Қиямет күні барлық жаратылыстардың алдына әкелініп, Алланың алдында есепке тартыласың. Сол кезде жақсы көрген адамдарыңнан қашасың.
«Құтылуым үшін бір құрбан шалып қалғанымда ғой!» деп армандайсың. Алдыңа амалдарың жазылған тоқсан тоғыз парақ әкелінеді. Әрбір парақтың ұзындығы көз жетпестей болады. Таразыңдағы жамандықтарың ауыр басып жатқанын көргенде жүзің қарайып, «құрдымға кеттім» деп ойлайсың.
Сол кезде саған Мейірбан Алла: «Осыларды жоққа шығаратын бір нәрсең бар ма?» деп сұрайды. Сен: «Жоқ, Раббым» деп тіл қатасың.
Жомарт Алла саған: «Менің амал жазушы періштелерім саған зұлымдық жасап, бір нәрсе болсын дұрыс жазбай қалды ма?» деп сұрайды. Сен: «Жоқ, Раббым» дейсің. Даңқты Алла сол кезде: «Сенің біз жазбай қалған жақсылығың бар ма?» деп сұрайды. Сен: «Жоқ, Раббым» деп жауап бересің.
Жаббар Алла: «Әлбетте бар, бүгін бізде сен үшін жақсылық бар» деп жауап береді.
Сөйтіп, саған кішкентай парақша беріледі. Сен сол сәтте өзіңнің жамандыққа толы парақтарыңа үңіліп, мына кішкентай парақшаның ешбір пайдасы жоқ деп ойлайсың.
Кейін әлгі парақшаны таразының жақсылық табағына қою әмір етіледі. Нәтижесінде жақсылықтарың ауыр тартып, жамандық таразысынан басым болады.
«Бұл кішкентай парақшаның не құдіреті бар екен?» деп таңғалып, ішіне назар салғаныңда, «Алладан басқа құдай жоқ» деген жазуды көресің. Бұл сенің ғұмырыңда айтқан ең ұлы сөз болатын!
материал «Хәл» кітабынан алынды,
ummet.kz