07
Жексенбі,
Желтоқсан

һижри

Дінге шақыруда Пайғамбар (с.ғ.с) мен сахабалардың табандылығы

Дінге шақыруда Пайғамбар (с.ғ.с) мен сахабалардың табандылығы

Ислам тарихы

Бірде Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Мәдинадан Худайбияға аттанады. Сол мезетте Бүдәйл ибн Уәрқа деген адам да Хузаға тайпасынан бір топпен жолға шығады. Хузағалықтар Мекке маңын қоныстанған Тихама тайпаларының арасындағы Расулаллаһтың өзіне жақын тартқан адамдары болатын.

Бүдәйл Расулаллаға: «Мен Меккенің Кағыб ибн Луәй және Амр ибн Луәй тайпаларының Худайбия маңында боталы түйелерімен бірге тоқтағанын көрдім. Олар сенімен соғысады. Олар сенің бәйтуллаһты зиярат етуіңе кедергі болып жүрмесін», – дейді. Сонда Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай дейді: «Біз біреумен соғысуға емес, тек ұмра жасауға келдік. Қанша зиян тартса соғысу Құрайыштардың қанына сіңіп қалған сияқты. Егер қаласа, мен олармен бейбіт келісімге келемін, өздеріне уақыт беремін, олар мені мен өзгелердің арасына килікпейтін болады. Егер мен басқаларды жеңсем, Құрайыштар солармен жасайтын бейбіт келісіміме өз еріктерімен қосыла алады. Егер мен жеңіліс тапсам, Құрайыштар менімен соғысу машақатынан құтылады. Егер Құрайыштар бұл ұсынысыма қарсылық білдірсе, Хақ Тағалаға ант етемін, осы ісім үшін қасық қаным қалғанша олармен күресемін. Маған жүктеген іске қатысты уәдесін Алла міндетті түрде орындайды».

Пайғамбарымыз былай дейді: «Құрайыштардың жағдайы қандай аянышты! Соғысқұмарлық олардың түбіне жетеді. Осыншалықты қасарысатындай не көрінді? Әттең, арадан шегініп мені басқа тайпамен бетпе-бет қалдырғанда ғой!.. Басқалары мені жеңетін болса, олар соғыссыз-ақ ойындағысын асырар еді. Егер Алла менің мерейімді олардан үстем етсе, адамдар топ-тобымен Исламға кіреді. Кірмесе, соғысты жалғастырады. Құрайыштың ойлағаны не? Ант етемін, не Хақ тағала осы Ислам жолында мені жеңіске жеткізгенге дейін олармен күресемін, не болмаса шыбын жанымды қиямын».

Хайбар бекінісін алу ұзаққа созылып кетеді. Міне, осы кезде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ертең туды бір адамға беремін, Алла соның себепкерлігімен жеңіске жеткізеді. Ол Алла мен расулын жақсы көреді, Алла мен расулы да оны жақсы көреді», – деді. Әркім тудың кімге берілетінін өзінше жорамалдап, сол түнді елегізумен өткізеді. Олардың барлығы тудың өзіне берілетініне үміт артады. Таңертең Пайғамбарымыз олардан: «Али қайда?» – деп сұрайды. Сахабалар: «Али көзінен жарақат алып қалды», – дейді. Пайғамбарымыз: «Оған хабаршы жіберіңдер», – дейді. Али келген соң, пайғамбар оның көзіне мүбәрак түкірігінен жағып, дұға оқиды. Сол-ақ екен, Алидің көзінде жарақаттан із де қалмай құлан-таза жазылып кетеді. Пайғамбарымыз туды соған тапсырады. Сонда Али: «Уа, Расулалла! Хайбар яһудилерімен мұсылмандықты қабылдатқанға дейін соғысамын» дейді. Расулалла (с.а.с.): «Уа, Али! Хайбарлықтардың жеріне кіріп ордаңды құрғанға дейін асығыс әрекетке барма. Әуелі оларды Исламға шақыр. Аллаға ант етемін, сенің арқаңда Аллаһтың бір адамды тура жолға салуы көптеген күрең түйеңнің болғанынан әлдеқайда артық», – дейді.

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Иранның сол кездегі үлкен қалаларының бірі болған Түстәрді бағындыру кезінде Әбу Мұса әл-Әшғари (р.а.) мені Омарға (р.а.) жіберді. Ол кезде Бәкір ибн Уәил тайпасынан алты адам діннен шығып, мүшріктерге қосылған еді. Омар (р.а.) маған: «Бәкір ибн Уаил тайпасында діннен шыққан сол топ туралы не білесің?» – деді. «Исламнан шығып, мүшріктерге қосылған бұл топты өлтіруден басқа шара жоқ», – дедім мен. Омар (р.а.): «Әуелі, әрбіріне таңдау еркін бергенің күн нұрына жарқыраған алтын мен күмістен де артық», – деді. «Ей, мүміндердің әміршісі! Ұстасаң, оларды не істер едің?» – деп сұрадым. «Шыққан есіктерінен қайта кіруін ұсынар едім. Егер тәубеге келетін болса, олардың бұл қадамына құт тілеп, баянды болуына дұға етер едім. Кері жағдайда бәрін тұтқындаймын», – деді ол. (Бәйхақи, Сүнән 8/207 (16665).

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: