризығымызды да Алла береді. Осы ризықты алу үшін біздің еңбек етуімізді талап етеді. Біз де Оның əмірі мен разылығы шеңберінде, адал жолмен нəпақамызды табуға тырысамыз». Міне, осы ниетпен еңбек етесің. Осы ниетіміз жəне намаздағы əр əрекетіміз құлшылық болып есептеледі. Бірақ намаз оқымастан мүбах істеріміз құлшылық болмайды. Құлшылық болған күннің өзінде бір құлшылық келесі бір құлшылыққа сылтау да, бөгет те болмайды. Сонымен қатар «намаз оқи алмаймын, бірақ ораза ұстаймын жəне зекет беремін» деу орынсыз. Себебі намазды да, оразаны да əмір етуші бір Алла. Ешбір ғибадат келесі бір құлшылыққа кедергі емес. Əрбірінің орны жəне мерзімі бөлек-бөлек.
материал «Таң намазына тұрғың келсе...» кітабынан алынды,
ummet.kz