Жүсіп пайғамбар «разылықты» құлшылық, ал «қанағатты» өмірінің ұстанымы қылған. Сол себепті оның алдында барлық кедергілер мен қиындықтардың тас-талқаны шыққан. Ол өте келбетті, жаны жайдары, ата-анасының жүрегін жаулап, олардың шексіз махаббаты мен мейіріміне бөлінген жас бала еді.
Кенеттен, барлық жылулықтан айырылып, жапан даладағы құдыққа тасталып, жалғыз қалады. Біраз уақыттан кейін сол маңайдан өткен керуен оны құдықтан шығарып алып, Азиз атты кісінің үйіне құл ретінде сатады. Сол үйде әйелдердің бүлігіне ұшырап, жалаға ұрынып, түбі түрмеге түседі.
Осы жайттардың бәрі адамның сағын сындыруға жеткілікті тұғын. Өз бауырлары алдап, өмірін күйрететіндей Жүсіп пайғамбардың қандай кінәсі бар еді? Жалған жала тағылатындай ол не істеп қойды?
Дегенмен, басынан өткізген барлық қиындыққа Жүсіп пайғамбар разылық ету арқылы тойтарыс берді. Мырзасының әйелі оны зинаға шақырған сәтте: «Алла сақтасын! Расында, күйеуің – менің қожайыным. Маған пана болып, көп қамқорлық көрсетті. Оған қалайша опасыздық қылмақпын?!», - деп жауап берді. Құдыққа тасталып, құлдыққа сатылып, өмірінің астаң-кестеңі шыққан жас жігіт осының барлығына қарамастан, «маған қамқорлық қылған – қожайыным» дейді. Одан кейін зұлымдық көріп, түрмеге қамалады. Сонда да ешбір налымады, ашуланбады. Керісінше, өзінің елшілік міндетін орындап, түрмедегі адамдарды Алла жолына шақырады: «Уа, менің түрмедегі жолдастарым! Әртүрлі құдайларға табынған жақсы ма, әлде күллі болмысты, құдіретті уысында ұстаған, қаһары күшті, жалғыз Аллаға табынған жақсы ма?». Қиссаның соныңда, қазы атанған кезінде: «Ол расында да мені жарылқап, маған үлкен жақсылық жасады. Мені түрмеден шығарды» - деп шүкіршілік қылды [12:100]. Ол өзінің түрмеге қамалғанын ауыр бір сынақ емес, Алланың жасаған жақсылығы ретінде қабылдаған. Ал біз саусағымызды өзіміз ауыртып алсақ та: «Әй, Аллам! Қай күнәм үшін?!», - деп қапаланамыз.
Жүсіп пайғамбар осылайша разылығын құлшылық етіп, қанағатын өмірлік ұстанымы қылғаны себепті, басынан өткізген барлық ауыртпашылықтан тек қана жақсылық іздейтін болған.
Разылық құлшылығы дегеніміз – қандай жағдай болмасын, шүкіршілік етіп, қадірін біліп, барлығына ие болуға лайықты екенімізге толықтай сенуіміз. Қандай қиындық болмасын, біз – есепсіз нығметтердің иесіміз. Разылық құлшылығы арқылы күнде көріп, көз үйреніп кеткен, біз байқамай жүрген нығметтерге деген көзқарасымызды өзгертуіміз қажет. Әр таңымызды жаңарып отыратын нығметтер сәті ретінде қарсы алып, қолдағы барға риза болуымыз керек. Шүкіршілік пен разы болу бізді ешқашан кедей қылмайды. Разылық құлшылығы – бойымызды шайтан билеп, барлығына шағымдануға итермелеген кезде, өзімізді ұстап, үнсіздікке тоқтау.
Разылық құлшылығы – Құдіретті Аллаға тәуекел етуді үйреніп, жағымсыз жағдайларға энергия мен уақытымызды құртып, ренжудің орнына, оны өзгертуге тырысу.
Разылық құлшылығы – еш өкпесіз, наразылық айтпай, қазіргі жағдайымызға рахаттанып, алға қойған мақсаттар үшін жоспар құрып, соған сай табанды түрде жұмыс жасау. Разылық құлшылығы – өткенді өзгерте алмайтынымызды, алайда оған деген көзқарасымызды өзгерту өз қолымызда екенін түсіну.
Разылық құлшылығы – Алла мен оның Елшісі жақсы көрген ұлы құлшылық. Айша (Алла оған разы болсын) былай деді: «Бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маған келгенде жерде жатқан нанның үзімін көрді. Ол оны көтеріп, сүртіп, содан кейін жеп: «Айша, Алланың берген жақсылықтарына құрметпен қара. Егер олар халықты тастап кетсе, ешқашан қайта оралмайды» (Ибн Мәжә риуаяты).
материал Аслан Орақбайдың «Хәл» кітабынан алынды,
ummet.kz