11
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Шайтан жоспарының бір бөлігі болма

Шайтан жоспарының бір бөлігі болма

Ислам тарихы

Өзіңмен жеке қалып, «Алланың қалауымен өз өміріме толық жауаптымын» деп шешкен сәтіңдеақ мінез-құлқыңдағы, жұмысыңдағы өзгерістерді сезінесің. Сонда өзгелер мен өмірлік жағдаяттарды кінәлап, үнемі шағымдануды доғаратын боласың. Осылайша, «өмірге шағымдану» кезеңінен «өзгеріс» кезеңіне өтіп, өміріңді өзге арнаға бұра бастайсың.

Әйтпесе, өз өміріңнің жауапкершілігін толық мойныңа алмағандықтан, қаншама қарымқатынастарың психологиялық ауыртпалық тудыруын қоймайды. Нәпсіңнің қалауына беріліп, бір жағдайды немесе бір адамды кінәламай тұрып, өзіңнен сұрап көр: бұл мәселеде сенің жауапкершілігің қандай?

Кімнің қателесіп, үйіңнің алдына қоқыс қалдықтарын қойғаны маңызды емес. Маңыздысы: сол қоқыстың саған және көршілеріңе зиян келтіруі мүмкін болғандықтан, енді оны жинауға жауапты адам - сен! Енді күш-қуатыңды ашуға және кек алуға жұмсаудың орнына, қоқысты жинап таста, сонда бұл мәселе толығымен шешіледі.

Саған психологиялық стресс тудыратын адамдарға жақындама, ал егер жақындасаң, шағымданба. Олардан алыс жүр және күш-қуатыңды пайдалы нәрсеге жұмса. Ал, егер қазіргі жұмысыңа көңілің толмай, оған да шыдай алмасаң, анда-мында шағымданумен уақытыңды босқа өткізбе. Жұмыс ыңғайсыздықтарын айтуға сағаттар жұмсағанша, жұмыс ауыстыру үшін бірер сәт әрекет қыл.

Кез келген адам менімен сұхбат құру барысында бір нәрсеге шағымдана бастаса, мен оның осы мәселеге қатысты жауапкершілігін сезініп, не істеу керектігі туралы ойлануы үшін әңгіменің бағытын бұруын өтінемін. Біз, адамдар, шағымды ұнатамыз, бірақ шағымның себебін өзгертуді немесе шешуді ұнатпаймыз.

Алдыңда үлкен өмірлік жоспар болсын: егер жұмыс ауыстырғың келсе, онда қандай компанияда жұмыс істегің келетінін және ондай компанияларда қандай біліктілік пен қабілет қажет екенін қарастыр. Ал, егер өзіңнің жеке ісіңді бастағың келсе, әр қадамыңды аңдап бас. Бұның бәрі жай өміріңе шағымданудан әлдеқайда қайырлы.

Шайтан жоспарының бір бөлігі болма, оның сыбырлап, сені шүкіршіліктен жырақ қалдыруына жол берме. Әрбір амалың – Алланың саған берген сыйы, сондықтан Оған шүкіршілік етіп, мадақ айт. Егер саған бұл сый ұнамаса, Алладан сыпайы түрде оны жақсырақ нәрсемен ауыстыруын сұра!

Тіліңді шағым айтудан сақта, сонда өмірің дұрысталады. Алланың берген нығметтерін жоқ қылып көрсетпе! Әрдайым Аллаға шүкір етуші бол!

материал Аслан Орақбайдың «Хәл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: