14
Сенбі,
Наурыз

һижри

Әлжуаз әрі қарапайым мұсылмандардың артықшылығы

Әлжуаз әрі қарапайым мұсылмандардың артықшылығы

Ислам тарихы

«Сабырлылық танытып, жан-тәнімен Раббыларының разылығын қалап ертелі-кеш дұға жасайтындармен (қарапайым мүміндермен) бірге бол (Олардан дәулеті асқан, дәрежесі артық әлдекімдерге көңілің ауып), оларды көзге ілмей қойма» («Кәһф» сүресі, 28-аят).

Хариса ибн Уәһб (р.а.): «Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Сендерге кімдердің жұмаққа баратынын айтайын ба? Өзі әлжуаз әрі елеусіз болса да, Алланың атымен ант етсе, ішкен антын Алла Тағала жалғанға шығармайтын әрбір адам жұмаққа барады. Сондай-ақ, кімдердің тозаққа кіретінін айтайын ба? Әрбір озбыр, дөрекі, сараң әрі тәкаппар адам тозаққа кіреді», – деп айтқанын естідім», – деген (Бұхари, әйман 9/әдәб 61; Муслим, жаннат 47).

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Қиямет күні Алла Тағаланың құзырына мына дүниеде ұлық болған өзі семіз бір адам келеді. Алайда оның Алланың алдында шыбынның қанаты құрлы салмағы болмайды», – деп айтты» – делінген (Бұхари, тәфсиру сура 18/6; Муслим, сыфатулмунафиқин 18).

Әбу Һурайра (р.а.): «Бір кездері Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мешітін қара нәсілді бір әйел (немесе жас жігіт) сыпырып, тазалап тұратын еді. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) біраз уақыт әлгі әйелді (немесе жас жігітті) көрмеген соң сахабаларынан оның қайда екенін сұрайды. Сахабалар: «Ол қайтыс болған еді», – дейді. Мұны естігенде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Маған неге естіртпедіңдер?!» – деп мұңаяды. Шындығында, сахабалар әлгі қызметшінің өліміне онша мән бермеген еді. Содан Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мені оның басына ертіп апарыңдар», – деп бұйырады. Сахабалар оны бейіт басына апарғанда, марқұмның қабірінің басында тұрып, жаназа намазын оқиды. Содан кейін: «Шынында, мына қабірлердің іші тастай қараңғы болады. Расында, Алла Тағала менің оқыған намазым арқылы олардың жатқан жерін жарық етіп, қабірлерін нұрға бөлейді», – деп айтты», – деген (Бұхари, жәнәйз 67; Муслим, жәнәйз 71). 

материал «Тақуалар бақшасы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: