14
Жексенбі,
Желтоқсан

һижри

Құран мен сүннеттегі әйел бейнесі

Құран мен сүннеттегі әйел бейнесі

Ислам тарихы

Тарих адамдар арқылы қалыптасады. Олардың істері, ақылы, қоршаған ортаға бейімделуі, тіпті мінез-құлқы тарихи үдерісті анықтайтын фактор болмақ. Демек, кешегінің, бүгіннің, болашақтың бастауында әйелдер тұр.

Қасиетті Құранда «Әй, адам баласы! ... бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» делінген емес пе? Ендеше Құран мен сүннетке негізделген әйел ұғымына көз жүгіртіп өтейік. Ислам дінінің тарихы араб елінен бастау алады. Исламға дейінгі араб жерінде әйел еркектердің жеке меншігі іспеттес болған. Әйелдердің жағдайы адам төзгісіз төмен еді. Мысалы, жесірлер мұраның бір бөлігі саналса, ал мұрагер оны әйелдікке алуға немесе сатып жіберуге құқылы болатын. Тіпті қыз баланың дүниеге келуін бақытсыздық деп санап, өздерінің пұттарына құрбандыққа шалып отырған, тәрбиелеп әуреге түспеу үшін тірілей көмуге дейін барған. Осындай қиын заманда қалыптасқан жүйеге тыйым салып, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға әділдік пен теңдік дінін әкеліп, әйелдерге заңды өз құқығын үйреткен. Ислам діні еркектердің өз әйелдеріне деген шексіз билігі мен жасаған озбырлығынан айырып, нәзік жандыларға өздеріне тиесілі құқығы мен міндетін үйретіп, шариғат шеңберінде бостандық берген.

Ислам – әділдік туын көтере отырып, ер мен әйел арасындағы теңдікті жариялады. Әйелге рухани тұрғыда еркекпен бірдей деңгейде қарады. Физиологиялық тұрғыда ер мен әйел арасында айырмашылық бар. Бұған қарсы дау айтылары да сөзсіз. Егерде, ер мен әйел теңдей жаратылыс иелері болса, атқаратын міндеттері бірдей болғанда, оларды "ер және әйел" деп атаудың да керегі болмас еді. Олар қарама-қайшы бола тұра бір бүтін. Адамзат дамуының қайнар көзі болып отырған осы қарама-қарсылық. Исламдағы әйел бейнесі - махаббат пен қуаныштың символы.

Қасиетті кітапта әйел құндылықтарын қамтитын «Ниса» сүресі болса, Иса пайғамбардың (алейһи сәлам) анасының құрметіне «Мәриям» деп аталатын сүре бар. «Бақара», «Мумтахина», «Нұр», «Талақ», «Ахзаб», «Тахрим» сүрелерінде де нәзік жандыларға қатысты айтылған. Бұл сүрелерде қоғамның тыныс-тіршілігі мен болмыс бітіміне әйелдерді де қоса қарастырып, дүниедегі қисық қабырғалардың орны мен құқық, міндеттерін ешқандай ауыртпалықсыз нәзік болмысына сай белгіленген. Демек, әйелдің қоғам мен отбасы, неке қатынасы, жұмыс орны мен ғибадат жасаудағы міндет пен құқықтары Құран Кәрімде өз шешімін тапқан. Дін тарихында көптеген өзгерістер жүріп, хикаялар орын алды. Құран беттерін ақтарып, Пайғамбар сүннетінімен танысқан сәттен бастап, осы кезге дейін әйел адамдарды әр қырынан көреміз. Ең алдымен күллі адамзаттың анасы Хауа анамызға тоқтайық. Адам (алейһи сәлам) жұбайы. Өте көрікті болған. Жәннатта тыныш ғұмыр сүріп жатқан жерлерінен Ібілістің азғыруына түскен Хауа анамыз тыйым салынған жемістен ауыз тиіп, Адам атаны да (алейһи сәлам) үгіттеп көндіреді. Ақыр соңында күнәларына кешірім табу үшін жер бетіне түсіріледі. Әйел бойындағы қасиеттер қанша ғасырлар өтсе де сақталған. Күнімізде де әйелдің ықпалымен тура жолдан тайып немесе тура жолға келіп жатқандар жетерлік. Бұл жерде Ібіліс әйелдің әлсіз жерін біліп, һауасын көтеріп, ақылын тұмшалап, эмоция тудыру арқылы өз дегеніне көндірді. Алла бізге сана берді, ендеше шешім қабылдар алдында нәпсінің жетегіне еріп кетпей, болған оқиғадан өнеге алайық. Құранда аты аталған – Мәриям ана.

Қасиетті кітаптың «Али Имран» 35-аятында Мариям ананың шешесі жайлы оқиға келеді. Бұл хикаядан түйгеніміз: ол кісінің анасы өте діндар болған. Сол замандағы қалыптасқан әдет бойынша халық Раббыларына жақындау мақсатында ұлдарын мешітке қызметке беретін. Ол бойына біткен сәбиді Ақса мешітіне нәзір етіп қояды. Уақыт өтіп дүниеге қыз келеді. Анасы оны "Мәриям" деп атайды, әрі Раббысынан оны сақтауын дұға етеді. Осылайша Алла Имранқызы Мәриямды мүміндер үшін үлгі қылады. Мәриям анамыз абыройын сақтаған, Раббысының сөздерін растаушылардың әрі оған бойұсынушылардың бірегейі болды. Әлемдегі ең құрметті әйелдерден болған анамызға Жәбірейілдің (алейһи сәлам) тарапынан кеудесіне үрленген дем жатырға еніп, анамыздың бойына бала бітеді. Мезгілі жақындаған сайын Мәриям айналасындағы адамдарға не айтарын білмей сасады. Тіпті толғатып жатып «адамдар бұған не айтар екен?» деп арын ойлай береді. Әрине, мүмін әйел үшін Абай атамыз айтқандай «жаны – арының садақасы» еді. Жан азабы мен тән азабын қатар сезген анамыз ұлы пайғамбарлардың бірі Исаны (алейһи сәлам) дүниеге алып келеді. Дана әйелдердің бірі болған Мәриям Исаны жалғыз өсіреді. Әрдайым жанынан табылып, демеу болады. Ол өмірінің соңына дейін Раббысына құлшылық етіп, қияметке дейін әлем әйелдеріне үлгі болу нәсіп болған, Құранда аты аталған жалғыз әйел еді. Біздің заманда Мәриям анамыздай дара әйел табу мүмкін емес. Анамыздың бойындағы қайсарлық, сабырлық, тақуалық, жанкештілік, тәуекел мен көркем мінез бүгінгі аруларымызға жетпейді. Бірақ өмір жолын білімге арнап, арларын сақтап жүрген аруларымызда жоқ емес. Мәриям ананың басына келген қиындық бүгінде сәбиін жалғыз тәрбиелеп отырған аналарымызға мотивация десек те болады.

Адамзат тарихындағы ұлы пайғамбарлардың атасы болған Ибраһимнің жары – Сара анамыз. Он алты жасында Пайғамбарға тұрмысқа шығады. Адамзат тарихындағы ең сұлу әйелдердің бірі болған Сара көз тұнар сұлулығымен ерекшеленген. Тарих беттерінде одан әдемі ешкім болмағаны айтылады. Сара Пайғамбарымызға иман келтіріп қана қоймай оның дана кеңесшісі бола білді. Сара ананың арлылық пен намысшылдығын ашып көрсеткен хикая Мысырда орын алған. Мысыр патшасының қатыгездігіне тез әрі лайықты жауап тауып, Раббысынан көмек тіледі. Өзін әрі Пайғамбарымыздың өлімнен аман қалуына себепкер болады. Қиын жағдайда Алладан тілеген дұғасы арқылы біз оның иман кемелдігін байқаймыз. Раббымыз осы оқиға арқылы керемет бір мұғжиза көрсеткеніне де куә боламыз. Мән беріп оқысақ өзінің иманы мен ар-намысына байланысты көмек күткен әйелдің дұғасы Алла тарапынан лезде қабыл болған.

