Туған жердің көркейгенін қалаған әрбір азамат өз ісін жақсы меңгеруге талпынуы керек. Кәсібилігін арттырып, өз мамандығының шыңына шығуы тиіс.
Құранда бұл туралы «Еңбек етіңдер! Себебі, істеріңді Алла Тағала, елшісі және жалпы мұсылмандар көреді» делінген. Демек, мұсылман адам өз жауапкершілігіне алған жұмысына немқұрайлы қарамауы керек. Немқұрайлы қарау басқа адамдардың да жұмысына кері әсерін тигізетінін ескерген жөн. Осы орайда, Америка президенті Линкольннің балаларына «Кейін өскенде аула сыпырушы болсаңдар да, ісіне ұқыпты, ең жауапты жұмыскер сендер болуларың керек» деп кеңес беруі өте мәнді. Елдің әрбір азаматы осындай ниетпен, өзіне берілген істі ең сапалы деңгейде атқарғанда ғана туған елдің көркеюіне үлес қоспақ. Әйтпесе, үнемі басқаларды сынау, аяқтан шалудан аса алмаудың кері тартқаннан басқа елге берері шамалы. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде: «Ең жақсы адам – басқаға пайдасы тиген адам» дейді.
Осы себепті туған елімді сүйем деген әрбір азамат ол айтқанын туған елге жасаған жақсылығымен дәлелдеуі керек. Саясаткерлер халық игілігін көздейтін мықты саясат жүргізуі керек. Балабақшаларда тәрбиешілер балаларға жақсы тәрбие, имандылықты үйретуі тиіс. Мектептерде ұстаздар сапалы білім беруге талпынып, дәрігерлер науқастарға қолдан келгенше жәрдем бергені жөн. Тәртіп сақшылары халыққа сенімділік ұялата білуі ләзім. Дипломаттар шет елдерде өз елін жақсы жақтарынан таныта білуі қажет. Өнерпаздар мен ақындар елдің, халықтың мұңын мұңдап, жырын жырлауы, халыққа имандылық пен ізгілікті дәріптеуі, отанға деген сүйіспеншілікті насихаттаған абзал. Имамдар халыққа Ислам дінінің құндылықтарын кеңірек жайып, елдің ауызбіршілігін арттырып, іс-әрекетімен үлгі болуы тиіс. Отанға деген сүйіспеншілік, құрмет – осындай кең ұғымды білдіреді. Сол себепті әркім қолынан келетін жақсылығын жасауға тырысуы қажет.
Хадисте: «Ертең қиямет болатынын білсең де, бүгін ағаш ек» дейді. Міне, бұны туған жерге жақсылық жасауға асығу деп те түсінуге болады. Мәшһүр Жүсіп бабамыз да «Адам сол – адамдығын жұрты көрсе» деген. Туған елге деген құрмет үлкенді сыйлау, кішіге ізет білдіру, сондай-ақ мәдениеттілікке бет бұрумен де қалыптасады. Хадисте: «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес» делінген. Демек, ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызды, жасы үлкен аға, әпкелерді құрмет тұту, қарындасты қарындас, ініні іні деп сыйлай білудің де елді құрметтеуге жататынын ұққан жөн. Осы орайда бүгінгі күні жастарды имандылық пен ибалылыққа тәрбиелеу турасындағы насихатты күшейтудің басты орында тұрғанын ұмытпауымыз қажет. Отанға жанашырлық үнемі елдің тілеуін тілеуді, жүрген ортаны таза ұстауды да қажет етеді. Ата-бабаларымыз әрдайым баталарында елдің, жердің, халықтың амандығын тілегені осының айғағы.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде «Алла лағынеттеген екі нәрседен сақ болыңыздар. Адам жүретін жолдар мен көлеңкелейтін орындарды ластау» деу арқылы адамдар жүретін жерлерді, қоғамдық орындарды, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырған. Отанды, елді атақ алу, абыройға кенелу үшін емес, ұрпағым, елім болашақта жетім болмасын, Отансыздықтың азабын тартпасын деп қорғау керек. Жер бетінде Отансыз ұлттар қаншама?! Оларды жер-жерде дәл біздің еліміздегідей бауырына басып, жақсылық жасап отыр деп тағы айта алмаймыз. Жергілікті ұлттың ызғарына тоңып, қаһарына ұшырап отырғандары қаншама?! Біздің де ұрпағымыз біреудің қас-қабағына қарап жәутеңдемесін, біреудің қолына қарап дәметпесін десек, атадан қалған асыл мұраны сақтап, ақылды ұрпақ тәрбиелеу – мүлт кетпес парызымыз болу керек.
материал «Дін және отан» кітабынан алынды,
ummet.kz