Ислам дінінің қасиетті кітабы – Құран Кәрімге бірнеше атау берілген.
Осылардың ішінде ең көп қолданылып, жалпы жұртқа мәлім болғаны бесеу: «Әл-Құран» – көп оқылатын кітап Араб тіліндегі «оқу» деген мағынаны беретін етістіктен туындаған есім сөз. Алла Тағала Өзінің соңғы кітабына осы есімді таңдады. Бұл атау Құран Кәрімде алпыс сегіз жерде кездеседі.
«Құран оқыған кезіңде қуылған шайтаннан Аллаға сиын!» («Нахыл» сүресі, 98-аят);
«Шүбәсіз, бұл Құран адамзатты ең тура жолға бастайды...» («Исра» сүресі, 9-10-аяттар).
«Әл-Китаб» – кітап Алла Тағала Өзінің кітабын «Әл-Китаб» деп те атаған. Мысалы, «Бақара» сүресінің екінші аятында: «Мұның тақуаларды тура жолға бастайтын кітап екеніне ешқандай күмән жоқ»,– делінсе, басқа бір аятта: «Шүбәсіз сендерге ішінде уағыз-насихаты бар бір кітап түсірдік» («Әнбия» сүресі, 10),– деп келеді. Исламтанушы ғалым – Абдуллаһ Драздың айтуынша, «әл-Китаб» аталуының себебі – қаламмен жазылып, кітап халіне келтірілгендіктен. Осы себепті ислам құқығында «Құран» сөзінің орнына «әл-Китаб» сөзі қолданылады.
Құран Кәрімде ол екі жүз отыз жерде кездеседі. Құранның ең танымал осы екі есімінің бірі «әл-Құран» – тілде оқылуы мен жүректерде жатталуын, ал «әл-Китәб» оның жазылуы мен кітапта жиналуын білдіреді. «Әл-Фурқан» – ажыратушы «Бүкіл әлемге ескертуші болуы үшін құлына (Мұхаммедке) Фурқанды түсірген Аллаһ өте Ұлы» («Фурқан» сүресі, 1).
Имам әз-Зәркәши: «Құран ақ пен қараның, ақиқат пен жалғанның, мұсылман мен кәпірдің, мүмін мен екіжүздінің арасын ашық түрде айыратын кітап болғандықтан, оған «әл-Фурқан» деген атау берілді»,– деген пікір айтқан.
Бұл сөз Құранда алты жерде кездеседі. «Әт-Тәнзил» – нәзіл болған, яғни көктен түскен кітап Әз-Зәркәши: «Құран Алладан Мұхаммед пайғамбарға (с.а.с.) Жәбірейіл періште арқылы түскендіктен, Алла Тағала кітабын «әт-Тәнзил» деп атады»,– дейді. («Хаққа» сүресі, 43).
Құран Кәрімде он төрт жерде келген. «Әз-Зикр» – еске түсіру Араб тіліндегі «зикр» сөзі «еске түсіру, еске алу» деген мағыналарды білдіреді. Құран Кәрім дүние және ақирет тіршілігін баяндап, адамзаттың есіне тозақтың азабы мен жаннаттың нығметін ескертеді, сол себепті де ол «әз-Зикр» деп аталған «Расында да зікірді (Құранды) Біз түсірдік әрі оны Біз сақтаймыз» («Хижр» сі, 9). Бұл атау Құран Кәрімде оннан астам жерде келген. Имам әз-Зәркәши өзінің еңбегінде әл-Қадый Әбу Мағалиден Құранның 55 атауын жеткізеді.
Тіпті, Әбу әлХасан әл-Хараллидің де осы қасиетті кітаптың 99 атауын жинақтағандығы туралы айтылады. Әрине, олар Құранның есімдері мен сипаттарын бөліп жармай бірге қарастырған болса керек. Сол секілді Құранның кейбір сипаттарына тоқтала кетейік: «Али» – жоғары, ұлық. «Күдіксіз ол – Қасымыздағы негізгі Кітапта, өте жоғары, терең сырлы» («Зухруф» сүресі, 4).
«Әрине ол ұлы бір Құран» («Буруж» сүресі, 21). «Азиз» – ардақты «Расында, өздеріне Құран келген кезде, қарсы болғандар бар. Шын мәнінде, ол, ардақты бір Кітап» («Фуссилат» сүресі, 41).
«Һудә» – тура жолға бастаушы
«Мауғизә» – ашық түсінік, Алланың уағызы «Бұл (Құран) адам баласы үшін ашық түсінік, тура жол және тақуалар үшін насихат» («Әли Имран» сүресі, 138).
«Бурһан» – дәлел Құранда Алланың шексіз құдіретіне барлық дәлелдер бар.
«Нұр» – Алланың тура жолын көрсететін шамшырақ «Ей, адам баласы! Сендерге Раббыларыңнан дәлел келді. Сондай-ақ сендер үшін бір ашық нұр (Құран) түсірдік» («Ниса» сүресі, 174).
Кітап халіне келтірілген Құран Кәрім «мусхаф» деп аталады.
материал «Құран ілімдеріне кіріспе» кітабынан алынды,
ummet.kz