Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Мен Пайғамбар етіліп жіберілдім, енді Қиямет күнінің болуы мына екі саусақтың арасындай!» - деп, сұқ және ортаң саусақтарын көрсеткен.»
Хадисті Имам Бұхари, Имам Муслим, Имам Тирмизи риуаят етті. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен Пайғамбар етіліп жіберілдім, енді Қиямет күнінің болуы мына екі саусақтың арасындай!» - деп екі саусағын көрсетуі: «Мен пайғамбар етіліп жіберілдім, енді Қиямет күні басталуына өте аз уақыт қалды, адамзат Қиямет күні қарсаңында тұр» - деген мағынаны білдіреді.
«Кейін Жәбраил (оған Алланың сәлемі болсын): «Маған Қиямет күнінің басталу уақытын айтшы» - деді. Мухаммад (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сұралушы Қияметтің басталуы туралы сұраушыдан артық білмейді» - деп жауап берді.
- Ондай болса маған оның белгілерін айт.
- Күң өзінің ханшайымын туады. Әрі жалаң аяқ, жалаңаш малшылардың ғимараттарды салуда жарысқанын көресің», деді. (хадисті Омар ибн Хаттабтан (оған Алла разы болсын) Имам Бұхари, Имам Муслим риуаят етті).
Бұл хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Күң өзінің ханшайымын туады» - дегені: «Қиямет күн жақындағанда баланың ата-анаға деген құрметі жоғалып, ата-ана перзентіне емес, ұл-қызы әке-шешесіне нұсқау беріп, билік жүргізетін болады» - деген сөз. (Фатхуль-Бари, 1 том, 101 бет, Ибн Хажар).
Қазіргі күні тек бұл емес, қартайған шағында ата-анасын қарттар үйіне апарып тастау, үйіне бастығы келсе шал әкесі мен кемпір анасынан намыстанып, оларды бөлек үйге қамап қою сияқты надандықтың түрлерін болады. Себебі, астында «креслосы» бар бастығы үйіне келгенде, онымен дастархандас болып қарт ата-анасының бірі отырғаны намыс көрінеді. Бұдан өткен көргенсіздік бар ма?
«Жалаң аяқ, жалаңаш малшылардың ғимараттарды салуда жарысуы» - малы көптігінің арқасында билікке қол жеткізген дала тұрғындары зорлық-зомбылықпен билік жүргізіп, бар байлығын елжұртының игілігі үшін емес, өздерінің қарақан бастарына пайдаланып биік ғимараттар көтеріп, соны басқалардың алдарында мақтаныш етуі», (Фатхуль-Бари, 1 том, 101 бет, Ибн Хажар).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ғылым жойылып (яғни, руханият білімі), надандық белгіленеді. Зинақорлық етек алып, арақ көп ішіледі. Бірақ ерге елу әйел келетін күн туып, әйелдер саны көбейіп, ерлер саны азаяды. Әлбетте осының барлығы Қиямет күні болуының шарттарынан» - деген. Хадисті Анас ибн Маликтен (оған Алла разы болсын) Имам Бұхари риуаят етті.
материал «Ақырет күніне иман» кітабынан алынды,
ummet.kz