Біз бен бізден бұрын өткен ізгі жандардың айырмашылығы неде?
Олар аз сөйлеп, көп амал жасайтын. Ал біз, өкінішке қарай, көп сөйлеп, аз амал етеміз. Кейде бір жиынға барғанда ішімнен: «Маған уағыз айттырмаса екен…» деп ойлап қаламын. Себебі насихат айту – үлкен жауапкершілік. Иә, егер ниет дұрыс болса, шариғатта адам істемеген амал жайында айтуға тыйым салынбайды. Өйткені насихат – ескерту, аманат. Бірақ сонымен бірге, айтқан сөзіміз күндердің күні өзімізге сынақ болып келіп, амал ете алмай қалуымыз мүмкін.
Міне, осындай сәтте Алла Тағаланың мына аяттары еске түседі: «Ей, иман келтіргендер! Неге өздерің істемейтін нәрселерді айтасыңдар? Істемейтін нәрсені айту – Алланың алдында зор жеккөрінішті іс». Ойланшы: әрбір сөзіміз ертең амал дәптерімізде жазулы тұрмақ. Айтқан әрбір насихатымыз, әрбір уәдеміз Алланың алдында бізге оқытылып, сұралмақ. Сондықтан сөзімізді салмақтап, алдымен өзіміз амал етіп, содан кейін насихат айтуға тырысқанымыз абзал. Алла тағала айтқан сөзімізді амалға айналдыруға күшқуат берсін!
материал Нұрбол Рахматилланың «Стамбулдағы тәфәккур» кітабынан алынды,
ummet.kz