Сондай-ақ күйеуіннің қадірін біліп, оны сыйлайтын мүмін әйел жолдасының әке сезім сезінуін қалап, оған күңі Ажармен некеге тұруына келісім береді. Жолдасы қиын жағдайға түскенде оны қолдап, жауапкершілікті ала білуі – көрегенділік. Бұл оқиға өмірде кішігірім қиындыққа төзе алмай, өмірлік жолдасын тастап, жеңіл жолды іздеп, өзгеге кетіп қалатын нәзік жандыларға ескерту мен сабақ болары сөзсіз.

Хазірет Ажар. Ибраһим пайғамбардың екінші әйелі әрі Исмайылды (алейһи сәлам) дүниеге әкелген қайсар ана. Көптен күткен ұлы дүниеге келегенде, Пайғамбар қуанышы қойнына сыймай Аллаға шүкір етті. Сара да қуанышына ортақтасты. Бірақ көп ұзамай қызғаныш сезімі оның қуанышын ұзаққа создырмады. Жараға айналған мұңың Ибраһимге жайып салады. Ерінің бала сүйгеніне қуанышты екенін, бірақ оларды көрген сайын ана бола алмайтындығы жанына батып, жүрегі сыздайтынын жеткізеді. Әрине бұл да бір сынақ еді. Ажар мен Исмайыл көз алдында жүрсе сабырлық таныта алмайтындығын жеткізіп оларды алыс жерге апарып тастауын өтінеді. Дәл сол сәтте Алла тарапынан уахи келіп, Сараның өтініші орындалуын бұйырады. Бұл оқиғаның хикметі Исмайылдың (алейһи сәлам) Меккеде ер жетуінде еді. Өзінің қайсарлығы мен Раббысына деген тәуекелділігімен Ислам тарихында үлкен рөл алатын – Ажар ана. Ибраһим (алейһи сәлам) ұлы мен Ажарды қаңыраған шөлге тастаған кезде Алланың бұйрығы екенін түсінген анамыз "егер біз Алланың әміріне бойұсынған күйде, өзі көрсеткен тура жолда болсақ, бізді адасудан сақтайды, құрмет пен абырой тек тура жол арқылы келеді" деп өзін жігерлендірген. Осы тұста Ажар анадан Алланың әміріне еш күмәнсіз бойұсыну керектігін көрсететін мәңгілік тәлім қалған. Ибраһим (алейһи сәлам) кетіп, анамыз тәуекел етіп сол жерде қалады. Азығы таусылып, шөл қысып, сүті тартылып шарасыз күйге де түседі. Сол уақытта шарасыз күйде Сафа мен Маруа тауларынның арасында жүгіре азық іздейді. Аталмыш іс-әрекет бүгінгі таңда қажылық рәсімдерінің бірі боп бекітлген.

Бұл оқиға – бізге тәрбие әрі ескерту. Еріне ақылшы болу, қиын сәтте қолдау, қайғысы мен қуанышына ортақтасу, тіпті ерлі-зайыптылар арасында әңгіменің ашық айтылуы да баяндалған. Уайымымен бөлісіп, мәселені шешуге көмек беру қазіргі жұбайларға жетіспейтін, күніміздегі психология ғалымдарының көп айтатын кеңесі. 

Әсия Музахимқызы. Залым Перғауынның мұсылман әйелі. Құрандағы «Алла мүміндер үшін перғауынның әйелін мысалға келтірді» деген аятта Әсия анамыз меңзелген. Мұхаммед (саллалаһу алейһи уа саләм) атаған жоғары дәрежелі төрт әйелдің бірі. Жақындарын азаптан құтқарамын деп Перғауынға тұрмысқа шығуға келіседі. Мұса (алейһи саләм) шақырған таухид дінге ереді. Перғауынды құдай деп мойындамайды. Құранда "Тахрим" сүресінің 11-аятында «Раббым! Маған жәннатта Өз қасыңнан бір үй тұрғызып бер. Сондай-ақ перғауын мен ... қауымнан құтқара гөр!» деп дұға еткені бізге жеткен. Әсия анамыздың өмірі діндегі табандылықты баян етеді.

Аюб пайғамбардың (алейһи саләм) жанашыр әйелі. Пайғамбар өз заманында дәулетті, үлкен шаңырақ иесі болатын. Алла тарапынан келген сынақтан бір күнде бар дүниесі мен отбасынан айырылады. Үлкен бір ауруға шалдығады. Барлық туғаны мен жолдастары теріс айналады. Осындай ауыр жағдайда жанында тек жұбайы қалады. Күндер өткен сайын жағдайлары төмендеп, ішер ас пен киер киім таба алмайтындай хәлге жетеді. Күйбең тіршіліктің ауырлығынан шаршаған әйелі бірде Аюбқа "Сен пайғамбар емессің бе? Бұл жоқшылықтан арылу үшін Раббыңа дұға етіп, сұрамайсын ба?" дегенде, дана пайғамбарымыз "Біз тоқшылық пен берекеде 70 жыл өмір сүрдік. Сол жылдар өтпей мен қалай оған дұға ете аламын" деп жауап қайтарады. Бұдан кейін анамыз әйелдік нәзіктігіне қарамастан, сабырлық танытып бағады. Күйеуінің көңіліне қаяу түсірмеуді қалайды. Жаратушысының қалауымен сырқатынан айығып, дүниесінің орны толады, отбасына береке келеді. Әйелі танытқан шыдамдылығы үшін сый-сыяпатқа бөленеді. Жоқшылық, ауруға сабырлық таныту, күйеуге деген құрмет - мұсылман әйелдерінің Аюб пайғамбардың жұбайынан үйренетін қасиеті.

Біз атап өткен аналар – хақ дін жолында еңбек етіп, Пайғамбарларымызға қолдау болып, кездескен қиындықтарға төзімділік танытқан, діннің кемелдігі мен мүмін әйел болмысын суреттеп берген дара жандар. Өмір сүрген заманымен әйелдік болмысына сай қателіктер жіберсе де, тәубелеріне келіп, Раббысының мейірімінен үміт үзбеген. Әрбір ананың өзіне сай ерекшелігі мен басқалардан ажыратып алатын парасаттылықтары бар. Бірақ оларды бір жолға тоғыстырып барша мұсылман әлеміне «ана» деп дәрежесін көтерген дін жолындағы төзімділіктері еді.

Тарих беттеріне үңілсек, "жанашыр жар, төзімді ананың" бейнесімен қатар күйеуіне қарсы тұрып, өз бірбеткейлігімен танылған пайғамбар әйелдері де кездеседі. Құранда «Алла Нұх пен Лұт әйелін дінсіздерге мысал етті ... Екеуі оларға қиянат жасады» деген аят бар. Бұл жердегі қиянат сөзін тәпсірші ғалымдар "өзі дінсіз болғанымен қатар ұрпағын дінсіз еткені" деп талдайды. Демек, әйелдің еріне жасаған ең үлкен қиянаты ұрпағын дінсіз етіп тәрбиелеу деп пайымдауға болады. Кейбір тәпсір ғалымдары Нұх және Лұт жұбайлары "олар кәпір болатын" десе, енді бірі "олар күнәһар еді" деп келтіріледі. Бұған себеп - Нұхтың (алейһи саләм) жұбайы өз күйеуі жайлы "Ол – жынды" деп, кәпірлерге жақтасып, Нұхты аяғынан талай мәрте шалуға тырысқаны. Лұттың (алейһи саләм) әйелі келген қонақтар жайлы елге жайып салатын. Демек, "ол екеуінің қиянаты сөз тасу мен өсек еді" деп келтіріледі.

Бұл жерде түйетініміз – пайғамбарлардың жұбайы болса да, Аллаға қарсы шыққан кез келген адам ақыреттегі азаптан құтылмайтындығы. Яғни, пайғамбардың жұбайы немесе отбасы, туысы болсын ақыретте оларға жеңілдік болмайды. Әркім өзі үшін жеке жауап береді. Арада туыстық қатынас бар деп шайтани ойға алданып қалудан сақтану керек.

материал «Исламдағы әйел» кітабынан алынды,

ummet.kz 

Бөлісу: