Әнәс ибн Мәликтен (Алла оған разы болсын) Алла елшісі (с.а.с.):
«Маған пырақ әкелінді. Ол – ақ түсті, есектен биік, қашырдан аласа ұзын жануар. Тұяғын көзі жетер жердің ең шегіне тастайды. Мен оған мініп, Бәйтул-Мақдиске келдім де, оны пайғамбарлар (көліктерін) байлайтын шығыршыққа байладым. Сосын мешітке кіріп, онда екі ракағат намаз оқыдым. Содан кейін сыртқа шықтым. Сол кезде Жәбірейіл (аләйһис-сәләм) маған бір ыдыспен шарап және бір ыдыспен сүт алып келді. Мен сүтті таңдадым.
Сонда Жәбірейіл: «Сен фитраны таңдадың», – деді. Сосын бізді аспанға алып шықты. Жәбірейіл (қақпаны) ашуды сұрағанда: «Сен кімсің?» – деп (сұрады).
Ол: «Жәбірейіл», – деді. (Сақшы): «Сенімен бірге (келген) кім?» – деп (сұрады). (Жәбірейіл): «Мұхаммед», – деді.
(Сақшы): «Оған жіберіліп пе еді?» – деді.
(Жәбірейіл): «Оған жіберілген», – деді. Сөйтіп, бізге (қақпа) ашылды, қарасам, Адам (аләйһис-сәләм) тұр екен. Ол маған «қош келіпсің» айтып, мен үшін игілік тілеп, дұға қылды. Сосын ол бізді екінші аспанға алып шықты.
Жәбірейіл (қақпаны) ашуды сұрағанда: «Сен кімсің?» – деп (сұрады).
Ол: «Жәбірейіл», – деді.
(Сақшы): «Сенімен бірге (келген) кім?» – деп (сұрады).
(Жәбірейіл): «Мұхаммед», – деді.
(Сақшы): «Оған жіберіліп пе еді?» – деді.
(Жәбірейіл): «Оған жіберілген», – деді. Сөйтіп, бізге (қақпа) ашылды, қарасам, әпкелі-сіңлінің балалары Иса ибн Мәриям мен Яхия ибн Зәкәрия (аләйһимәс сәләм) тұр екен. Олар маған «қош келіпсің» айтып, мен үшін игілік тілеп, дұға жасады. Сосын ол мені үшінші аспанға алып шықты.
Жәбірейіл (қақпаны) ашуды сұрағанда: «Сен кімсің?» – деп (сұрады).
Ол: «Жәбірейіл», – деді.
(Сақшы): «Сенімен бірге (келген) кім?» – деп (сұрады).
(Жәбірейіл): «Мұхаммед», – деді.
(Сақшы): «Оған жіберіліп пе еді?» – деді.
(Жәбірейіл): «Оған жіберілген», – деді. Сөйтіп, бізге (қақпа) ашылды, қарасам, Юсуф (аләйһис-сәләм) тұр екен. Оған сұлулықтың тең жартысы берілген екен. Ол «қош келіпсің» айтып, мен үшін игілік тілеп, дұға қылды. Сосын ол бізді төртінші аспанға алып шықты. Жәбірейіл (қақпаны) ашуды сұрағанда: «Бұл кім?» – деп (сұрады).
Ол: «Жәбірейіл», – деді. (Сақшы): «Сенімен бірге (келген) кім?» – деп (сұрады).
(Жәбірейіл): «Мұхаммед», – деді.
(Сақшы): «Оған жіберіліп пе еді?» – деді.
(Жәбірейіл): «Оған жіберілген», – деді. Сөйтіп, бізге (қақпа) ашылды, қарасам, Идрис (аләйһис-сәләм) тұр екен. Ол «қош келіпсің» айтып, мен үшін игілік тілеп, дұға етті. Аллаһ тағала: «Біз оны жоғары бір орынға көтердік», – деген. Сосын ол бізді бесінші аспанға алып шықты. Жәбірейіл (қақпаны) ашуды сұрағанда: «Бұл кім?» – деп (сұрады).
Ол: «Жәбірейіл», – деді.
(Сақшы): «Сенімен бірге (келген) кім?» – деп (сұрады).
(Жәбірейіл): «Мұхаммед», – деді.
(Сақшы): «Оған жіберіліп пе еді?» – деді.
(Жәбірейіл): «Оған жіберілген», – деді. Сөйтіп, бізге (қақпа) ашылды, қарасам, Һарун (аләйһис-сәләм) тұр екен. Ол «қош келіпсің» айтып, мен үшін игілік тілеп, дұға қылды. Сосын ол бізді алтыншы аспанға алып шықты.
Жәбірейіл (қақпаны) ашуды сұрағанда: «Бұл кім?» – деп (сұрады).
Ол: «Жәбірейіл», – деді.
(Сақшы): «Сенімен бірге (келген) кім?» – деп (сұрады).
(Жәбірейіл): «Мұхаммед», – деді.
(Сақшы): «Оған жіберіліп пе еді?» – деді.
(Жәбірейіл): «Оған жіберілген», – деді. Сөйтіп, бізге (қақпа) ашылды, онда Мұса (аләйһис-сәләм) тұр екен. Ол да «қош келіпсің» айтып, мен үшін игілік тілеп, дұға етті. Сосын ол жетінші аспанға алып шықты. Жәбірейіл (қақпаны) ашуды сұрағанда: «Бұл кім?» – деп (сұрады).
Ол: «Жәбірейіл», – деді. (Сақшы): «Сенімен бірге (келген) кім?» – деп (сұрады).
(Жәбірейіл): «Мұхаммед», – деді.
(Сақшы): «Оған жіберіліп пе еді?» – деді.
(Жәбірейіл): «Оған жіберілген», – деді. Сөйтіп, бізге (қақпа) ашылды, қарасам, Ибраһим (аләйһис-сәләм) арқасын Бәйтул-Маъмурға сүйеп тұр екен. Ол (үйге) әр күні оған қайта айналып соқпайтын жетпіс мың періште кіреді. Сосын мені ең шектегі сидрға алып барды. Қарасам, оның жапырақтары пілдің құлағындай, ал жемістері құмыралардай екен. Оны Алланың бұйрығы бойынша бір нәрсе қаптаған кезде, ол (ағаш) өзгеріп кетті. Алла жаратқандардан ешкім оның сұлулығын сипаттап бере алмас еді. Сонда Алла маған уахиларын ендіріп, әрбір күндіз бен түнде елу намазды парыз етті. Сөйтіп, Мұсаға түстім. Ол: «Алла үмбетіңе қандай парыз жүктеді?» – деді.
Мен: «Елу намаз (парыз етті)», – дедім.
Ол: «Раббыңа қайтып бар да, Одан жеңілдік сұра. Өйткені үмбетіңнің бұған шамасы келмейді. Расында, мен Исраил ұрпақтарын тексеріп, сынап көргенмін», – деді.
Сөйтіп, Раббыма қайта барып: «Уа, Раббым! Үмбетіме жеңілдік жаса!» – деп (өтіндім. Алла Тағала) менен (оның) бесеуін алып тастады.
Сосын Мұсаға оралып: «Менен бесеуін алып тастады», – дедім. Ол: «Расында, үмбетіңнің бұған шамасы келмейді, Раббыңа қайта бар да, Одан жеңілдік сұра», – деді.
(Осылай Алла Тағала): «Ей, Мұхаммед! Олар – әрбір күндіз бен түнде бес намаз. Әр намаз үшін он (намаздың сауабы беріледі). Солай елу намаз (болады). Кім бір игі амал істеуге ниет етсе, істемесе де, оның есебіне бір игі амал жазылады. Ал егер істесе, оған он болып жазылады. Кімде-кім бір жамандық істеуге ниет етсе, бірақ істемесе, оған еш нәрсе жазылмайды. Ал егер істесе, бір жамандық жазылады», – деп айтқанға дейін аса игі әрі жоғары мәртебелі Раббым мен Мұсаның арасында жүрдім. Сосын төмен түстім де, Мұсаға келіп, оған мұны айтып бердім.
Ол: «Раббыңа қайта барып, Одан жеңілдік сұра», – деді», – деп айтқан. Алла елшісі (с.а.с.): «Сонда мен: «Раббыма қайтып бара беріп, Одан ұялдым», – дедім», – деген (162/259).
материал «Муслимнің сахих хадистер жинағы» кітабынан алынды,
ummet.kz