«Енді қайтып Құранды ести алмайтын болдым...» Бұл – бір кісінің саңырау болғанын білген кезде жазған алғашқы сөздері еді.
Дәрігерлер нақты диагнозын қойып, себебін табу үшін өзара медициналық талқылау жасаса да, әлгі кісі кеселге жолығу себебін өздігінше: «Құлаққа шүкіршілік етуді ұмытып кеттім», - деп түсіндіріп береді. Шүкіршілік етуді ұмыттым. Қаншама рет шақырылған азанды елемей, құлағымнан өткізіп жібердім. Құлағымның дабылын соққан Жаратушының хабарламасына бағынбадым. Шүкіршілік етуді ұмыттым. Ғайбат пен өсектен ләззат алып, еш жалықпастан бос сөз айтылатын жерде мастықпен отыра бергендіктен, Алланың нығметінен құр қалдым. Шүкіршілік етуді ұмыттым. Адамдарды мазақ қылып күлгендіктен, құлағым менен бұрын ұялып, кереңдікті пана қылды.
Мен қазір кереңдігім себепті өтірік, өсек, айғайшуға толы өмірден баз кештім. Алланың нығметіне сөзбен емес, амал ету арқылы шүкір ету керектігін түсіндім. Құраннан естіген әрбір әріп – шүкіршілік, құлақ салып, тындаған әрбір ғайбат – наразылық. Айтқан әрбір жақсы сөзің – шүкіршілік, әрбір жаман сөзің – наразылық екенін түсін. Еш ауыстыруға келмейтін Құранның ашық аятында былай делінеді: «Егер шүкіршілік етсеңдер, нығметімді арттырамын. Ал, егер жақсылықтың қадірін білмесеңдер, онда азабым расында да тым қатты!» [14:7]
Егер нығметке шүкіршілік танытпаған болсаң, онда сен оған күпірлік қылудасың. Алла тарапынан берілген нығметке жасаған нәшүкірлігің үшін осы дүниеде жазаңды аласың. Бұл дүниеде болмаса, дүниенің кереңділігінен де ауыр болған ақыретте қапы қаласың. Бұл әлемде сені жалықтырып, қалыпты жағдайға айналған әрекеттер жиынтығы бар. Сенің сол бір әдеттегі өмірің саған қиындық туғызып жатса, кейбір кісілерге керісінше қиындықтары әдеттегі жағдайға айналған. Сен үшін болмашы заттар оларға арман. Ал олардың арманын сен жалығып өмір кешудесің. Дүние сынақтары келген кезде сенің аузыңнан шыққан шағымдарға олар үнсіздік танытады. Егер сенің шағымданған сөздерің оларға сыйға берілсе, қуаныштан жарылып, сол сөздерді Алланы мақтау үшін жұмсар еді. Ендеше, күлімде. Өйткені сен ести де, сөйлей де аласың!
материал «Муслимнің сахих хадистер жинағы» кітабынан алынды,
ummet.kz